Жалпақ жұрттың Жеткергені

Жалпақ жұрттың Жеткергені

Жалпақ жұрттың Жеткергені
ашық дереккөзі
Адам баласын алға үлкен армандар, биік мақ­сат­тар жетелейді. Шалқар өңірінде туып-өскен Жет­кер­ген Елемес те шулы қаланың бір баласы болғанымен, кей­бір құрдастарындай көше тәрбиесінің жетегінде кет­кен жоқ. Жастайынан кітап оқуға құмар болды, бойы­нан өнерге біртабан жақындық сезілді. Мектеп бітіргеннен кейін белгілі бір мамандық алуды көздеген жас жігіт Жеткерген Жамбылдағы гид­ро­мелиоративтік-құрылыс институты­на оқуға түсіп, инженерлік дипломды қол­ға алғаннан кейін туған өңірі Шал­қар­ға қайтып оралды. Жас маманның ал­ғашқы еңбек жолы «Жаңақоныс» кең­шарында агроном болудан басталды. Не­гізінен, қой шаруашылығымен шұ­ғылданатын шаруашылықта ол кезде агро­ном үшін атқаратын көп шаруа бо­ла қоймайтын. Сондықтан да ол көп ұза­май жол-құрылыс мекемесіне қыз­мет­ке ауысты. №3-жылжымалы меха­ни­­­каландырылған колонна деп атала­тын ұжымда бастапқыда прораб болған ол бірте-бірте жауапты лауазымдар тіз­гінін ұстай жүріп, басшылық са­ты­сы­на дейін көтерілді. Сол уақыттағы жер­гі­лікті құрылыстарда оның айқын қол­таңбасы қалды. Бір-біріне іргелес жатқан үш ау­дан­д­а — Шалқарда, Ырғыз бен Мұғал­жарда көптеген әлеуметтік нысан бой көтерді. Солардың қатарында сегіз мек­теп, екі клуб ғимараты, жиырмаға жуық тұрғын үй бар еді. Тіпті, ол кездің өл­шеміне ауырлау соғатын бір зауыт құры­лысын да қолға алғандары бар. Со­ның барлығы ел игілігі үшін жасалған қыз­меттер еді. Тынымсыз еңбегі елеусіз қал­ған жоқ. Қазақстанның «құрметті құры­лысшысы» атағы берілуі уақытпен са­нас­пай төгілген ащы тердің өтеуі шы­ғар, бәлкім. Шалқар аграрлық-техникалық колледжі — осы өңірдегі ма­ман жұмысшылар даярлайтын байырғы оқу орны. Кейін №11 кәсіптік лицей атан­ды. Кешегі бір тұстарда бұл меке­ме­де де қиындықтар болды. Жеткерген Да­нағұлұлы сол кезде құрылыс сала­сын­дағы ұзақ жылғы тәжірибесін, бас­шы­лықтағы ұйымдастырушылық қабі­ле­тін пайдаланып, көптеген олқы тұс­тар­ды үйлестіріп, түзетіп алды. Ауыл шаруа­шылығында қай кезде де білікті ма­мандар жетіспей жатады емес пе? Ол бас­қарған тұста лицей сегіз мамандық бойын­ша білікті жұмысшылар даярла­ды. Солардың қатарында уақыт тала­бы­на сай аса қажетті саналатын, үлкен сұ­­ра­нысқа ие газэлектр дәнекерлеу­ші­лері де бар болатын. Бейнеттің еңбектің зейнетін көр­генге не жетсін! Еңбектің баға­лануы қай кезде де адамға жігер береді, қа­наттандырады. Бұл тұрғыдан Жеткер­ген Данағұлұлының еңбегі ескерілмей қа­лған кезі жоқ деуге болады. Аудан, об­лыс басшылығының алғысхаттары, Бі­лім және ғылым министрлігінің Құр­мет грамотасы, «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мере­ке­лік медалі, «Ғылым жетістіктері сала­сын­дағы еңбегі үшін» медалі, Ыбырай Ал­тынсарин атындағы медаль, «Қазақ­стан экономикасы — Даңқ жұлдызы» ор­дені, «Ауданның жыл адамы – 2007» атақ­тары, осылай жалғастыра беруге бо­лар еді. Осы қатарда ол үшін 2017 жыл Шалқар ауданының құрметті аза­матына ұсынылуы ерекше қадірлі. Бұл бір жағынан үлкен жауапкершілік те. Өткен жылы Ақтөбе облысы әкімінің «Об­лысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгі­сімен марапатталды. Осы қызмет істеп жүрген жыл­да­рында ол аудандық мәслихатқа де­путат болып үш рет сайланды. Бұл рет­тегі халық сенімін ақтау жолында елді көркейту, өңірдің түйінді мәсе­ле­лерін шешуде де белсенділік көрсетті. Бүгін­де жүріп өткен жолын зерделеп қара­са, еңбек өтілі жарты ғасырға тіре­ле­ді екен де, соның отыз жылдайында бас­шылық тізгінді ұстапты. Басшы болу — ұжымды басқару ғана емес, адамдарды да тәр­биелеу, жақсылыққа жетелеу. Жеткерген Да­нағұлұлының өзі нақ осылай ұғы­нады және осы ұстанымынан еш айны­ған да емес. Жеткерген Данағұлұлы жас­тайы­нан топтың ішінде емес, көп­тің алдыңғы легінде жүріп қалып­тас­ты. Тіпті, тойлар мен отырыстарда да тізгінді берік ұстап, қандай да жиын­ның мағыналы да сәнді, салиқалы бо­лып өтуіне жол салатын. Ол басқарған сал­танаттарға қатысқандар рухани байып қайтатын, небір сүбелі сөздермен құ­лақ құрышы қанып, көкіректері са­мал желпігендей болып қалатын. Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаты, белгілі әнші Ай­гүл Елшібаева: «Ағамыз жасында өте ажар­лы болатын. Домбырамен тойларда Ба­тақтың Сарысын қалай керемет ай­татын!» деген таңғалысын үнемі білдіріп жүреді. Шынында да: Баласы мен Батақтың атым – Сары, Құрысын мендей болса жұрттың бәрі. Он екі ай абақтыда жатқанымда, Қара шай бір қайнатым болды дәрі, — деп келетін зар мен мұңға толы жырды екінің бірі нәшіне келтіре орындай алмайтыны ақиқат. Жәкеңнің өлеңге, өнерге құш­тар­лығы өз алдына, көкірегі толып тұрған кеніш деуге болады. Өт­кен тарихты, туған жердің сай-саласын, қыры мен беткейін, замана бедерлерін алақандағыдай айтып отырады. Биыл мың жылдықты болжаған Мөңке би Тілеуұлы туралы кітап түрік тілінде Münke Biy деген атпен ба­сылып шығып, елге жеткізілгенде қалың жұрттан сүйінші сұрап, көпке таныс­тырғандардың бірі де Жеткерген Елемес болатын. Әдетте үлгі-өнегенің негізі әкеден тарайды ғой. 1942 жылы әскерге алы­нып, 1945 жылға дейін қолынан қаруын тастамаған Данағұл Елемесов 918-жеке корпустық саперлік батальон­да сапер бола жүріп, Украина, Белорус­сия­ны, Балтық бойы елдерін жаудан азат етуге қатысады. Отыз бес жастың төбесі көрінген тұста майданнан аман-есен ора­лып, жарақатына қарамастан ең­бек­ке араласып кеткен ол Тойған атты аруды шаңыраққа келін етіп түсіріп, бір отау­дың еңсесін тіктейді. Дүниеге бірі­нен соң бірі он перзент келеді. Алайда оның бесеуінің ғана алдағы күндерден татар дәм-тұзы бар екен. Төрт қыз — Набат, Сәния, Дания, Жәния және олардың ортасын­дағы Жеткерген әкенің аялы құшағында, ананың мейірімі аясында өсіп келе жат­ты. Алайда «Қызыл жұлдыз» колхо­зын­да шопан болып еңбек етіп жүрген Да­нағұл елу жасында өмірден өтті. Та­лай рет майдан даласында қауіпті-қа­тер­лі жерлерден аман-есен өтіп жүрген са­перді бейбіт күннің тыныштығы бәрі­бір сақтай алмады. Соғыс жарақаты қа­лайда сыр берді. Бұл кезде оның үміт күт­кен ұлы, өмірінің жалғасы Жеткер­ген тоғыз жаста ғана болатын. Әйтеуір, әкесінің көзі тірісінде атқа мініп, тізгін ұстап үлгерді. От пен судың ортасында шың­дал­ған Данағұл марқұм табиға­тында тез шешім қабылдап, айнала­сын­дағы адаммен ортақ тіл табыса кететін көпшіл мінездің адамы екен. Сол қасиеті артында қалған жалғыз ұлға да, кейінгі немерелеріне де әр қырынан сыналап жеткен сияқты. Майданнан кеудесіне «Қызыл жұлдыз» ордені мен бірнеше ме­дальды тағып оралған жауынгер ел­дегі еңбекте де есесін жіберген жоқ. Сол уақыттағы өнегелі өлшем — социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Халыққа сыйлы азамат болды. Өмірден ертерек кеткен әкенің асыл аманатындай жалғыз ұл — Жеткерген қатарынан қалмай ұмтылып жүріп жетілді. Әке есімін мәңгі есте қал­дырудың жолы азамат атанып, елге қа­пысыз қызмет ету деп ұқты. Өзі ал­дына қойған сол міндет үдесінен шықты да. Бүгінде өзі де ел ағасы атанды. «Елде кімің бар?» деп алыстан сапар шеккен жо­лаушы Шалқарға келіп ат басын тіре­генде жерлестерінің Жәкеңді алға шы­ғаруы қазірде үрдіске айналған. Жеткерген өзінің екі ұлы — Аң­саған мен Ерболдың құжат­та­ғы тегіне Данағұл есімін жаздырды. Бұл бір жағынан немерелері бойында ата­ларына деген құрмет сезімін тудырса, екіншіден сондай болсақ деген сара жол­ға да жетелейтіндей көрінеді. Олар­дың соңынан ерген Әсел қарындасы да тәрбиелі отбасынан шыққанын көр­се­тіп, ибалы да әдепті қалпымен көп­ші­лік ілтипатына ие. Осындай үш перзенттің аяулы ана­сы Лиза Үмбетқызы, өкініш­ке қарай өмірден ертерек кетті. Біраз жыл Шалқарда ұстаздық қызмет ат­қар­ған ол өз балаларымен бірге көптеген шә­кірттің келешегіне жақсы жол сілте­ген тәлімгері атанды. Егделікке қарай беттеген жігіт аға­сының жалғыз жүруі жарас­пас деген ел тілегі Жеткергеннің шаңыра­ғына Нағима Шынықұлқызын әкелді. Бү­гін­де Шалқар аудандық тарихи-өлке­тану музейінің директоры болып қыз­мет атқаратын ол әулеттің алтын ұя­сы­нан түлеп ұшқан үш баланың тілекшісі, се­гіз немеренің әжесі. Бүгінде Жәкең Шалқар өңіріндегі жал­пақ жұрттың Жеткергеніне ай­налды. Ел сөзін сөйлеп, халық қамына алаң­дап отыратын ел азаматының ал­дын­­да әлі талай айшықты белестер кү­тіп тұрғаны күмәнсіз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ, Журналистер одағының мүшесі, Ақтөбе облысы