2023 жылы қазақстандықтар медициналық сақтандыру үшін қанша төлейді?

2023 жылы қазақстандықтар медициналық сақтандыру үшін қанша төлейді?

2023 жылы қазақстандықтар медициналық сақтандыру үшін қанша төлейді?
ашық дереккөзі
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгерді. Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биыл МӘМС үшін кім қанша төлейтінін айтты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналар мен аударымдар  көлемі МӘМС туралы заңда бекітілген және ағымдағы жылы өзгеріссіз қалды. Ал ең төменгі жалақы және айлық есептік көрсеткіш базалық әлеуметтік төлемдерінің мөлшері өсуіне байланысты дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейтін жарна көлемі артты. Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін – жалақының 3% мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК-тен (700 000 теңге) аспауы керек, яғни жұмыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21 000 теңгені құрайды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде жұмыс істейтіндер – табысының 2%-ын төлейді. Бұл жерде салық салу объектісі 10 ЕТЖ аспайды, ақша аударымының ең жоғары сомасы 14 000 теңгені құрайды. Жеке кәсіпкерлер – ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 900 теңге төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (БЖТ төлеушілер): - Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары 1 АЕК, яғни 3 450 теңге жарна төлейді; - Өзге елді мекендердің тұрғындары 0,5 АЕК, яғни 1 725 теңге жарна төлейді. Дербес төлеушілер – 1 ең төмен жалақының 5 пайызы, яғни 3 500 теңге. Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Осы әдіс бойынша барлық міндетті төлемдердің мөлшері жұмыс берушілер үшін 15%, ал қызметкерлер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10% құрайды. Бұл ретте төлем есептелетін ең жоғары айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Айта кетейік, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасауды жалғастырады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдік санатындағы әр адамға жарна мөлшері 4 505,6 теңгені құрайды. Қор өкілдері сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін ыңғайлы әрі тиімді тәсіл – дербес төлеуші ретінде алдағы 12 айға жарна төлеуге болатынын атап өтті. Мысалы, 2023 жылдың қаңтарынан бастап сақтандыру мәртебесін алу үшін 2023 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі әр айға жеке-жеке 3 500 теңгеден төлем жасау керек. Айта кетейік, егер сізде өзге де сұрақтар туындаса, өз емханаңыздағы «пациенттерді қолдау» қызметіне жүгіне аласыз немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналары арқылы өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot. Сондай-ақ, egov.kz ҚР электрондық үкіметінің сайтында «Денсаулық сақтау» бөлімінде медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.