АҚШ-та «Алма-Ата» кафесін ашқан Аят
АҚШ-та «Алма-Ата» кафесін ашқан Аят
Әлеуметтік желілерден АҚШ-тың Техас штатына қарасты Хьюстон қаласында ашылған «Алма Ата» кафесі туралы жарнамаларды жиі көзіміз шалады. АҚШ-та тұратын қазақтар «Америкада қазақша етті қайдан жеуге болады?» деп сұрағандарға осы кафенің мекенжайын жіберіп, онда әзірленетін дәстүрлі тағамдардың дәмі тіл үйіретінін жарыса жазады. Кафе қожайыны Аят Иляхунов сұраныс көптігінен екінші кафе ашқалы жүргенін айтады. Кафе жұмысынан бөлек, 1996 жылы Атлантада өткен Жазғы олимпиада ойындарының чемпионы, ел ішінде Балқаш жолбарысы атанған Василий Жиров екеуі кезінде бірігіп ашқан залда жас спортшыларды боксқа баулып жүр. Америкада тұрып жатқанына жиырма бес жыл болса да, Алматыға деген сағынышы ерек Аятқа хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Америкада бокстан жаттықтырушы, менеджер қызметін жемісті атқарып жүрген сіздің мұнда «Алма Ата» кафесін ашуыңызға не түрткі болды?
– Өзім Алматының тумасымын. Ұлтым – ұйғыр. Қазақстанда тұрғанда ел намысын қорғап, біраз жарыста топ жардым. Кейін ушу саньда федерациясына жетекшілік еттім. Сол спорт саласы бойынша 1998 жылы Американың Хьюстон қаласына көштім. Жұмыс визасын алу үшін онда әлдебір кәсіп ашу керек болды. Сол үшін алғашында East, сосын «Русский медведь» деген атпен кафе аштым. Байқап қарасам, айналамызда орыс, түрік, өзбек, украин мейрамханалары бар. Ол жерде ол ұлттардың ұлттық тағамдары ғана емес, мәдениеті де насихатталатыны белгілі. Ал біздікін дәріптейтін ондай орындар жоқ. Сонда өз Отанымды насихаттау керек екенін жете түсіндім. Ойлана келе «Неге туып-өскен жерім Алматының атауымен кафе ашпасқа?» деген ой келді. Сонда өсіп-өндім, жақсылық деуге келетін барлық дүниені сол жерден алдым. Менде Алматы туралы тек жақсы естеліктер қалды. Оның үстіне, ол уақытта Алматыны сағынып жүрген едім. Ностальгия үлкен рөл ойнайды ғой. Сөйтіп, былтыр мамыр айынан бастап біздің тағамдардың дәмін татып көргісі келетіндерге есігімізді айқара аштық.
– Ас мәзірінде қандай тамақтар бар? Америкалықтар қай тамаққа көп тапсырыс береді?
– Мәзірде қазақша ет, палау, манты, лағман, орама және тағы басқа тағамдар бар. Бізде чебурек тағамы өте «танымал». Бұған өте көп тапсырыс береді. Айтпақшы, қазақша етті келушілердің тапсырысы бойынша әзірлеймін. Олар «Біз қазақша ет жегіміз келеді» деп алдын ала хабарласады. Келушілер келеді-ау деген уақытқа шақтап дайындап қоямын. Өзіңіз білетіндей, қазақша етті басқа тағамдар секілді қысқа толқынды пешке ысытып бере алмайсың. Тіпті, оны келушілер келгенше тоңазытқышта сақтаудың өзі бір күнә секілді. Оның жаңа әзірленген, пештен енді түскені сезіліп тұруға тиіс. Жалпы, қазақша ет әзірлеудің машақаты көп. Ет төрт сағаттай қайнауы керек. Сондықтан бәріне «Ертерек тапсырыс беріңіздер» деп айтамын. Қазақша етті тек Америкадағы қазақтар емес, америкалықтар да сүйсіне жейді. Олар үшін бұл – экзотика. «Бұл қандай тағам?», «Бұл неден жасалған?» деп қызығушылық танытып, құрамын сұрайды. Кейбірі, тіпті Қазақстан туралы ештеңе білмейді. Қазақстандағы ұлттық тағамдар екенін айтсаң, «Не дейсіз? Пәкістан дейсіз бе? Ауғанстан ба?» дейді. Сосын Қазақстанның тарихы, орналасқан жері туралы әңгімелеп «Солай. Міне, қазір мәдениетіміз дамып жатыр. Міне, өз тағамымыз» деп түйіндеймін. Енді біреулері «Бұл тағам жылқы етінен дайындалған дейсіз бе? Қалайша?» деп таңырқайды. Оларға жылқы етінің Қазақстанда кеңінен танымал екенін, оның денсаулыққа пайдасын, холестерин жоқ екенін, әсіресе спортшыларға күш пен қуат беретінін айтамын.
– Жылқы демекші, «Америкада жылқыны союға рұқсат алу керек» дегенді жиі естиміз. Ал сіз ол етті қайдан сатып аласыз?
– Бұл – бос әңгіме. Жылқы етін басқа елден Америкаға алып келуге рұқсат етілмейді. Бірақ «Жылқы етін жеуге тыйым салынады» деген ешбір заң жоқ. Дегенмен жылқыны үй жағдайында союға болмайды. Ет комбинатында немесе бұдан бизнес жасайтын кәсіпкерлер даярлап қойған арнайы орындарда союға рұқсат етіледі. Рас, ол орындарды тауып, үйге дейін жеткізу оңай емес. Бірақ мұндағы жылқы Қазақстандағыдай жылқы емес. Қазысы да сондай. Жуырда маған елден қазы алып келді. Оны асып жеген соң осында жасалатын қазының дәмін көрдім. Екеуінің дәмі жер мен көктей. Қазақстаннан келген қазы – мүлде бөлек тағам. Мұндағымен тіпті салыстыруға келмейді.
– Тағамдарды өзіңіз дайындайсыз ба? Әлде аспазыңыз бар ма?
– Өзім әзірлеймін. Ас әзірлеуді анамнан үйренгенмін. Негізі, кафе ашу, ас әзірлеу ісін марқұм анамның құрметі үшін қолға алдым. Бұл әлемде анаң әзірлеген тамақтың дәміне ештеңе жетпейді. Кімнен сұрасаңыз да, осылай айтатынына бек сенімдімін. Бала күнімнен ересек кезіме дейін анам алдыма қойған дәмді тағамдардың рецептісін жақсы білетінмін. Кейін өзім де сол рецептімен, анамның айтып кеткен ақыл-кеңесі бойынша тағам әзірлей бастадым. Мұның арты үлкен кәсіпке ұласты. Мен әзірлеген тағамдар бәріне ұнап жатқан секілді. Қасымда Мәскеуден келген, ұлты татар көмекшім, сосын ыдыс-аяқ жуатын және даяшы қызметін атқаратын екі қызметкерім бар. Төртеуіміз ғана жұмыс істейміз.
– Видеодан кафе ішінде Алматы бейнеленген картиналар ілулі тұрғанын байқадық.
– Иә, Алматыда тұратын, фотобизнеспен айналысатын кенже ініме өтініш айтқан едім, ол Медеу, «Қазақстан» қонақүйі мен «Алтын адамның» портреттерін беріп жіберіпті. Ұлттық киім киген екі қуыршақ бар. Сосын қабырғада кішкене киіз үй ілулі тұр. Негізі, елден шағын киіз үй алып келгенмін. Ішіне балалар кіріп ойнай алады. Бірақ ол үшін кафедегі біраз затты шығарып, орын босату керек болып тұр. «Қай бұрышқа тіксем болады?» деп ойланып жүрмін. Жуырда орнатамын. Олардың бәрін алып келгендегі себеп – осында Отанмен байланысты әлдебір заттың болғанын қалаймын. Сіздер Қазақстанда байқамай, онша зер салмай өтіп кететін заттар мұнда біз үшін бағалы саналады. Біз үшін – қымбат. Мұнда жерлестерімді көрудің өзі – мен үшін баға жетпес сәт. Мұндағы қазақстандықтар бір-бірін қатты құрметтейді, үнемі қолдау білдіреді. Бөліну жоқ. Алабөтен көзқарас жоқ. Арам пиғыл деген жоқ. Көмегін аямайды. Бәлкім, саны аз болғандықтан шығар.
– Қазақстандық боксшыларға да көмегіңіз көп тиіп жатыр екен.
– Иә, қазір Дарын деген балаға виза әзірлеп жатырмыз. «Балқаш жолбарысы» атанған әйгілі боксшы Василий Жиров екеуіміз кезінде Хьюстоннан зал ашқан едік. Кезінде Қазақстаннан Америкаға келген арнайы түсірілім тобы біз туралы бағдарлама әзірлеген болатын. Василий екеуіміз 1990 жылы танысып, кейін жақын араластық. Америкаға келгенде де үнемі бірге жүрдік, спортшыларға көп көмектестік. Екеуіміз көп жыл бойы Қазақстан, Өзбекстан, Дағыстан, Қырғыз Республикасы, жалпы айтқанда, ТМД елдерінен осында өзін мықты екенін дәлелдеуге келген жастарды жаттықтырып келеміз. Түрлі жарысқа апарамыз.