Ескі ауылды жаңа тұжырымдама көркейте ала ма?

Ескі ауылды жаңа тұжырымдама көркейте ала ма?

Ескі ауылды жаңа тұжырымдама көркейте ала ма?
ашық дереккөзі
Биылдан бастап ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыру басталады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауын­да мәлімдеген болатын. Жаңа жобада не қарастырылып отыр? Оның ауылға, ауыл халқына берері қандай? Бұған дейінгі ауылды дамыту, ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға бағытталған түрлі бағдарлама қаншалықты нәтижелі болды?

Жаңа жарлық

2022 жылғы 26 қарашада Президент «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Мақсаты – ауыл-аймақты дамыту тәсілдерін жетілдіру және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын құру. Жарлыққа сәйкес Үкімет биылғы 31 наурызға дейін ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауы керек. Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді. Одан бөлек, Президент Астанада өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын мәлімдеп, Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. – ...Ең алдымен қолға алатын бірне­ше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөзімде ауылды өркен­дету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қа­зақстан халқының 40 пайызға жуығы ауыл­да тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп хал­­­қымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауыл­дағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоя­мын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауыл­ды дамытудың 5 жылға арналған нақ­ты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауыл­ды дамытуға арналған барлық жобаны жүйе­лі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Со­дан кейін мақсатты түрде тиімді жұ­мыс жүргіземіз, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Одан бөлек, екі жыл ішінде бүг­ін­де медициналық мекеме­лері жоқ 650 ауылда медициналық және фельд­шерлік-акушерлік пункттер са­лынып, толық жарақтандырылатыны ай­тылды. Ұлттық жоба аясында 32 ау­дан­дық аурухана жаңғыртылып, ау­да­наралық көпсалалы мекемелер болып қайта құрылмақ. Иә, қазір еліміздегі ауыл халқы­ның саны – жалпы халық саны­ның шамамен 40 пайызы, 1 желтоқ­сан­дағы нақты дерекке сүйенсек, 38,7 пайы­зы. Ауыл халқының саны тұрақты түрде азайып барады. Жұмыссыздық, та­­быс­тың аздығы, жағдайдың жасал­мауы сияқты тағы да басқа түрлі фактор ур­банизацияның қарқын алуына ықпал етіп отыр.

«Бояма» статистика нақты жағдайды көрсетпейді»

Ең алдымен, ауыл тұрғындарының та­бысы аз. Былтырғы маусымдағы де­рек бойынша, қаладағы халықтың та­бысы ауыл халқының табысына қара­ғанда 38 пайызға жоғары болған. Оған қо­са, жұмыс орындары тапшы. Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің мәлім­де­месіне сүйенсек, бұл мәселелерді рет­теу­ге бағытталған жұмыстар басталып кет­кен. Биылдан бастап ауыл халқының та­бысын арттыру жөніндегі жобаны масш­табтау шеңберінде қазақстандық­тар­дың тиімді шарттармен шағын несие алу мүмкіндігі болады. Яғни, ауылдар мен елді мекендер және шағын қала­лар­дың тұрғындары бизнес ашуға және жұ­мыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге ша­ғын несиелер ала алады. – Сыйақының номиналды мөлшер­ле­месі жылдық 2,5 пайыз, мерзімі 7 жыл­дан аспайды, кепілмен қамтамасыз етіл­ген. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 мил­лион теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 мил­лион теңге. Несие қаражатын беру опе­раторларын облыстардың жергілікті жер­лердегі әкімдіктері мемлекеттік са­тып алуды өткізу арқылы айқындайды, – деп айтылады мәлімдемеде. Ұйымдастырушылық жұмыстар мен басқа да формалды рәсім­дер­ді ескере отырып, алғашқы микро­не­сиелер 2023 жылдың бірінші тоқсаны­ның соңында беріле бастайды. Ауыл халқының табысын арттыру бойын­ша пилоттық жоба алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында басталған бол­атын. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңей­тілген отырысында бұл бағдар­ла­маны бүкіл Қазақстан бойынша масш­таб­тауды тапсырды. Ал биыл жобаны іске асыру үшін рес­публикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын қарыз беру жоспарымен 52,4 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Дегенмен бұл қаржының өз мақ­сатында жұмсалу-жұмсал­мауы да уақыт еншісінде қалатын мәселе. Былтыр жыл басында сенатор Ақылбек Күрішбаев депутаттық сауалында Үкіметтің ауыл проб­лема­ларын шешу жөніндегі жұмысын сынға алып, ауылдың өзекті проблемаларына тоқ­талған еді. Ол «Бояма» статистика нақ­ты жағдайды көрсетпейтінін айтқан болатын. – Статистика деректері бойынша ауыл­дағы жұмыссыздар саны 181 мың адам немесе 4,7 пайыз. Бірақ іс жүзінде «жұ­мыссыздық» деген халықтың бағын аш­пас сор болды. Біз еліміздің барлық ауда­нында ауыл тұрғындары арасында ар­найы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоқ­тығын басты мәселе деп атады. Осы сауал­намада көрсеткендей, ауыл тұр­ғындарының нақты табысы айына 35 мың теңге құрайды. Мұндай ақшаға қа­лай күн көруге болады? – деген еді се­на­тор. Ақылбек Күрішбаев жұмыссыздық сал­дары тағы бір проблеманы туғызып отыр­ғанын айтып, бүгінде ауыл хал­қы­ның қалаға көшу динамикасының ар­тып отырғанын айтты. – Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нә­тижелері көрсеткендей, еңбекке қабі­лет­ті халықтың 41 пайызы ауылдардан қа­лаға көшуді қалайды. Әрине, урба­ни­зацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті. Бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қа­лаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруа­шылығында жұмыс істейтін ешкім қал­маса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қа­лай қамтамасыз етеміз? Шекаралас ау­дан­дар қалай қорғалмақ? – деді сена­тор. Депутат бұл мәселе еліміз үшін эко­номикалық қана емес, соны­мен қатар саяси және стратегиялық маңыз­ға ие екенін атап өтті. Сондықтан Ақылбек Күрішбаев Үкіметтің ауыл­дар­ды дамытуға неге тиісті көңіл бөлме­ге­ніне және сенаторлардың парламенттік тыңдауда берген ұсыныстарының негізгі тармақтарын әлі де орындамағанына тоқ­талған еді.

Жағдай жоқ, ахуал алаңдатарлық

2019 жылы сол кездегі Ұлттық эко­номика министрі Ермек Алпысов елі­міз­дегі 6 454 ауылдың 3 477 мыңға жуы­ғы­ның ғана даму әлеуеті бар екенін айтқан бола­тын. Оның 1 150-і тірек ауыл болса, қал­­ған 2 327-сі серік (спутникті) ауыл­дар немесе шекаралас елді мекендер екен. Жасыратыны жоқ, бірлі-жарым ауыл, аудан орталықтары бол­ма­са, еліміздің басым бөлігінде инф­ра­құрылым әбден тозған. Интер­нетпен қам­тылу жағдайы пандемия кезінде анық белгілі болды. Басқаны былай қой­ғанда, шалғай өңірлерде тасжол тозған не­месе мүлде жол жоқ, ауызсуы мен жа­ры­­ғы нашар ауылдар бар. Бұрынғы дү­ріл­деп тұрған аудан орталықтары мен гүлденген ауылдардағы инфрақұры­лым­дар, жарық желілері, жылу орталықтары да біршама тозған. Шалғайдағы кей ауыл тұр­ғындары қолындағы азын-аулақ мал­ға қарап отыр. Басқасын былай қойғанда, ең маңыз­ды деген денсаулық сақтау с­а­ла­сында жағдай жасалмаған. Былтыр қарашада Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылдардағы медициналық инф­рақұрылым шамамен 50 пайызға тоз­ғанын айтқан болатын. – Мемлекет басшысының тапсырма­сы­мен ауылдағы объектілерге инвен­та­ри­­зация жүргізілді, нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық объек­тілер жоқ, 400-ге жуық медициналық объек­ті жалдамалы, апатты немесе бейім­делген ғимараттарда орналасқан, – деді министр Үкімет отырысында. Естеріңізде болса, осыдан 15 жыл­дай бұрын ел Үкіметі ауылдарды ар­найы сараптап, зерттеп, бірнеше топ­қа бөлген еді. Елді мекендер «болашағы бар ауыл», «болашағы орташа ауыл» және «бо­лашағы жоқ ауыл» деген топтарға жіктелді. Ауылдардың жағдайына ерек­ше көңіл бөлінуі керектігі туралы, да­ми­тыны, инфрақұрылымы жаңаратыны тура­лы сол кездерден-ақ айтылып келе жа­тыр. Мәселен, 2025 жылға дейін ауыл­дардың жақсартылған инфра­құры­лым­мен толықтай қамтылатыны айтылды. Одан бөлек, 2025 жылға қарай еліміз бойын­ша сапалы ауызсуға қолжетім­ді­лік­ті 100 пайызға жеткіземіз деп уәде еті­ліп отыр. Бұл «Қуатты өңірлер – ел да­муының драйвері» ұлттық жобасы шең­берінде жүзеге асырылмақ.

Жобалар мен жоспарлар – желге ұшқан уәделер

Жалпы ауылға, ауылды дамытуға, ауыл шаруашылығын жүйе­леуге бағытталған бағдарламалар бізде бір­шама болды. Қайбір жыл «Ауыл» жы­лы деп жарияланды. 2004-2010 жылдары «Ауыл­дық аумақтарды дамыту» бағдар­ламасы жүзеге асты дедік. Бағдарлама бойынша осы жылдар ішінде 766 мил­лиард теңге жұмсалған. 2013 жылы іргелі ауылдарды дамыту бойынша жобаны жү­зеге асыру басталады. Ол кезде халық­тың 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратын. Дегенмен аталған бағдар­ла­ма­лардан ауыз толтырып айтарлықтай нә­тиже байқалмады. Ал 2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламасы аясына жұмыс басталды. Мемлекеттен қосымша қаржы бөлу ар­қылы ауылда өмір сүру сапасын жақ­сар­ту жоспарланды. Жоғарыда айтқан жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, ден­сау­лық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт объектілерін қайта жаңарту және жаңа объектілерді салу, жұмыс орында­рын құру осының барлығы бағдарла­маның аясында реттелетіні айтылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің Жол картасы – 2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдар­ла­малар да бар. «Солардың аясында 2025 жылға дейін елімізде 5,5 миллионнан астам адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді ме­кен жаңғыртылатын болады деген жос­пар бар. Бұл ретте бірінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктеліп, бұл ретте олардың даму әлеуетіне және қа­зіргі экономикалық жағдайына талдау жасау негізінде, осы ауылдарда іске асы­рылатын жобалар қоса қамтылатыны жос­парланған. Екіншіден, әрбір жоба және елді мекен бойынша көзделген мақсатқа жету жөніндегі, өңірлік стан­дарттарға сай келетін Жол картасы жа­са­лады» делінген еді. Сондай-ақ жүр­гізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі тура­лы тұрғындарға тұрақты түрде ақ­п­арат беріліп отыру да жоспарда қам­тылған. Жоба алғашында 2021 жылға дейін бекітіліп, кейіннен 2025 жылға дейін жалғасатыны мәлім болды. Дегенмен аяқталмай жатып сынға ілікті. Тіпті, орындалмау қаупі бар екені айтылды. Мәжіліс депутаты Альберт Рау былтыр «Ауыл – ел бесігі» жо­басын іске асыру кезіндегі пробле­ма­лық мәселелер туралы айтты. Мәжілістегі Үкімет сағаты кезінде Қазақстанның Ұлт­тық экономика министрі Әлібек Қуан­тыров жобаға 2019-2021 жылдары 206 миллиард теңге бөлінгенін мәлім­деген. Ал алдағы төрт жыл ішінде тағы 670 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. – 2022 жылдың 1 қаңтарында бағ­дар­лама бойынша іс жүзінде 3,5 мың ауыл­дың 665-і ғана қамтылды, яғни үш жыл ішінде тек жоспардың 18 пайызы орын­далған. Бұл ретте алдағы төрт жыл ішін­де жо­ба 2 870 ауылды немесе 82 пайыз қам­тылуы тиіс. Ұлттық жобаның пара­метрлерінің орындалмау қаупі бар, – де­ді Альберт Рау. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жаңғыртылған ауыл де­ген не екенін түсінбейді. – Алдағы екі жылда тірек ауылдарды жобалармен толық қамтуды қамтамасыз ету қажет. Әйтпесе, қаражатты желге ша­шамыз, – деді депутат. Сондай-ақ ол бейін­ді министрліктерді іске асырылған жо­балардың санын сапаға қарай не­гіздеуге шақырды. Сондай-ақ республи­ка­лық бюджеттен берілетін транс­ферт­тер есебінен қандай жобаларды іске асыру керегін, қайсысы жергілікті бюд­жеттен қаржыландырылуы тиіс екенін нақ­тылау қажет екенін атап өтті. «AMANAT» партиялық бақылау ко­митетінің былтырғы отырыстарының бірін­де де «Ауыл – ел бесігі» және «Дип­лом­мен – ауылға!» жобаларының жүзеге асы­рылу барысы сыналған еді. Комитеттің мәліметінше, «Дип­лом­­мен – ауылға!» жобасы іске қо­сылған 12 жылдың ішінде 85 мыңнан астам маман 14,1 миллиард теңге көле­мінде көтерме жәрдемақы алған. Ал 40 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алу үшін 123,5 млрд теңге көлемінде бюд­жеттік несие берілген. Әйтсе де, жергілікті жерлерде денсаулық сақтау, аг­роөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар мен әкім аппараты қыз­меткерлерінің жетіспеушілігі байқалады. Экологтер, аспаздар, дәнекерлеуші­лер, механизаторлар, бір сөзбен айтқан­да кәсіптік-техникалық білімі бар ма­ман­дар қажет. Алайда олар жобаның тізіміне кірмейді. 2020 жылы ауыл, кент, ауыл­дық округ әкімі аппаратының мем­лекеттік қызметшілері тізімге кірді. Алай­да аудан әкімдігінің мамандары тура­лы ұмыт қалған.

Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған тағы бір қадам

Орындалмаған жобалардың ішін­де ауыл шаруашылығына бай­ланысты бағдарламалар да жетерлік. Бұл туралы талай мәрте жазылды да. Осы са­лада еліміздің еңбекке қабілетті тұр­ғын­дарының 14 пайызы жұмыс істейді. Оларға көрсетіліп жатқан қолдау да баршылық, дегенмен орындалуы мен іске асуы жағынан қиындық көп. Дегенмен биылдан бастап мал дәрігерінің айлығы 50 пайызға өсетінін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Роман Скляр мәлімдеді. – 2023 жылғы 1 наурызға дейін Үкі­мет­ке Ауылдық аумақтарды дамыту кон­цепциясын енгіземіз. Ол 10 бағыттан тұрады. Әр бағыт бойынша нақты крите­рийлер бар. Орталық және жергілікті ат­қарушы органдардың іс-қимылын Ұлт­тық экономика министрлігі үйлес­тіреді, – деді Р. Скляр. Сонымен қатар ол ауыл шаруа­шы­лығын дамыту қадамдарына тоқ­талды. – Ауыл шаруашылығы дамымаса, ауыл­дың тұрмысы түзелмейді. Оны өз­деріңіз жақсы білесіздер. Бұл бағытта қан­дай жұмыстар атқарылды? Прези­дент тапсырмасы аясында ветеринария саласында реформа жүріп жатыр. 21 нор­­мативтік-құқықтық актіге, соның ішінде 1 кодекс пен 5 заңға түзетулер әзір­ленді. Олардың мақсаты – орталық пен өңірлер арасында міндеттерді бөлу, мал дәрігерінің мәртебесін белгілеу, ең­бекақы мен әлеуметтік қолдауды күшей­ту. Жыл соңына Парламентке тиісті заң жобаларын енгіземіз, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Оған қоса, мал дәрігерлеріне ден­саулығын сауықтыруға екі ай­лық көлемінде жәрдемақы төленетін болды. Ветеринария саласы цифрлық фор­матқа көшіріліп жатыр. Жалпы, 2023 жылы ауылда бизнесті дамытуға, ондағы ха­лықтың табысын арттыруға 52,4 мил­лиард теңге бөлінеді деген жоспар бар. Қорыта айтқанда, ауылдарды дамы­туға бағытталған жаңа тұ­жырым­дама бұған дейін қабылданған, қолданыстағы барлық жоба мен жоспарды біріктіріп, жүйелеу мақсатында қабылданбақ. Не десек те, ауылдардағы ахуал алаңдатарлық. Ауылда адам қалмаса, ауыл шаруашылығы саласын да, басқаны да дамыту туралы әңгіме құр дақпырт күйде қалады.