Ұстазға тағзым

Ұстазға тағзым

Ұстазға тағзым
ашық дереккөзі
Әр пенде үшін туған ана жер өлшемдеріне сыймайтын ерекше тұлға болса, бейнесі көңіл төрінде ұмытылмастай сақталар ұстаз дидары да соған жете-қабыл.  Аласапыран өмір жолымызда ұмытылған нәрселер көп: дос-дұшпандарымыз, өзіміз білетін-білмейтін күндеушілеріміз, жұмыстастарымыз, тағы да басқа. Тіршіліктің бітпейтін күйкілік тұманына оранып, артқа қарай зымырап, ғайыпқа сіңіп жоғалған сан бейненің ішінде жүзін мұнар шалмайтын елестер ұстазға ғана тән. Өз басым өткен күндерді саралап, жадымдағы ұстаз бейнелерін парақтағанда байқағаным, мен үшін аяулы бейнелер онша көп емес екен. Қарабау селосында бастауыш сыныпта оқытқан Қасымғали ағай сол кездегі бейнесімен көз алдымда әлі тұр.  Миялы селосында жоғарғы сыныптарда оқып жүрген кезімнен, қимас жандардай үш-ақ  бейне есімде қалыпты: орыс әдебиетінен Марат Масатұлы Құрманғазиев, тарихтан  Ғимран Башиев, химиядан  Зәру Шоманова апай. Шәкірттері әрі жақсы көріп, әрі құрметтейтін Зәру апайымыз көрікті, бой-сойы түзу, мейрімді адам болатын. Сыныпқа кірген кезде де, сабақ арасында да «балалар-ау» – деп әркімнің анасындай етене отыратын. Апайдың үлкен қызы Сара біздің сыныпта оқитын. Өз қызынан сабақ сұраған кезде, өзге оқушыларға қарағанда қаталдау болатын. Апайдың сабақ түсіндіру методикасы өзгеше еді. Әрбір тақырыпты кәдуілгі үйішілік әңгімеде отырғандай ежіктей талдап, түгел бала түсініп, меңгергенше өзге тақырыпқа ауыспайтын. Оқушыларға зеку, ұрысу, намысына тиетін сөздер айту, ол кісіде ешқашан болмайтын.  Шәкірттерімен қарым-қатынасында барлық балаға бірдей қарайтын. Ерекше мейірімді  болатын.  Мектеп өмірінде көптеген мұғалімдерде кездесетін, бір баланы жек көріп, екіншісін ерекше жақсы көру сияқты қылықты Зәру апайдан ешқашан байқамаппыз. Ақсары жүзінен нұры төгіліп, әрдайым күліп отыратын.  Сол себепті, мектебімізде химия пәнін сүйіп оқып, терең меңгерген оқушылар өте көп болады. Олардың көпшілігі апайдың жолын қуып, химия пәнімен байланысты мамандықтарды таңдады. Сол уақытта балалықпен парықтай алмасақ та, Зәру апайымыз тек мұғалім емес, «Ұстаз» деп үлкен әріппен жазылатын деңгейге көтерілген адам екен. Апай отбасылық өмірде де: үй ұстау, жар сыйлау, бала тәрбиелеу, бауырына деген мейірім қағидаттарында да елдің алды болыпты. Сыныптасым болған себепті анда-санда Сараны іздеп үйлеріне барғанда, таңқалып шығатынмын. Үйлерінің сырты қысы-жазы әппақ болып әктеліп, аулалары тап-таза, біздің суы қат құмды өлкеде көбіміздің түсімізге кірмейтін  тал-теректер жайқалып өсіп тұратын. Сараның кішкентай інісі Сәкен достарымен ағаш көлеңкесінде ойнап жүретін. Апайдың үйінде өз отбасы: отағасы Тілеген Әубәкіров, қыздары Сара мен Сәуле, ұлы Сәкеннен басқа, апасы Қайыр апай қызы Меруертпен тұратын. Бәрі бір отбасы. Кейін есейген кезде білдік, Зәру апай да өз қатарластары секілді зұлмат заманның барлық теперішін бір кісідей тартқан екен. Қазақ ұлтына жасалған Сталин-голощекиндік геноцидтің кезінде ата-ана, ағайын-туғаны түгел аштан өліп, бір-бірін жетектеген екі кішкентай қыз ғайыптан тірі қалады. Таратып жазса бір романға жүк болар қиын тағдыр иелері ілдебайлап қалаға жетіп, буындары қатпай ауыр жұмыстарға жегіледі. Есін біліп қалған Қайыр апамыз: «Тым болмаса сен оқып, білім ал», – деп сіңлісі Зәруді сол кезде Орал қаласында ашылған педагогикалық институтқа аттандырады. Өзі жұмыс істеп, тапқан-таянғанын сіңлісіне салып тұрады. Оқуын 1938 жылы бітірген Зәру апай Теңіз ауданы, Ботақан мектебіне мұғалім болып кетеді. Сол жылдардан басталған адам санасына нұр құюшы миссиясын 1972 жылы еңбек демалысына шыққанша абыроймен атқарған. Осы жылдардың ішінде ол неше мәрте мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі де болған. Атырау (бұрынғы Гурьев)  облысының Ботақан, Жаңашаруа, Тасшағыл, Қарабау елді мекендеріндегі мектептерде еңбек еткен.  Елде ер-азаматтар қалмаған соғыстың ауыр жылдарында мұғалімдерді шөп шабу, егін ору сияқты жұмыстарға да қоса жеккен. Қайда жүрсе де апасы Қайыр екеуі ажырамайды. Апатты соғыс аяқталып, ел есін жия бастаған кезеңде Тасшағыл мектебінде директорлық қызмет атқаратын Зәру апайдың ұжымына, 1937 жылы осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметінде жүрген кезінде жалған жаламен «Халық жауы» болып сотталып, Колымада он жыл айдауда болған Тілеген Әбубәкіров есімді  математика пәнінің мұғалімі  оралады. 1937 жылы оқуды жаңа бітірген білімді, оқушыларға сүйікті, елге беделді жас жігіттің мектепте жүруі, сол ұжымның директоры Эндіржан Қасымов дегеннің мазасын кетіреді. «Мына жас жігіт орнымды алып қоймасын», – деген күдікпен, одан тезірек құтылуды ойластырады. «Халық жауларын» ұстау   науқаны қызып тұрған кез. Жаңа үйленген, бір жасар баласы бар, еңбек жолын енді бастаған Тілегеннің үстінен пәле-жаланы үйіп-төгіп қауіпсіздік комитетіне хат жазады. Іздегенге – сұраған. Иісшіл иттердей әр жерді тіміскілеп жүрген үш әріптің белсенділері хат қолдарына тиген бойда, жерден жеті қоян тапқандай қуанып, жиырма төрт жастағы Тілегенді бір жасар ұлы Жолдасқалимен қоштасуға мұрша берместен, қарулы күзетпен Гурьев түрмесіне айдайды. Үш тәулік  бойы ас-су бермей, ұрып-соғып, азаптап, он жылға соттап, Колымаға аттандырады. Он жылдық айдау мерзімін бітіріп оралған Тілеген әкеміз Зәру апаймен бас қосады. Өзі жоқта әйелі күтпей, өзге адамға күйеуге тиіп кеткен екен. Жаратушыдан пешенелеріне ұлт тәлімгері болу жазылған екі ұстаз өздері еңбек ететін мектептерін білім сапасы жағынан ауданның ең үздік мектебіне айналдырып, көзге түсе бастайды. Осыны көре алмаған арызқойлар тағы да үш әріп мекемесіне арыз жазып, маза бермейді. Қауіпсіздік комитеті осы арыздарды негіз қылып: «Сібірде айдауда болған адамның өз елінде тұрып, еңбек етуге құқы жоқ», – деген шешім шығарып, Тілеген әкемізді тағы да он жылға Қостанай облысына жер аударады. Зәру апай  қолындағы  бір жасар қызы Сарамен  қала барады. Қырсық шалғанда,  сол жылы  Қайыр апамыздың  күйеуі  де аяқ астынан  бақилық  болып, ол  да жаңа туған қызы Меруертпен қалады. Есін жияр-жимастан  тағы айдауға  кеткен  қосағын жалғыз қалдырғысы келмеген Зәру апай Сарасын құшақтап, артынан кетеді. Екеуі сол елде бір мектепке орналасады. Елде  жаңа туған  баламен  жалғыз  қалған Қайыр  апайды  да алдырады. Қостанай  елінің  дәм-тұзын  татып, екінші  перзенттері Сәулені  сүйеді. Айдау  мерзімі аяқталған  соң, бала-шағаларын, Қайыр апаны  ертіп елге оралады. Тілеген әкеміз  кейінгі  жылдарда  экономистік  қызмет атқарды. Өмірлерін ұлт, ұрпақ тәрбиесіне  арнап,  еш пендеге  қылдай  қиянатсыз өткізіп,  бақи дүниеге  қарғыс емес, алғыс  арқалап  аттанған Тілеген әкеміз бен Зәру  апайымыздың  артында құран бағыштайтын ізгі ұрпақтары бар. Үлкендері   Сара сарғыштау  шашын  жуан қос бұрым  қылып өріп жүретін сыныбымыздағы  ең сұлу қыз еді. Сол кездегі  жасөспірім  ұлдардан  оған «ғашық» болмағаны  кемде-кем. Мектеп бітірген жылы Алматы медицина  институтына түсіп, курстасы, Көкшетаудың ұланы  Сағындықты жолықтырып, тұрмыс құрды. Үш перзенті бар. Апайдың  бір басы он ұлға  татитын  күйеу баласы – Сағындық  Кенжетаев бүкіл Көкшетау  облысына  танымал  азамат. Стамотолог-дәрігер, белгілі    меценат. Сағындық ел-жұртына елеулі болған ата-енесінің есімдері ұмытылмас үшін көптеген шаралар жасауда. Апайдың әлпештеп өсірген үш баласы, Қайыр апаның қызы Меруерт те жоғары білім алды. Ұлы Сәкен өмірден жас кетті. Кісі қолынан қаза тапты. Қыздарының бәрі де балалы-шағалы, бір отбасының тұтқалары. Балалық шақтың санада жазылып қалған суреттерін көз алдыма келтіргенде Зәру апайдың  тек тәлімгер ғана емес, елге тәрбие берер зиялы адам болғанын ұғатындаймын. Қолдан ұйымдастырылып, халықтың үштен екісін қырған ашаршылық нәубеті, одан аман қалғандарын «Халық жауы» деп атып-асу, айдау, іле-шала келген қан-қасап бесжылдық соғыс ұлт санасын түбірімен өзгертіп, дәстүрді жойған кезең еді. Соғыстан соң туған ұрпақтың көргендері: қол-аяғы кеміс, аурулы, кемтар әкелер, көбі соғыстан оралмаған күйеулерін күтіп, мәңгілік жесір қалған аналар, әкесіз жетім балалар. Осындай ауыр кезеңде дәстүр туралы кім ойлайды. Ұлт дәстүріне деген немқұрайдылық жайлап, аяқасты болған заманда да, Зәру апай қазақи әдептің эталоны бола білген. Отбасыларымен қонақтыққа бет алса, Тілеген әкеміз екі жуан бұрымын тастай қылып өрген Сара екеуі алдында, Зәру апай ұлы Сәкенді жетектеп, ерінен төрт-бес қадамдай артта келе жататын. Апайдың сол замандағы «мода» бойынша ерімен иық түйістіріп жүргенін ешқашан көрмеппіз. Ұстаздың әрбір сөйлеген сөзі, киіну мәнері, үлкен-кішіге бір қалыпты жылы жүзді қарым-қатынасы, бала білімін бағалаудағы әділдігі, бәрі де ұға білгенге тұнып тұрған өнеге еді. Алды-артымызды бағамдап-пайымдауға мұршамыз болмай, алты қырдан асып кеткен біздердің (сіздердің де) артымызда шығар есігі бар да, қайта кірер есігі жоқ, қамсыздық-мұңсыздықтың қайта оралмас жасыл мекені қалған. Сатқындық пен зұлымдық, күншілдік пен аярлықтан қорланған кезімізде сол жасыл әлемді тағы бір көргіміз келіп, көзіміз жетер-жетпес алысқа үңілеміз. Ол болса, балалықтың өкініш-қуаныштарымен, алғашқы вальстерімен, сүйікті ұстаздарымен ғарыш кеңістігінде зымыраған планеталардай қайырылмай кете барады. Сол өлкеде біздерді әлпештеп аялап, «Қателік етсек кешірген» қазіргі біздерден жас, күш-қайраттары бойында, бізден кейінгі келген мыңдаған шәкірттердің сағынып іздейтін бейнесіне    айналған: Қасымғали, Марат, Ғимран ағайлар мен Зәру Шоманова апайымыз жүр. Толқын-толқын шәкірттерінің жадында жаңғырып отырар олар жайлы естелік мәңгілік.  Бүгінгі қолға қалам ұстау мақсатымыз – қырық жылдан аса тәлімгерлікпен айналысып, барлық шәкірттерінің жадында қадірлі кейпінде сақталған, көптеген жоғары атақтар мен марапаттарға ие болған Зәру Шоманова апайымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегіне шәкірттік тағзым болатын.  

Оңай ТҰРҒАЛИЕВА,

шәкірті

Алматы қаласы