2022 жылы республика бойынша әкімдіктер 220 млрд теңгені игермеген

17 қаңтар, 2023 / Анель Жарылғасын
ашық дереккөзі
2022 жылы республика бойынша әкімдіктер 220 млрд теңгені игермеген Мақсатты трансферттерді (республикалық бюджеттен тұрақты негізде бөлінетін қаражат) игеруден әкімдіктердің рейтингісі анықталды. Еліміздегі қала және облыс әкімдіктері 220 миллиард теңгеден астам қаржыны игермеген. 2022 жылы Қазақстан экономикасы дағдарыс пен қиын кезеңдерге толы болды. Ел үкіметі жағдайды тұрақтандырып, жақсарту үшін барлық шараларды қолданды. Жергілікті атқарушы органдарға, яғни қала мен облыс әкімдіктеріне арнайы даму бағдарламаларын іске асыру үшін республикалық бюджеттен мақсатты трансферт бөлінеді. Дағдарыс кезінде бұл мақсатты трансферттер аса қажет. Алайда, ресми статистика көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдар бөлінген қаражаттың елеулі бөлігін игермеген. Бұл – мемлекеттік органдардың немқұрайлылығын көрсетеді. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар–қараша айларында әкімдіктерге 2,9 трлн теңге мақсатты трансферт бөлініп, соның ішінде қаражаттың 92,5 пайызы ғана игерілген. Бір қарағанда, бұл соншалықты үлкен кемшілік емес, бірақ игерілмеген сома 220,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұл – қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған өте қомақты қаржы. Оның 15,8 млрд теңгесі ғана бюджеттік үнемдеу болса, қалған 204,8 млрд теңге игерілмей қалған сома деп есептеледі. Бұл қаражат қалалар мен облыстардың игілігіне жұмсалуы тиіс еді. Finprom.kz ұжымы қолда бар деректерге сүйене отырып, мақсатты трансферттерді игеру бойынша ел аймақтарының рейтингін жасады. Көш бастап тұрған Қызылорда (99,2%) және Қостанай (99%.) облыстары. Үздік үштікке республикалық маңызы бар Шымкент (98,6%)  қаласы да енді. Жалпы, еліміздің 9 өңірінде мақсатты трансферттердің игерілуі 95 пайыздан асты. Қалған 5 өңірде қаражаттың игерілуі өз кезегінде 90 пайыздан 95 пайызға дейін өзгерсе, ал 6 облыста 90 пайыздан төмен. Ең төменгі орында – Астана қаласы. Мұнда мақсатты трансферттердің орындалуы небәрі 68 пайызды құрады. Игерілмеген сома 61,2 млрд теңге. Оның 879,4 млн теңгесі үнемдеуге жатса, 60,3 млрд теңге игерілмеген. Сондай-ақ Маңғыстау (83,7%) және Батыс Қазақстан (84,2%.) облысы да ең төменгі көрсеткішті көрсетті. Төменде аутсайдер әкімдіктердің мақсатты трансферттерді игермеген параметрлері көрсетілген кестені ұсынамыз.