Сапарбаев ауыл әкімдерін ақпа құлақ деп айыптады

Сапарбаев ауыл әкімдерін ақпа құлақ деп айыптады

Сапарбаев ауыл әкімдерін ақпа құлақ деп айыптады
ашық дереккөзі

Үкімет отырысынан кейін облыс активін жинаған Бердібек Сапарбаев өңірдегі ауыл әкімдерін мақтамен бауыздады. Облыс басшысының әкімдерге қандай тапсырма бергенін NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі хабарлады.

Облыс әкімі аудан, ауыл әкімдері, департамент бастықтары, мектеп директорларына орындалуға тиіс тапсырмаларды жүктеді. Өткен жылды қорытындылап, 2017 жылы атқарылатын міндеттерді тізбелеген. Әлеуметтік, экономикалық мәселелерді талқылап, ешқандай мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істей алмай отырған ауыл әкімдерін орындарынан тұрғызды. Өздерін хан тағында отырғандай сезініп, халықтың сөзін тыңдамайтын әкімдерді «ақпа құлаққа» теңеді.

«Ауылдың әкімдері жұмыс жасау керек. Мен ауылдың әкімдеріне тапсырма бердім. Бірақ, ауданның әкімдері де сол тапсырманың орындалуын ауыл әкімдерінен сұрамайды. Егер әрбір ауылдың әкімі өзіне берілген міндетті дұрыс атқаратын болса, көп нәрсені шешуге болады. Өкінішке орай, кейбір ауыл әкімдері сұлтан, хан болған. Ешкіммен сөйлеспейді. Келген адамға «шаршаттың, неге келесің?» деп қабылдамайды. Айналайын, сен сол үшін әкім болып отырсың, сол үшін мемлекеттің қызметкері болып жүрсің. Бір де бір жоба жасамаған аудандар бар. Масқара, ұят! Аудан әкімдері түк білмегендей болып отыр. Қатты айтқанда, бір құлақтарынан кіріп, бір құлақтарынан шығады» ,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Елбасы тапсырмасы жіктеліп айтылған жиында қалғып отырған әкімдерді облыс әкімінің өзі көріп, көңілі қалды. «Екі алақан, бір бет» болып, қайда келгендерін түсінбей отырған «бадырақ көздер» де сөз естіді.

«Мен қарап отырмын, көп ауылдың әкімдері ұйықтап отыр. Ұйықтап отырған әкімдер орнынан кету керек. Қазір баяғы заман емес, жұмысқа сағат 9-да келіп, 6-да қайтып, ұйықтап отыратын уақыт емес. Қазір билікте жұмыс жасайтындар, халықтың жағдайын ойлайтындар отыру керек. Жігіттер, қыздар, бірдеңені түртіп жазып отырыңыздар. Ертең айтылған ұсыныс біздің ауылда бар ма, жоқ па деп қарауға керек. Жоқ болса, «Оны мен неге жасамаймын» деп ізденіңіздер. Байқаймын, көбісі басқа біреуді ойлап отыр. Қазір кешкілік қайда барам, қалай қайтамын деген сияқты. Тыңдап жазып отыру керек», - деді облыс әкімі.Сапарбаевтың сынынан саспаған кейбір әкімдер «Сыныңыз дұрыс, жасалатын болады» деп тағы да уәде берумен тарқасты.