Шымкентте бастырманың шатыры құлап, көлікті басып қалды
Шымкентте қалың қарды көтере алмаған бастырманың шатыры құлап, көлікті басып қалды, - деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға бүгін Солтүстік - Батыс шағынауданындағы Өркенді көшесі бойында орналасқан жер үйде болған. Аулада орналасқан бастырманың шатыры қалың қарды көтере алмай құлап, астында тұрған Lexus автокөлігін басып қалды. Оқиға орнына барған жедел-құтқару жасағының сарбаздары арнайы гидравликалық құралды қолдана отырып, автокөлікті үйіндінің астынан алып шықты.
Бүгін күннің жылуынан Шымкенттегі қалың қар еріп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға үй іргесінде жүрмеу керектігін ескертуде. Себебі, төбеден мұз бен қар құлап, жазатайым оқиға болуы ықтимал.
«Қала аумағында 26 см қар жауған. Ғимараттардың төбесінде көп мөлшерде қар мен мұз жиналған. Сондықтан үй іргесінде жүрмеңіз, шатырлардың астына тұрмаңыз, көліктерді құрылыс аумағына қоймаңыз, қауіпті жерлерді айналып өтіңіз, электр желілерінің астында тұруға болмайды», - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан ақпаратта.