Сайлаубай Жұбатырұлы: Туындыңның бітім-болмысында өзіндік заң жасау – намысты шығармашылық жолы

Сайлаубай Жұбатырұлы: Туындыңның бітім-болмысында өзіндік заң жасау – намысты шығармашылық жолы

Сайлаубай  Жұбатырұлы: Туындыңның  бітім-болмысында өзіндік заң жасау – намысты шығармашылық жолы
ашық дереккөзі
Есімі қазақ көркемсөзінің қадірін бі­летін талғамы жоғары халыққа қа­дірлі де, қымбатты, қалың оқырманның сүйіс­пен­шілігіне бөленген көптеген әңгіме-хи­каяттың, көркем эсселердің, «Абыржы» се­кілді тұрпаты бөлек трилогияның авторы, ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реты, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы­мен әңгімеміз көкейде жүрген көп ойдың жауа­бын берді. Жетпіс бестің асуынан ас­қан қаламгердің ұлт әдебиеті туралы ой­ла­рын қаз-қалпында ұсынып отыр­мыз. – Сайлаубай аға, өмір балалық, жас­тық­тың жарқын өрістерінен бастау ала­ды. Бұдан арғы ой тереңдетулерге барар ал­дында, адамның болашақ мәуелерін ай­қындайтын, қалыптастыратын үміттер мезгіліндей, сонау өмір көктеміңізден сөз тартсақ... – Иә, көктем жарқын үміттер кезеңі ғой! Адам «болашақ» деген «терра-инкогнитоға» қа­дам басарында алдында мың тарау жол жа­тады. Өрістегі жемінің жүлгесін қуалап кете бере­тін бір санасыз жаратылыс емес, адамда ар­ман, жоспар, мақсат дегендер болады. Жақ­сы­лыққа талпынбайтын пенде жоқ. «Талапты ер­ге нұр жауар» – бір жақсы көретін мәтелім. Сол талпынысыңды тіршілік көп бұлғаққа са­­­лады. Ол – өмір. Әйтсе де, соның ішінде ар­ман, мақсат күші – мықты қолдаушы. Талап, тал­пыныс керек. Бала кезіңде оқыған кітап­тар­дың, шырайлы басылымдардың әсері сон­дай күшті, олар өміріңе кететін құнар іспетті. Өз түсінігім солай. (Осы ретте «балалар жазу­шы­сы, ақыны болу – жауапты міндет» деген сән­ге ғана айтылатын сөздің үлкен салмағы осын­да жатыр-ау деген ой көкейде тұрады). Со­лар және ең бастысы, туған, өскен орта, Арал­дың ғажайып қасиеттері мені осы күнге жет­кізді-ау... Бала кезде оқыған кітаптар, идеалдардың бәрі­не алғыстымын. Біз қиян қиялдарға, биік армандарға ша­қыра­тын жерде өстік. Мектеп бітірерде алтын медальға ұсы­ныл­дым. Мектептің ұйғарымын об­­лыс­тағы көкелердің кесімі сүріндірді. Ұстаз­дардың не қадағалағанын қайдам, ал өзім сол кезде В.Чкалов атындағы Орынбор жоғары әскери авиациалық училищесінің (Ю.Гагарин оқыған) курсанты жолында Арал әскери ко­миссариатымен екі арада сабылып жүргем. Аттестатта бар сабақтан «бес», ал қазақ тілі мен әдебиетінен облыс қойып жіберген баға «үш» пен «төрт» болды. Тіл, әдебиет өмірінің мәніне айналған бұл жазушы-қаламгердің сол ілімдегі жағдайы солай басталған. Қайдам, тамыр-таныстық, жер-көрге тарту деген сол кезде де бар ма еді?.. «Бәрі дұрыс, данышпан Эйнш­тейн математикадан «екіге» оқыған! Пушкин өте нашар оқушы болған!» Бұл маған кейін келген жұбату-ой... Ішірткі емес... Балалық қой... Тау шағылып, талап қайту деген қаперде де болған жоқ... Бұдан тек «үлкен өмір аяқтан шалудан басталған екен» деген ой тумасын. – Сіздің үлкен әдебиет табалдырығын аттау жолыңыз көп оқырманға таныс. Қазақ әдебиетіне романтизмнің өзіндік үлгісін әкелген жазушы ретінде таныл­дыңыз. Бұл бағытқа (әсіресе, балалар мен жа­сөспірімдерге арналған хикаят­та­рыңыз­да) бет түзеуіңіздің сыры неде? Кеңес дәуірінде әдебиетте өктем тұрған «со­циалистік реализмнің» түпкі мәнін ерте түсінген соң одан іргені аулақ салу ма, әлде басқа себебі бар ма? – Хикаялы, шиырлы сюжеттерді ұнаттым. Со­нау алғаш қанатқақты дүнием «Алыстағы аралдар» сондай табиғатта туған. Онан ары, лирикалық ауанды «Жасыл сағым» повесін жаздым. Бұл да жаман қабылданбады. Тағы бір конкурс жүлдегері атанды. Тіпті, сонау Ұңғыз сырты Қарақұмындағы түрікмен ағайын бұл повесть бойынша кино да түсірмекші болды... Со­сын, алғашқы аты «Отты өткел», бірақ Зей­нолла (Шүкіров) ағам кейін бір романына осы атауды қолай көріп, өзіне иемденіп алған соң әлгі атын «Тамұқ төріндегі қазына» деп өзгерт­кен тағы бір хикаялы повестке қалам салдым. Жұрт қызығып оқыды. Сосын, ол кезде орыс тілі сән еді, – сондай мода ағы­мын­да орысша «Бумеранг» повесін жаздым (1980 ж.). Бұның бәрі авторлық жол таңдау, шы­ғармашылық сынтасқа түсіп көру әрекеті еді... Әлгі соцреализмге қарсы «бунт» де­ге­ніңе айтарым: «Мен сондай әулие едім, соц­реализмнің тайыз табиғатын ерте түсін­генмін» деп көсемсудің реті жоқ. Кешегі өмірде өскен кім-кім де сол «шапаннан» шыққан. Бір­ақ онан біз өнеге ұстанып жүретін дүние­лердің пәсі төменшік тартпаса керек. Себебі қай «реализм», «басқаизм» болмасын, сөз, өнер нысаны – адам, адам жаны, адам болмысы. Мі­не, сол дегдарларды біздің шеберлер, сондай «..измнің» құрсауында жүріп-ақ тереңіне бойлап, сөйлете алды деп ойлаймын. Сонау еркін әлем перзенттерімен шендесе алатын төл дүниелеріміз солай туған. «Шаблон, стандарт, қалып» дегендер су­қаным сүймейтін нәрселер. Олар еркін ты­ныс­ты тарылтады, адамды қорғаншақ етеді. Мен әу бастан олардан «қиыстау» жол таңдадым. Әлі сол жолдамын... – Балаларға арналған хикаяттардан соң әңгіме жанрында керемет туындылар жасадыңыз. Әңгімелеріңіз сол кездегі өз тұстастарынан мүлдем оқшау ерекше­лігі­мен әлі есте. Тіпті, арасында роман жүгін кө­теретіндей астарлы да салмақты (мә­се­лен, «Басазат» секілді) шығармалар бол­ды. Шерхан Мұртаза секілді көрнекті тұл­ғалар сондай әңгімелеріңізді жоғары баға­лады. Бірақ сіз шығармашылықтың осы бір кемел шағында Алматыны тастап, туып-өскен Сыр-Арал жағасына қоныс ау­дардыңыз. Осының қаламгерлік ғұ­мырыңызға не әсері болды? – Өткен ғасырдың 70-80-жылдары «Қазақ әде­биеті», «Лениншіл жас», «Қазақстан пио­нері» газеттерінде, «Жалын», «Білім және Ең­бек», «Балдырған» журналдарында әңгімелерім жүйелі жарияланып тұрды. Жалпы, оқырман ғана емес, қаламдас-әріптес ағаларым да сол туын­дыларға жылы қабақ танытып, сол іс­петті дүниелердің «ертеңінен үлкен үміт күте» жүрді. Өкінішке қарай, сол жазғандардың біра­зы архивімде сақталмай, жоғалып кетіпті. Мамандығым журналист болғандық­тан, сол салада қисынды түрде тірлік еттім. Алғашқы қызмет орным Ф.Оңғарсынова бас­қаратын «Қазақстан пионері» газеті болды. Ол кезең – неше түрлі ізденіс пен эксперимент уақыты еді. Бұл туралы ақын апамыздың «Ша­шы ағарған қыз» кітабында қысқа, бірақ нұс­қалы сөз бар. Салмақты, сабақты публицистика деген кейінірек келді. Әсіресе, Арал, Сыр­да­рия, «Байқоңыр», жалпы Қазақстан экологиясы тақырыбы тым қордалы еді. Сол зілді мәсе­лелер мәні әсер етті-ау, 80-жылдары қазақ журналистикасындағы проблемалық мақала нұс­қасына жол салып, тың үлгілі сөзсаптауға бардым. Бұл проблемалық публицистика үлгісі болды. (Ш.Мұртаза ағаның пікірі. «Қазақ әде­биеті» газеті, 1984 жыл). Тымырсықтау ахуал­да сөз созып жүрген қазақ журна­лис­ти­касы, кілт сілкініп, осы жаңалықты қызу іліп әкет­ті. Мұның арасында 20 жылдан астам тағы бір кезең болды. «Сөз өнерінің өзіндік бір Көк­­­төбесіне көтерілдім ғой, енді осы мүмкін­дік­ті үні-тілі жоқ, қорғансыздың күнін кеш­кен, тіпті бәрінен тепкі көрген Арал жолына сал­сам қай­теді?» деген ой... 80-жылдар еді. Қай­ран Арал пенделер басына салған ақырет оты­ның орта­сында күйіп жат­ты. КСРО атты империяның қылы­шы­нан қан тамып тұрды. Түрлі қаулымен тұмша­лан­ған аса тыйымды та­қырып еді. Тәуекелді, тіпті бола­шақ көп өмір-жолды кесердей қатерлі талап бол­ды. Кейін­гі өмір-тағдыр­да солай болған да сияқты. Кезбелік жағдайында Аралдың елсіз жаға­лауы мен өлі ұлтанын адақтап кеттім. Арал мен үшін қасиеті ұлық қария еді. Ата-баба алдында саналы бала әмәнда қарыз­дар. Мен Арал бата­сы­мен қанаттанған адам­мын... Бұл сүркіл талап, өңеш-жалаңаш, 80-жылдан басталды, әлі созылып келеді. Шы­­­­ғармашылық қуаттың көп мәйегі соның сада­ғасында кетті. Әлі жансебіл жалғасып ке­леді. Бітетін түрі жоқ. Өйткені Арал әлі күн­ге сол ақырет отының ортасында жатыр... Со­лайша, оқырман ағайын, шамамен, 1980 жыл­дан жазушы С.Жұбатыровты «жо­ғалтып» ал­ды-ау. Тіпті, әдебиетке кездейсоқ келіп қал­ған біреу секілді болдым ба?.. Осы шашбаулы сірі көзқарас содан жабысқан созылмалы сыр­қаттай әлі еріп жүр. Әйтсе де, солай өткен жыл­дар үшін өкінбеймін: Арал үні әлемге жет­ті. Теңіз қасіреті адамзат қай­ғысына айналды. Бүгін­мен санағанда 33 жыл бойы шулата кө­терген «Кіші Арал» жүзеге асып, нәпақасын ел кө­ре бастады. Шүкір! Қо­лымнан келген бірша­ма парызымды атқар­дым-ау деген сезім көңіл түкпірінде... Көркем тірлікте тууы мүмкін-ау деген дүниелердің біразы, сол, 20 жыл, онан да ұзақ бұру жолдың астында кетті. Көп ой іш­тегі шарана күйінде қалды. Олар енді қай­тып тіріле қоймас. Қайран Аралым үшін мен сондай да шығынға бардым. Ортақұрсақ жүр­се де, өзін шығармашылыққа арнап, әдебиет, өнер жолдарында күндіз-түні алаңсыз бейнет кеше алған адамның бір бақыты артық-ау деп ойлаймын. Арал біздей байғұсты от пен суға салды. Ал шын талант (біз соның санатынан та­была алсақ!) қай жерде жүрсе де, талант қой. «Про­писка» дегеннің кей марапат-сияпатта Қо­жанасыр әпенденің ала шапаны сияқты ғана мәні болар... Орыс мәтелі «с любимым и в шалаше рай» дейді. Шығармашылық іңкәр­лігі, Дон-Кихот айтпақшы, сені «жұлдыз жары­ғы, гүлдер иісімен тойындырып, самал желмен сусындатады». Жаныңның бір бөлшегіндей дүние сондай іңкәрлікте туады... Әйтсе де, көкке ұшып кете алмайтын социумның бір бөлі­гісің – адамға пенде жағдайы керек, тұр­мыс халі мәнді... Сый-сияпаттар да тартымды... Әрине, аштан өліп, көштен қалып жатқан біз жоқ. Жан қалауы – еркіндікте, Арал жағасы, ел табиғатының аясында жүру бұйырды ма­ған... Бір қарағанға, социум мәселелері, тә­жі­келі орталардан жырақтау жүру сияқты... Әри­не, сонау «тәжікелі орталарда» өмір мүд­делері, қоғам мәселелері, әріптестер жағдайы, одақ тағдыры үлкен тартыстарда шешіліп жат­ты. Ол күрделі коллизиялардағы жігіттер ең­бегіне бас иемін. Ал өлі Арал ұлтаны да қы­дырыстың жері емес... – Елде жүрген жиырма жылға жуық уа­қытыңызды «Абыржы» трилогиясын жа­зуға арнадыңыз. Пішіні жағынан ал­сақ, үш кітаптан тұратын бұл романыңыз өзінің гибрид-болмысымен, соны да бө­лекше сөз саптауымен, идеяны берудегі астарлы ишаратымен дараланып тұр. Бұл ұзақ жылғы ізденістің жемісі десек те, про­зада мұншама сонылыққа жету оңай емес. Үлкен бір бағыттың басында тұрған «Абыржының» осынша сәтті бітіп, тал­ғампаз оқырманның көңілінен шығуы үшін сізге композициялық жағынан ерек­ше пішін табу маңызды болды ма, әлде қалыпты прозалық схематизмнен қа­шып еркін баяндаудың үлгісін жасау ма? – Апыр-ай, көркем әдебиет туралы түрлі іліми сөзден қашатын едім... «Схематизм» ең ұнат­пайтын нәрсем ғой. «Композицияның ерек­ше пішімі» дегенің де сонан шыққан бо­лар... Мені жазу процесінен гөрі жазу алдын­да­ғы ойлар көп қинайды. Ең бастысы, бұл дү­ние­де айтылатын сөз – таптаурын құла-то­ры баян емес, өкініштің, ай-қаптың, ашу-ыза­ның зығыр үні болуы керек дедім. Бір жағы өк­темдік, бір жағы қорқақтықтың, нем­құрай­ды бейтарап көңілдердің, бейшаралықтың құр­баны Арал алдымызда жатыр. Әлемде ба­ла­масы, мысалы сирек құбылыс. (Жалпы, біз­дің көп тағдырымыз осы тамырлы-ау). Со­ған қалай келу керек? Арал жағасында туса, Уильям Фолкнер, Гарсиа Маркес не дер еді, қа­лай ұқсатар еді мұны?.. Күндіз-түні, көптеген жыл бойы жаным­ды жай таптырмай қамшылаған с­ұ­рақ­тар осылар. Кітаптың алғашқы нұсқалары тіпті күрделі шықты. Қанша от кешсең де, әсте-әстеде, өз ортаңның ақиқатынан алыс ке­те бермеген дұрыс екен. Содан кітапты көп кө­шірдім, көп өңдедім. Соның өзінде күр­де­лілігі әлі де көзге ұрып тұр. Тіпті, кітаптың тех­­никалық әлпетінің өзі қалыпты қабылдауға қиындау. Бәрі сол алынған тақырыптың ау­қым­дылығынан, мәселенің салмағынан, мін­дет­тің үлкендігінен, шамасы... Жалпы, «Абыржының» өзім білетін бол­мыс-бітімін бір сұхбат, бір мақа­ла­да қам­ти айту қиындау. Соңғы 4-5 жыл тал­­­дау­ларында бұл бағытта бірсыпыра ой тар­қа­тылды. Мына әсірепрагматикалық заманда та­баны күректей үшем-кітап жазу – өзін­дік бір донкихоттық болды. Қайтейін, бас­қа амалға бара алмадым... Өзің айтпақшы, бұл жазған «үлкен бір бағыттың басында» тұр­ған дүние болса, шүкірден басқа не айтам? Мұ­ның қай «измге» жататынын сейіс көздер өз­дері танып, айтар. Мен өзім бұл жағын айта алмаймын. Құдай бәлсінуден сақтасын!.. Осы күні әдебиет, өнерде «измдер» баршылық қой. Жал­пы, уақыттың түрлі «измдерін» ескере оты­рып, жазушы өз дүниесінде өз «изімін» жа­сай алса кәне! Әдебиетте бір «Америка ашу» тіп­ті де мақсат емес, бірақ көкей сөзің өзіңе ға­на тән өз соқпағыңда оқырман жаны мен са­насына жетіп жатса, ел алдында да, уақыт ал­дында да Сенің Сөзіңнің айтылғаны. Еш заң­ға бас шұлғымай, бір туындыңның бітім-бол­мысында өзіндік заң жасау – намысты шы­ғармашылық жолы сол. Ал ойлы оқырман сенің «ойын» шартыңды түсініп, тіпті қызыға қабылдайтын сияқты. Ен­де­ше сол оқырманды да күрделі ой-сана ағы­мына шақыру бір жақсы талап. Ұйқылы көңілдерді сергіту, сілкінту опалы тірлік... Мы­салы, инквизиция мен күпірліктің жазасынан қаш­қақтап сөз саптауға мәжбүр болған орта­ғасырлық авторлардың көптеген жұмбақ-та­биғат жазбалары, бүгін қарап отырсаңыз, тек қана сондайлық қорқыныштың амалы немесе оқыр­манды мәңгірте беру әрекеті емес. Ойла­ну­ға, терең пайым-анализдерге шақыру неме­се адамды ой тәрбиесіне, танымдық, эсте­ти­калық, этикалық биіктерге жетелеу әрекеті сияқ­ты көрінеді маған. Классикалық өлмес жауһарлардың бір кереметі сондай қасиет­терін­де болар... Оқырманға өкпелеу деген болмайды. «Ме­н­ің идеям керемет. Оны оқымаса, қой­сын. Өзіммен бірге алып кетем» деген ой – әлсіздің қыжылы. Жазуға деген іңкәрлікте мұн­дай көңіл болмайды. – Кейінгі кездегі шығармаларыңыз эс­­сеис­тика бағытында жазылып келе жат­қанын бай­қап жүрмін. Мәселен, енді шық­қалы жат­қан «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» кіта­бы­ңыз. Мұның біраз тарау­лары «Қазақ әдебиеті, «Ана тілі» газет­те­рін­де соңғы 20 жыл бедерінде жария­ла­нып келеді. Бұл қалыпты прозалық шаб­лондардан бас тарту ма, әлде ойды ер­кін болжамдармен берудің өзінше бір үл­гісі ме? – Жазу тірлігінің қызықтырып ша­қы­рар жо­лы көп. Сондықтан ба, жазушы-фи­лософ, жазу­шы-драматург деген ұғым­дар қатарында жазу­шы-саясаткер, жа­зушы-тарихшы, жазу­шы-эколог, жа­зу­шы-саяхатшы деген сияқты анық­­тауыш­тар ешкімді таңғалдырмайды. Асылы, «үй­күшік» біреу болмаса, қаламгер көп­­теген құбылыстың өткір жүзінде жүреді. Бәл­­кім, ол нысанды мәселеге тым терең­деп бара алмас (бұл енді таласты жайт), бі­рақ өз қиял-ізденістерінде көп жайтқа жол бастап ашады. Тарих мұны дәлел­деу­мен келеді. Леонардо да Винчи феномені тек ренес­санс құбылысы емес. Біз өзіміздің рухани-мәдени көкжие­гіміз­ді әуелі бірер ғасыр, сосын, «бес», «же­ті» ғасыр, сосын түркі кезеңіне кеңейту үде­­­рісін кібіртіктеп бастап, бүгін ары да­мыту­шы жұртпыз. Буырқанған әлем ой мен қырды қал­дырмай аударып жатыр. Сол ұлы ағынға не­ге ат қоспасқа?! Әсіресе, Ұлы Дала, Тұран сияқ­ты әлемдік те, тарихи да феноменнің тө­рін иен жайлап жатқан жұрт болсақ! Кере­мет жаңалықтар, әлде сенсация биіктері ша­қы­рып тұр. Соларға өз жолдарымызды тарту керек. Тек мұндайда «еркіндіктің балалық ауруы» деген шетіндікке ұрынудан сақтасын! Адамзаттың Қазық Жұрты – мына жатқан Қа­зықұрт, әлемдік философия атасы Зара­туштра, Атажұрт-Ататілдің түбірлі тегі, әлем тіл­деріндегі түркілік сарындар сияқты жайт­тар мені көп ойландырады, қызықтырып жү­­­­ретін. Сол шақырулардан шыққан ойлар ғой. Шамамен 2000 жылдың орта шенінен бер­мен қарай орталық басылымдарда жария­ла­нып келеді. Байқаймын, сондай сабақты-сал­мақты бағыттарда айтылып жүрген пікір­лер осы күні баршылық. Қайсысының салмағы қаншалық, негізі қандай – салыстыра бағамдау көрсете жатар. Әрине, бәрі де жазушының беймаза із­де­нісінің жемістері. «Жазушы» деген бей­ма­заны бұл принципті мәселелерде ескер­тің­кіреп айтқан мақұл. – Қаламгерлердің шығармашылық тағ­­дырында қиянат-плагиат деген мы­сал­дары кездеседі. Біреулер біреудің идея­сын ұрлайды, кей шығармалардың қол­жаз­басы жоғалып кетіп, кейін оның бас­қа бір жақтан қылаң беруі байқалады не­месе көп бейнеттен туған туындылар дер кезінде бағасын алмай, оның өңі өз­герген эпигондары өзге біреулердің же­місті-жеңісті еңбектеріне айналып жата­ды. Сіздің жолда ондай жағдайлар кез­дес­педі ме? – Мына сұрағыңды ойлап қарасам, айтқа­ның­ның барлығы да менің басымда болған жайт­тар сияқты. Ендеше сөздің орайы келген­де, ойдағыны айтып тастаған да дұрыс болар, бұл жайттарды үн-түнсіз арқалап кетуде не мәніс?.. Өзім де бұрыннан шет-пұшпағын естіп жүретін едім, Фариза апамыз Оңғарсынова өзі қатысқан соңғы жазушылар құрылтайында мені арнайы әңгімеге тартып, шамасы көкейде жүр­ген бір сырын айтты. «Сайлау, мен сыр­қат­танып жүрмін, мына бір жайтты өзіңе айтпай кет­кенім дұрыс болмас: Қазақстан комсомолы мен «Жалын» альманағының сол бірінші бәй­гесінде бар комиссия мүшесі сенің «Алыстағы аралдар» повесіңе бірінші орын беріп еді, ақ­сақа­лымыз Сапарғали Бегалин, жалғыз өзі, «бірін­ші орынды Т.Нұрмағанбетовтің «Қош бол, атасына» бермесеңдер, мен сендерге риза емес­пін» деп «сақалын алға тартып» отырып алды. Амал жоқ, комиссия сол үлкеннің айт­қанын істеуге мәжбүр болды. Жеңіс сенікі еді, бірақ нәтиже басқаша шықты, бұл шындықты біле жүргенің мақұл» деді. Мен апамызға рақмет айттым. Бұл туралы бір сыбыстар бұрын­нан жететін, мен соны тіпті зерлеген еме­спін, талай адал көңілдің бағын ашқан, 70-жылдардың «жыл келгендей жаңалығы» бол­ған, Шерхан ағам айтпақшы, «сыбыр-сып­сыңсыз» өткен бәйгенің тазалығына, адал­ды­ғына сенімім кәміл еді. Әлі сол көңіл... Тек осы күні астаналар жақтан келетін телефон-ха­бар­ларда, әлемжеліде әдебиет саласында соң­ғы кезде болып жатқан дабыралы істерде сонау күмәнді «баспалдақтан» басталған қа­дам­ның біреулер үшін өмір дәстүрі ме, тәсілі ме болып кеткенін ишара еткен сөз көп. Әр істің негізі ойлантады... Иә, әркім әділет ал­дын­да жауапты. Оның нағыз сұрауы мүлдем басқа жақта болар... Екінші: 1973 жылы Мәскеуге екі айлық іс­сапарға бардым. «Пионерская правда» га­зетінде маған қараған жұмыс та жоқ еді. Со­дан нағыз махаббат дегенді іздеген бір жас жі­гіт туралы повесті сонау Мәскеу-қалада бір дем­де жазып тастадым. Аты есімде жоқ. Жас жі­гіт нағыз махаббат іздеп, от пен су кешеді, тіп­ті сондай үміт ізінде сығандар арасына бара­ды, бір өлімнен қалады... Повесть моралі бы­лай болатын: нағыз үлкен махаббат, әйтеуір бір келеді, тек сен түңілме, адаспа, үмітіңді үз­бе... Ол кезде қазіргідей компьютер деген жоқ, андағы машинкалардың бәрі орысша. Алматыға келгесін қолдан жазылған жалғыз дана дүниемді алып, «Жалын» альманағына жеттім. Проза бөлімінің бастығы Б.Нұржекеев еді. Жазушы сол жерде, «кассадан ұзамай» де­гендей, сол шағын повесті бірден оқып шықты. Бұл ынталылықты мен түсінбедім... Сонымен, Аллаһу акбар, сол дүние солай кете барды, мен де сұрамадым, ол да жарық көрмеді, не бір хабары да келмеді. Ол кезде шамалы атақ­тың желімен желпініңкіреп жүрген аң­ғалдық бар еді. Шәмші ағамыздың «ертеңгісін үйден шыққанда, қолтығымда қыстырған бірнеше әнім болады, бірақ сонан кейде түске шейін «Лениншіл жасқа» жете алмай, әндерім­нің де қайда қалғанын білмей жүремін» дейтін гәбі біздің де баста болып тұратын жайттар еді. (Сондай хабарсыз кеткен дүниелер есебін жүргізген емеспін). Сонымен, сол повесть бүгінге шейін мен үшін жұмбаққа жұтылған дүние. Бірақ бір жайтқа кейінірек мән бердім: көп ұзамай, сол 70-жылдардың орта шенінде Б.Нұржекеевтің «Бір ғана махаббат» атты кіта­бы шықты. Әлгі повесімнің аты сол емес пе еді де­ген ой жүрді біраз көңілімде. Кейін ол ой да ұмы­тылып кетті. Ол кісімен біз өмірде мүлдем қатысқан адамдар емеспіз... Ол автор содан бас­тап қазақ әдебиетіндегі махаббат-жетік ав­торға аталды... Енді мына әдеби тірліктерде «Абыржы» сияқты етек-жеңі кеңдеу дүниеден де жырымшылау бар деседі. Соның бәрін аңдап-бағамдауға осы күні уақыт та жоқ... Эпигон деген плагиаттың бір ұрқыны деп ойлаймын, былайша айтқанда, ол да бір өзінше «шеберлік мектебі» сияқты. Ол бүгін сон­шама қарабайыр емес, заманына сай – же­тіліп, «қуланып» алған. Мысалы, сен бір заман­да өз қанаңнан шыққан баланың таныс бел­гі­лерін өзгеден көріп тұрасың, бірақ ол солай деп дәлелдеу қиын. Мейлінше иленген (өңдел­ген), «киіндірілген» бауыр етіңді өзімдікі деп айта да алмайсың. Даукес, рухани кембағал біреуге айналуың мүмкін. Мен ең жек көретін адами кінәраттың бірі бұл... – Сөз соңында бүгінгі қазақ прозасы ту­ралы ойларыңызды білгіміз келеді. Қандай жас, жасамыс жазушылардың шы­ғармаларын оқып, нендей пікір түй­діңіз? Әдебиеттің бүгінгі бағытында қан­дай да жетістіктер, соны бағыт, ерекше ізденістер көзіңізге түсті ме? – Ізденістер бар. Жастардың көбінің аты ес­те қала бермейді... Бірақ көңіліңді елең ет­кі­зер соны дүниелер бірінші сөйлемінен-ақ көз тар­тып сала береді. Олар үшін қазір замана көк­темі ғой. Көп мүмкіндік бар... Осы жерде, жас талапқа қатысты бір ойды орайлай ке­тейін: (көркем әдебиетке тікелей қатысы бол­маса да, бейнелі мысал) атақты П.Пикас­со­ның сурет салу үдерісімен танысу реті келді. Ис­пандықтар зәңгі тұқымына әуес ел ғой, су­рет­ші, әуелі, он екі мүшесі түгел бұқаны бей­не­лейді. Портреттік шыншылдығы ренессанс жау­һарынан бір де кем емес. Бірақ бірер апта өт­кенде, әлгінің бас-аяғы күзеліп, сол зәңгі тү­лігі кәдімгі инелікке ұқсай бастайды, ақыр соңында, әжептәуір бұқадан бір-жар сызықтар ғана қалады. Пикассо абстракциясына «жол осы­лай түседі». Мұның мән-моралі былай: бол­­мысты портреттік қабылдау – примитив көз­­қарас, ал ойлы адам оның ең мәнді деталь­да­­рын ұғынып «ұстайды». Сөйткенде адам абст­­ракциялы ойлау, биік рухани, интел­лек­туал­ды таным деңгейінде болмақ. Интел­лек­туалды кемелдікке шақырудың бір жолы осы іспетті. Адам жанын толғандыру, адамды ой­лан­дыру қай туындының да биік миссиясы... Жаңа шығармаларда кешегі қаз-қалпындағы баяндаулардан гөрі астар айтары терең, көкей ой­дың көркем мәнділігін ұғыну бар. Жас ав­тор­лар жиірек баратын символизм осының бір көрінісі. Ойлылыққа шақыру, интеллект, эс­те­тика дегдарлығы бүгінгі біз үшін ауадай қа­жет. Қарау бар да – көру бар, тыңдау бар да – есту бар, оқу бар да – тоқу бар... Соңғылары мәнді... Қапелімде аты еске түспей тұрғаны бол­маса, әдебиет жолында маңдайдан тер бұр­шақ­татып жүрген бірталай іні-қарындас бар. Со­лардың арасында өзінің ізденісімен дара­ла­нып көзге түсіп жүрген Бегабат Ұзақов іні­міз­ді айта кету ләзім. Оның соңғы прозалық кіта­бындағы он бес әңгімесі қазақ өмірінің соң­ғы жарты ғасырын қамтып, біздің рухани әле­мімізде болып жатқан жақсылық пен жа­мандықтың, аярлық пен адалдықтың, шынайы бә­секе мен көрсоқыр қызғаныштың егесіне сан тараптан назар аудартып, соның астарына үңілтеді. Ең бастысы, оның жазу тәсілі мен су­реттеген өмір сыры өзгеше, соны. Тіпті, архе­тип кейіпкерлер жасаудың биігінен көрінген. Ал «жасамыс» дегенің – қатарын мына біз де көбейтіп жүрген қарам болар? Аруақты ата­лар рухтарынан кешірім сұраймын, жаңа та­рихымыздың көшін тарихи романдармен біраз қыр асырдық. Бірақ «жасамыстар» жаңа өмір шындығына көп тісі бата алмай жүр. Мәселе жаңа өмірдің артық-кемісінде емес, сол толқындар арасындағы адам жаны, адам­дар тағдырында. Ал өз заманының сырын та­мыршыдай тап басып, бүгінді өткенмен ас­тастырып тамаша туындылардың иесі атан­ған шеберлердің уақтысында лайық бағасын ала алмай қалуы да әділетсіздік. Әйтпесе, қазақ прозасында үлкен орны бар прозашы М.Қа­наз­дың шығармашылығы туралы бірен-саран пікір­лер болғанымен, әділ талдау жасалмай, сол күйінде арғы ғасырдан бергі ғасырға өтіп, кешеге дейін бағаланбай келуі өрескел кем­шілік. Біздің қатардан кеше өтіп кеткен М.Қа­бан­бай, М.Асылғазин, Төлеухан (тегін ұмыттым), Қадырқұл (тегін ұмыттым), Ж.Кәт­тебеков сияқты феномендер – жанбай жа­тып сөнген жұлдыздар еді. Мен өзіндік өз­ге­ше үні бар талант тобын айтып отырмын. Ең­бегі еш бағаланбай кеткен Жанат Ахмадидің орны бір бөлек... Дей келгенде, әдебиет үшін төк­кен тер ешқашан далаға кеткен емес. – Әңгімеңізге рақмет!