Қазақ тазысын қалай әлемдік брендке айналдырамыз?
Қазақ тазысын қалай әлемдік брендке айналдырамыз?
Кейінгі кезде қазақы тазының тұқымы азайып бара жатқаны айтылып жүр. Бүгінде олардың ресми тіркелгені бес мыңға жетер-жетпес. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жақында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Еліміздегі тазы асыраушылар аталған заң қабылданғаннан кейін жеті қазынаның бірі саналған қазақ тазысына құрметпен қарайтындар көбейер деген үмітте. Өйткені қазір, өкінішке қарай түрлі жолмен асылтұқымды иттердің көзін жоятындар көбейген. Мұнымен қоса, ертерек есепке алып, патенттеп алмасақ, аштық жылдары бір ауылды асыраған ұлттық қазынамызды өзге ел иемденіп кете ме деп алаңдайды.
50 жылдан бері тазы баптайды
Иттің сырттаны саналған, тектілігімен, алғырлығымен ерекшеленген тазы талғампаз келеді әрі ерекше күтімді қажет етеді. Осыған қарамастан арамызда халқымыз қадірлеген таза қанды тазыны баптап, оларды сақтап қалу үшін тер төгіп жүрген жандар бар. Соның бірі – 50 жылдан бері тазы асырап жүрген Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тұрғыны Анар Қазақбаева. Алты жасынан бастап ата кәсіпті қолға алған ол қазір жиырмадан астам тазыны баптап отыр. Бүгінде Анар Қазақбаевадан Қазақстан ғана емес, ТМД елдеріндегі ит асыраушылар кеңес сұрап хабарласып тұрады. Өйткені қаршадайынан иесіне адал жануардың жайын біліп өскен кейіпкеріміз тазы ауырып қалса не істеу керегін жақсы біледі. «5-6 мемлекет өкілдерінен құрылған чатымыз да бар. Көбіне мені ветеринар дәрігер деп ойлап, жан-жақтан хабарласып, емдеуге шақырып тұрады. Өзім 30 жылдан бері мектепте жұмыс істеймін. Оларға «Мен мұғаліммін, ветеринар дәрігер емеспін» деп күлемін. Осы уақытқа дейін 200-ден астам тазыны емдеуге кеңес бердім», – дейді ол. Кейіпкеріміз тазыларының жеткен жетістігі аз емес екенін айтады. Бүгінде үйі олардың түрлі жарыстан алған сыйлықтары мен медаліне толып тұрғанын мақтанышпен жеткізді. Оның ішінде 5 кубок бар. Жақында Жаркентте өткен сайыстан екі алтын медаль алып келіпті. Қазір де алдағы жарысқа қызу дайындық үстінде жүрген кейіпкеріміз көңіліне қаяу түсірген жайттарға да тоқталды. Айналдырған 4 айдың ішінде 3 тазысын машина қағып кетіп, екеуі мүгедек болып қалған. Әлдекімдер екеуін улап өлтіріпті. Сынықшыны шақырып, омыртқасын орнына қойған соң көлік басып, жараланған күшіктер жүре бастапты. Тазы асыраушы енді жаңа заң күшіне енгеннен кейін ақылдылығымен бағаланған тазы иттер мемлекет қамқорлығына алынып, мұндай келеңсіз жайттар болмайды деп сенеді. Сонымен қатар осы саладағы күрмеуі қиын мәселелер шешілсе деген ниетін де жеткізді. Айтуынша, қазір елімізде тазыларды бағалайтын білікті сарапшы маман жоқтың қасы. Өйткені оқуы ұзақ болған соң көбі шыдамай, жарты жолдан тастап кетеді. Маман болу үшін 3-4 жыл тағылымдамадан өтесің. Оның үстіне, көрмелерге қатысып, тағылымдамадан өтіп жүрген маман ретінде 2 мың ит басын тексеріп, бағалау парағын толтыру қажет. Бір көрмеде шамамен 25-50 бас ит болса, оны 2 мыңға жеткізгенше біршама уақыт кететіні белгілі. Бұған қоса, тазы асырайтындардың бәрі көрмеге келіп, құжат жасата бермейтіні тағы бар. «Қазақ тазысы әлем бойынша мойындалған жоқ. Сондықтан осы мәселе көңіл бөлінсе дейміз. Өйткені тазымызға таласып, дауласып жүрген мемлекет көп. Университеттерден мықты сарапшылар шығаруымыз керек. Бұрын Қазақстан кинологтер одағына баратынбыз. Кейін оның директоры мекемені банкрот деп жариялаған соң тәуелсіз мекемелерге тіркелетін болдық. Қазір тазыларды өзге иттермен ұйықтырып, тұқымын бұзып жатқандар да кездеседі. Кейінгі кезде көрмелерде асылтұқымды иттердің қанын тексеріп жатқанын байқап, қуандым. Содан кейін «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігінің жұмысында ақырындап болса да ілгерілеу байқалады. Енді қазақ тазысын патенттеп, әлем бойынша брендке айналдыруымыз керек», – дейді тазы асыраушы.Қазақ тазысы азайған жоқ
Ал бала кезінен тазы баптап, әке жолын қуған Арнат Тұрысбеков «Тазы саны азайып бара жатыр» деген пікірді жоққа шығарды. Қазір тазы тұқымын асылдандыру ісімен де айналысып жүрген ол бұлай дабыл қағу бекер деп есептейді. Айтуынша, тазы асыраушылардың көбі құжат алмаған. Оның бірі өзі екенін де жасырмады. Тұқымы азайды деп жатыр. Ол тек құжат бойынша аз болып тұр. Шындығына келсек, тазы көп. Тазы асырайтындар бір-бірімізбен араласып, жиналып тұрамыз. Олардың саны Талдықорғанның өзінде 200-300-ден асады. Кейінгі кезде көрме жиі ұйымдастырылады. Оған сарапшы мамандар барып, тазыларға баға береді. Содан кейін «Қансонар» ұйымы құжаттандыру ісімен айналысады. Жасыратыны жоқ, көрмелерге өзіміз бармай жатамыз. Әр облыста осындай көрмелер ұйымдастырылып, құжат жасауға күш салса деймін. Бұл үлкен көмек болып, тазылардың бәрі есепке алынар еді», – дейді ол. Арнат Тұрысбеков тазыны баптаған кезде байлап ұстауға болмайтынын айтады. Өйткені қазақ үшін қасиетті саналған текті ит тұқымы еркіндікті жақсы көреді әрі күтімі жақсы болған сайын ұзақ өмір сүреді. Сондықтан күн сайын жүгіртіп, жаттықтырып отыру керек. Арнаттың тынымсыз еңбегінің нәтижесі де жоқ емес. Өзі күшік кезінен баптаған, биыл алтыншы қар басқан Көкдауыл атты тазысы Алматы облысында өткен көрмеден жүлделі 1-орын алса, Тұмар атты текті иті 2-орынға ие болған. «Атымды шығарған осы тазыларым болды» дейді ол. Негізінен, үлкен жарыстар күзде өтеді. Арнат қазір алдағы сайысқа жүйрік тазыларын дайындап жатыр. «Күшік кезінен баптаған соң керек-жарағын, дәрі-дәрмектерін алып, уақытылы аттың артына ертіп жүгіртемін. Бұларды жүгіртіп тұру керек. Әйтпесе, жалқау болып қалады. Тазы – текті, өте ақылды келетін ерекше жаратылыс. Лас жерге жатпайды, өлексе жемейді. Көрінгенге тиісе бермейді. Сосын егесіне адал болады, жақсы көреді. Мінезі тәрбиелегеніңе байланысты