Мақсат Тәж-Мұрат: Бұл – Мәншүктің әруағын қорлау!
Мақсат Тәж-Мұрат: Бұл – Мәншүктің әруағын қорлау!
Жуырда «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Мәншүк» телесериалы жөнінде айтпағым...
Осыны жазсам ба, әлде... деп екіойлы болып жүр едім, көзапара әлсіз шыққан фильмді Ютубта жерден жеті қоян тапқандай мақтаған біреулердің өресіздігі, одан да бұрын көзіқарақты деп жүргендердің (ішінде Фейсбук желісінде отырғандар да бар) тілін тістеген үнсіздікте қалуы еріксіз жаздырып отыр.
Мәншүк Мәметова туралы алғашқы киноөнім – 1969 жылғы «Песнь о Маншук», кезінде бірталай кемшілігі үшін сынға қалған еді (орыс жігіттердің оны «баба» дейтіні, бас кейіпкер де олардан қалыспай, қарсы бажылдайтыны, т.б.). Бұл әсіресе Мәншүктің ол кезде көзі тірі майдандастарының орынды ашу-ызасын туғызған. Әлгіндей кемшіліктерді жіті байқаған Әмина Мәметова фильм талқыланған оңаша бас қосуда «Бәлкім алда жаңадан фильм түсірілер, сонда мында кеткен кемшіліктер жөнделер» деген тілек айтқан-ды. Сол екінші нұсқаға себі тисін деді ме екен, Батыр апамыздың қаруластары Әкентай Халимулдин мен Александра Прокопенко-Халимулдина шынайы деректерге құрылған кітап та жазған. Екінші картинаны ұзақ – елу жылдай күттік. Алғаш түсіріледі деген хабары шыққанда қуандық. Десек те, айналдырған төрт-бес айда түсірілгеніне қарап, ішіміз қылп ете қалған. Бекер қауіптенбеген екенбіз. Украинның «Скоро робят – слепых родят» дейтін мәтелінің кері келіпті де қойыпты. Асығыс қимылдан ақаулы бала туыпты.
Біріншіден. Телесериалдық Мәншүк бейнесі сондай дөрекі. Айналасына ылғи зіпірлі, қабағы ашылмайды. Тіпті алғы шепке кинохроника түсіруге келген киногерді жаққа шапалақпен бір тартады. Бірақ майдандастары, құрбы-құрдастары, үй-іші, ағайын-тума қалдырған естелік-деректердің бірінде Мәншүктің біреуге қол көтеру былай тұрсын, орынсыз ашу шақырып, дөрекі сөйлегені айтылмайды. Бұл естеліктерден қазақтың ана көрген, зипа мінезді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, ретті жерде ақжарқын, әзілге де жүйрік қызын көреміз. Оның мінезінің ерекшелігі өжеттігінде, өзінің көзі жетіп тұрған, ақиқатшыл жүрегі сенген мәселеге келгенде табандап тұратын қайсарлығында еді. Осыны қате түсінген кейінгі киногерлер мен сахнагерлер – ілкі Кончаловский, соңыра Сәбит Досанов пьесасын сахналаушылар Мәншүкті тұрпайы, еркекшора, шапалағын ала жүгіретін көргенсіз етіп көрсеткен, енді, міне, сол қаспақ телесериалда да алдымыздан шығып отыр.
Авдотьевтің өмірде болмағанын, сценарийшінің қиялынан туғанын жоғарыда айттық. Ал Мәжиттің түпбейнесі – белгілі қазақ режиссері, «Мәншүк туралы жыр» кинолентасының авторы Мәжит Бегалин, мұны түсірушілер фильм соңындағы титрде көрсеткен де. Бірақ, ілгеріде айтқанымыздай, майданда воентехник ретінде қызмет еткен Бегалин телесериалда әлденеге өнебойы пулеметшілер батальонында жүреді, алайда, пулеметші ме, атқыш па, әлде басқа бір қызметте жүр ме, ол жағы мәлімсіз, әйтеуір үнемі Авдотьевтің жанынан табылып, соның кинокамерасын аударып-төңкеріп әуре. Оқиға Невель шабуыл операциясының қарсаңында, яғни 1943 жылдың күзінде өтіп жатады, ал тарихи Бегалин одан көп бұрын – сол жылғы көктемде ауыр жарақатына байланысты әскер қатарынан босап, елге келген. Яғни, сериалда нақты аты-жөнімен алынып отырған кейіпкердің 1944 жылғы қарашадағы Невель операциясына, соның ішінде Мәншүк қаза табатын Изоча түбіндегі шайқасқа қатыспағаны, кинохроника түсіріп жүрмегені – тарихи факт. Ол аз болғандай, фильмдік Мәжит Мәншүкке Алматыда қалған сүйіктісі – «мұғалімдікке оқып жүрген» Людасына (Людмилаға) орысша хат жазуға көмектес деп жалынады. Айтуынша, бұрын Мәншүктің расчеттағы «екінші нөмірі» Аркадий көмектескен екен, ол қапияда қаза болды, енді Мәншүк көмектессе деп пұшайман күйге түседі. Мәжит Сапарғалиұлының зайыбы Людмила (Олеся) Иванова Алматыда тұрмаған, Харьковта туып-өскен, Мәжитпен Мәскеуде ВГИК-те оқып жүргенде танысып, оған 1948 жылы тұрмыстанған. Бұл – бір. Екіншіден, тоғыз жасынан қалада – орысы жын атқан Алматыда тұрған, мектеп бітіретін 1938 жылы-ақ жоғары класқа қосанжар Алматы Тау-кен институтының нөлдік курсын маркшейдер мамандығы бойынша тәмамдаған Мәжитті орысша екі сөйлемнің басын құрай алмайтын сауатсыз бейшара біреу етіп көрсету еш сабаға сыймайды. Сірә, ұлты орыс сценарийшінің формальды логикасы бойынша, Қазақстанда түйе бар, демек, ол заман Алматының көшелерінде де түйе өріп жүрген екен.
Ілгергі төрттағандағы үшінші ұстын – гүжбан сары комбат бейнесі де тарихи шындықтан аулақ жатыр. Әскери шені – подполковник, аты-жөні – Андрей Егорьевич, фамилиясы айтылмайды. Бүгінде Мәншүк 1943 жылдың жазында 100-інші дербес бригаданың №3 пулемет батальонының аға лейтенант Иван Шачнев басқаратын 3-ротасы құрамындағы лейтенант Темненковтың взводында 3-інші бөлімшеге кіретін 1-інші пулемет есебінің (расчётының) бірінші нөмірі (көздеушісі) ретінде қызмет атқарғаны дәлелденген (күзде – бөлімше командирі). Ал пулбаттың командирі кім болғаны жөнінде анық мәлімет жоқ – бір деректерде гвардия капитаны Соколовтың, енді бір мәліметтерде капитан Сергей Кучиннің аты-жөні аталады. Мейлі кім болса да, Мәншүк өмірін ізерлеп зерттеп жүрген біз анығын шығара алмаған деректі Қазақстанды картадан ғана білуі бек мүмкін сценарий авторы Антон Федоров қайдан тапсын, осымен тынса болар еді дейсің ғой. Жоқ, одан әрі сценарийшінің қиял дүниесіне дендеп енетіні сонша, одан әрі сабазыңның аталған кейіпкердің иығына артқан жүгінің жанында небір фантастикаң жіп есе алмай қалады екен. 1943 жылы майданда подполковниктер кемі полк басқарғанын, батальондардың тізгінін капитан, кейде аға лейтенант шеніндегілер қолға алғанын айтпағанда сөз етіп отырған сериалда Андрей Егорьевич бір өзі Невель қаласын алудың жоспарын жасап, Айды аспанға бір-ақ шығарады. Бір тал батальонның командирі – сериал кадрларына қарағанда, пулбаттан гөрі атқыштар батальонына ұқсайтын және «массовкасы» иығына шошайтып бесатар ілген 15-20 солдаттан тұратын сайқымазақ құраманың әмірі Андрей Егорыч – Калинин майданының қолбасшысы генерал Еременконы, 3-інші Екпінді армияның қолбасшысы генерал Галицкийді 100-інші бригада командирі полковник Морецкиймен, штаб бастығы Мостовоймен, комбригтің саптағы әскер бойынша орынбасары, Мәскеу саяси-әскери академиясының түлегі подполковник Әбілқайыр Баймолдинмен және кадрлық офицер, батальондық комиссар (подполковник шені) Сақтаған Бәйішевпен қоса былай ысырып тастап, немістің таңдаулы бес атқыштар дивизиясынан, 3-інші танк және 16-ыншы дала армиясынан тұратын, «Пантера» деген ат алған сол кездің ең озық инженерлік, фортификациялық жүйесімен нықталған «темір жұдырық» қамал-қорғанысын бұзып-жарып өту ісінің – кеңес жағынан бес жаяу әскер дивизиясы, үш атқыштар дивизиясы, екі танк бригадасы қатысқан атақты Невель шабуыл операциясының жобасын жалғыз өзі сызады. Күлесің бе, жылайсың ба!?