Жаңалықтар

Бизнестегі өзекті мәселелерді «AMANAT» партиясы басты назарда ұстайды

ашық дереккөзі

Бизнестегі өзекті мәселелерді «AMANAT» партиясы басты назарда ұстайды

«AMANAT» партиясы жанындағы кеңестердің көшпелі отырыстары жалғасуда. Жақында Алматыда Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелерінің оңтүстік астананың бизнес-қоғамдастығымен кездесуі өтті. Қалалық кәсіпкерлер фискалдық саясат, инфляцияның өсуі және мемлекеттік қолдаудың жоқтығы мәселелеріне назар аударып отыр. «Qaganat» асханалар желісінің басшысы Шынар Бұғымбаеваның айтуынша, екінші деңгейдегі банктерде несие беру рәсімі негізсіз ұзаққа созылады. Ол салық салу мәселелеріне де жеке тоқталды. «Қазіргі уақытта сыртқы көрнекі жарнаманы орналастыру құны айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне байланысты есептеледі. Яғни, соның кесірінен кейінгі 10 жылда сыртқы жарнама құны 2,5 есе өсті. Бұл, бір жағынан, инфляцияға да әсер етеді. Сонымен қатар, өндірушілердің жарнамаға деген қызығушылығы төмендейді. Қазір жарнама ілінетін көп құрылым бос тұр. Пандемиядан кейінгі дағдарыстан шығу кезеңінде отандық өндірушілер үшін жарнама тарифінен өндірілетін мөлшерлемеге белгілі бір жеңілдік немесе уақытша мораторий қарастырылса жақсы болар еді», – деді ол. Осы күні мәжілісмен Алматының индустриялық аймағында болды. Ол мегаполисте 10 жылдан астам уақыт бұрын құрылған бұл аймақтың осы жылдар ішінде тек қаланың ғана емес, жалпы еліміздің экономикасының дамуына зор үлес қосқанын атап өтті. «Алматының индустриялық аймағы – шағын және орта бизнесті қолдауға арналған ұтымды экономикалық жоба. Оны құруға 30 миллиард теңге жұмсалды. Ондағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бұл қаражатты салық ретінде қазынаға қайтарды. Алдағы уақытта индустриялық аймақтың жұмысын қолдап, саладағы кемшіліктерді жою қажет», – деді Аманжан Жамалов. Аманаттықтардың айтуынша, айтылған барлық мәселе мен оны шешу бойынша ұсыныстар мұқият қаралатын болады. Бұл жұмысқа тиісті құзыретті мемлекеттік органдар тартылады.