«AMANAT» партиясында ауыл шаруашылығы саласының мәселелері талқыланды

«AMANAT» партиясында ауыл шаруашылығы саласының мәселелері талқыланды

«AMANAT» партиясында ауыл шаруашылығы саласының мәселелері талқыланды
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің отырысында ауыл шаруашылығы мәселелері мен егіс науқанына сапалы дайындық мәселесі талқыланды деп хабарлады turkystan.kz. Отырысқа комитеттің 21 мүшесі мен арнайы шақырылған қатысушылар қатысты. Өңірлерден қатысқан өкілдер ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерді комитет отырысында ортаға салды. Олар ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша өз ұсыныстарын да айтты. Ақмола облысы ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесін көтерді. Ерейментау ауданынан сөз алған Еркін Серікұлы ауданда жайылым жерлер аз екенін айтты.
«Елдің 80 пайызы мал шапруашылығымен айналысады. Облысымызда ет өндірісі бар. Бірақ тері, жүн өндірісі мүлдем жоқ. Жылына мыңдаған бас қой қырқылады. Мал сойылады. Олардың терісі мен жүні ауылдың шетіндегі қоқыста жатады. Көрші Моңғолияда тері, жүнді былай қойып, мүйіз, тұяқтар өңделеді. Біз Үкіметке осы мәселені жеткізгіміз келеді. Олардың тарапынан осындай өндіріс ашуға мүмкіндік беретін субсидия болса екен дейміз», - деді ол.
Ал Ақмола облысы агрокешендік комитетінің төрағасы Омар Шыңназаров екі өзекті мәселені алға тартты.
«Бүгінгі таңда субсидиялауға қаржы жетіспейді. Өткен жылдың өзінде өсімдік және мал шаруашылығын қаржыландыруға 16 млрд теңге жетпеді. Биыл 45,5 млрд теңге субсидия алдық. Алайда биылғыға да 19 млрд теңге тапшылық туындап отыр. Жалпы алғанда 35 млрд теңге жетіспейді. Біз республикалық бюджеттен қаржының бөлінуіне мұқтажбыз», - деді ол.
Шыңназаровтың айтуынша, киіктердің мәселесі де шешілмей отыр.
«Өткен жылы аудандардың бірінде 29 мың гектар жерді ақбөкендер таптап кетті. Ақмола облысы бойынша 50 мың гектар жер тапталды. Облыс аграршылары бұл мәселені назарға алып, шығынның орнын толтыруды сұрайды», - деді ол.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы шөптің аздығы мәселесін көтерді. Қалған облыстар өз өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы проблемаларын алға тартты. «AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің мүшесі Қайнар Абасов өңірлердің ұсынысын жазбаша жолдауды сұрады. Ол ұсыныстар жинақталып, Үкіметке шешу үшін жолданады.