Жаңалықтар

Премьер-министр 6 пайыздық несиені кімдер алатынын айтты

ашық дереккөзі

Премьер-министр 6 пайыздық несиені кімдер алатынын айтты

Қазақстанда зергерлік бұйымдар өндірісін қолдау үшін Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 6 пайыздық несие беріледі. Премьер-министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында келтірген дерегінде осылай деді деп жазды turkystan.kz. «Зергерлік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бірқатар қаржылық және қаржылық емес ынталандыру шаралары көзделген. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылуда. Мәселен, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау аясында жылдық мөлшерлемесі 6% болатын кредиттер беріледі. 5 жыл мерзіммен берілетін кредит сомасы бір кәсіпкер үшін 3 млрд теңгеге дейін. Кредитті кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда ішінара кепілдік беріледі. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін кепілдіктің ең жоғары мөлшері 85%, жұмыс істейтіндер үшін – 50%. Кепілдік сомасы – тиісінше 360 млн теңгеден және 1 млрд теңгеден аспайды. Сыйақының жеңілдікті мөлшерлемесі бойынша микрокредиттер беру 5% мөлшерінде жүзеге асырылады», - делінген Смайыловтың жауабында.