Жалпақ жұрттың Жеткергені
Жалпақ жұрттың Жеткергені
Адам баласын алға үлкен армандар, биік мақсаттар жетелейді. Шалқар өңірінде туып-өскен Жеткерген Елемес те шулы қаланың бір баласы болғанымен, кейбір құрдастарындай көше тәрбиесінің жетегінде кеткен жоқ. Жастайынан кітап оқуға құмар болды, бойынан өнерге біртабан жақындық сезілді.
Мектеп бітіргеннен кейін белгілі бір мамандық алуды көздеген жас жігіт Жеткерген Жамбылдағы гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, инженерлік дипломды қолға алғаннан кейін туған өңірі Шалқарға қайтып оралды. Жас маманның алғашқы еңбек жолы «Жаңақоныс» кеңшарында агроном болудан басталды. Негізінен, қой шаруашылығымен шұғылданатын шаруашылықта ол кезде агроном үшін атқаратын көп шаруа бола қоймайтын. Сондықтан да ол көп ұзамай жол-құрылыс мекемесіне қызметке ауысты. №3-жылжымалы механикаландырылған колонна деп аталатын ұжымда бастапқыда прораб болған ол бірте-бірте жауапты лауазымдар тізгінін ұстай жүріп, басшылық сатысына дейін көтерілді. Сол уақыттағы жергілікті құрылыстарда оның айқын қолтаңбасы қалды.
Бір-біріне іргелес жатқан үш ауданда — Шалқарда, Ырғыз бен Мұғалжарда көптеген әлеуметтік нысан бой көтерді. Солардың қатарында сегіз мектеп, екі клуб ғимараты, жиырмаға жуық тұрғын үй бар еді. Тіпті, ол кездің өлшеміне ауырлау соғатын бір зауыт құрылысын да қолға алғандары бар. Соның барлығы ел игілігі үшін жасалған қызметтер еді. Тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстанның «құрметті құрылысшысы» атағы берілуі уақытпен санаспай төгілген ащы тердің өтеуі шығар, бәлкім.
Шалқар аграрлық-техникалық колледжі — осы өңірдегі маман жұмысшылар даярлайтын байырғы оқу орны. Кейін №11 кәсіптік лицей атанды. Кешегі бір тұстарда бұл мекемеде де қиындықтар болды. Жеткерген Данағұлұлы сол кезде құрылыс саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесін, басшылықтағы ұйымдастырушылық қабілетін пайдаланып, көптеген олқы тұстарды үйлестіріп, түзетіп алды. Ауыл шаруашылығында қай кезде де білікті мамандар жетіспей жатады емес пе? Ол басқарған тұста лицей сегіз мамандық бойынша білікті жұмысшылар даярлады. Солардың қатарында уақыт талабына сай аса қажетті саналатын, үлкен сұранысқа ие газэлектр дәнекерлеушілері де бар болатын.
Бейнеттің еңбектің зейнетін көргенге не жетсін! Еңбектің бағалануы қай кезде де адамға жігер береді, қанаттандырады. Бұл тұрғыдан Жеткерген Данағұлұлының еңбегі ескерілмей қалған кезі жоқ деуге болады. Аудан, облыс басшылығының алғысхаттары, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалі, «Ғылым жетістіктері саласындағы еңбегі үшін» медалі, Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль, «Қазақстан экономикасы — Даңқ жұлдызы» ордені, «Ауданның жыл адамы – 2007» атақтары, осылай жалғастыра беруге болар еді. Осы қатарда ол үшін 2017 жыл Шалқар ауданының құрметті азаматына ұсынылуы ерекше қадірлі. Бұл бір жағынан үлкен жауапкершілік те. Өткен жылы Ақтөбе облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Осы қызмет істеп жүрген жылдарында ол аудандық мәслихатқа депутат болып үш рет сайланды. Бұл реттегі халық сенімін ақтау жолында елді көркейту, өңірдің түйінді мәселелерін шешуде де белсенділік көрсетті. Бүгінде жүріп өткен жолын зерделеп қараса, еңбек өтілі жарты ғасырға тіреледі екен де, соның отыз жылдайында басшылық тізгінді ұстапты. Басшы болу — ұжымды басқару ғана емес, адамдарды да тәрбиелеу, жақсылыққа жетелеу. Жеткерген Данағұлұлының өзі нақ осылай ұғынады және осы ұстанымынан еш айныған да емес.
Жеткерген Данағұлұлы жастайынан топтың ішінде емес, көптің алдыңғы легінде жүріп қалыптасты. Тіпті, тойлар мен отырыстарда да тізгінді берік ұстап, қандай да жиынның мағыналы да сәнді, салиқалы болып өтуіне жол салатын. Ол басқарған салтанаттарға қатысқандар рухани байып қайтатын, небір сүбелі сөздермен құлақ құрышы қанып, көкіректері самал желпігендей болып қалатын.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, белгілі әнші Айгүл Елшібаева: «Ағамыз жасында өте ажарлы болатын. Домбырамен тойларда Батақтың Сарысын қалай керемет айтатын!» деген таңғалысын үнемі білдіріп жүреді.
Шынында да:
Баласы мен Батақтың атым – Сары,
Құрысын мендей болса жұрттың бәрі.
Он екі ай абақтыда жатқанымда,
Қара шай бір қайнатым болды дәрі, —
деп келетін зар мен мұңға толы жырды екінің бірі нәшіне келтіре орындай алмайтыны ақиқат.
Жәкеңнің өлеңге, өнерге құштарлығы өз алдына, көкірегі толып тұрған кеніш деуге болады. Өткен тарихты, туған жердің сай-саласын, қыры мен беткейін, замана бедерлерін алақандағыдай айтып отырады.
Биыл мың жылдықты болжаған Мөңке би Тілеуұлы туралы кітап түрік тілінде Münke Biy деген атпен басылып шығып, елге жеткізілгенде қалың жұрттан сүйінші сұрап, көпке таныстырғандардың бірі де Жеткерген Елемес болатын.
Әдетте үлгі-өнегенің негізі әкеден тарайды ғой. 1942 жылы әскерге алынып, 1945 жылға дейін қолынан қаруын тастамаған Данағұл Елемесов 918-жеке корпустық саперлік батальонда сапер бола жүріп, Украина, Белоруссияны, Балтық бойы елдерін жаудан азат етуге қатысады.
Отыз бес жастың төбесі көрінген тұста майданнан аман-есен оралып, жарақатына қарамастан еңбекке араласып кеткен ол Тойған атты аруды шаңыраққа келін етіп түсіріп, бір отаудың еңсесін тіктейді. Дүниеге бірінен соң бірі он перзент келеді. Алайда оның бесеуінің ғана алдағы күндерден татар дәм-тұзы бар екен.
Төрт қыз — Набат, Сәния, Дания, Жәния және олардың ортасындағы Жеткерген әкенің аялы құшағында, ананың мейірімі аясында өсіп келе жатты. Алайда «Қызыл жұлдыз» колхозында шопан болып еңбек етіп жүрген Данағұл елу жасында өмірден өтті. Талай рет майдан даласында қауіпті-қатерлі жерлерден аман-есен өтіп жүрген саперді бейбіт күннің тыныштығы бәрібір сақтай алмады. Соғыс жарақаты қалайда сыр берді. Бұл кезде оның үміт күткен ұлы, өмірінің жалғасы Жеткерген тоғыз жаста ғана болатын. Әйтеуір, әкесінің көзі тірісінде атқа мініп, тізгін ұстап үлгерді.
От пен судың ортасында шыңдалған Данағұл марқұм табиғатында тез шешім қабылдап, айналасындағы адаммен ортақ тіл табыса кететін көпшіл мінездің адамы екен. Сол қасиеті артында қалған жалғыз ұлға да, кейінгі немерелеріне де әр қырынан сыналап жеткен сияқты.
Майданнан кеудесіне «Қызыл жұлдыз» ордені мен бірнеше медальды тағып оралған жауынгер елдегі еңбекте де есесін жіберген жоқ. Сол уақыттағы өнегелі өлшем — социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Халыққа сыйлы азамат болды.
Өмірден ертерек кеткен әкенің асыл аманатындай жалғыз ұл — Жеткерген қатарынан қалмай ұмтылып жүріп жетілді. Әке есімін мәңгі есте қалдырудың жолы азамат атанып, елге қапысыз қызмет ету деп ұқты. Өзі алдына қойған сол міндет үдесінен шықты да. Бүгінде өзі де ел ағасы атанды. «Елде кімің бар?» деп алыстан сапар шеккен жолаушы Шалқарға келіп ат басын тірегенде жерлестерінің Жәкеңді алға шығаруы қазірде үрдіске айналған.
Жеткерген өзінің екі ұлы — Аңсаған мен Ерболдың құжаттағы тегіне Данағұл есімін жаздырды. Бұл бір жағынан немерелері бойында аталарына деген құрмет сезімін тудырса, екіншіден сондай болсақ деген сара жолға да жетелейтіндей көрінеді. Олардың соңынан ерген Әсел қарындасы да тәрбиелі отбасынан шыққанын көрсетіп, ибалы да әдепті қалпымен көпшілік ілтипатына ие.
Осындай үш перзенттің аяулы анасы Лиза Үмбетқызы, өкінішке қарай өмірден ертерек кетті. Біраз жыл Шалқарда ұстаздық қызмет атқарған ол өз балаларымен бірге көптеген шәкірттің келешегіне жақсы жол сілтеген тәлімгері атанды.
Егделікке қарай беттеген жігіт ағасының жалғыз жүруі жараспас деген ел тілегі Жеткергеннің шаңырағына Нағима Шынықұлқызын әкелді. Бүгінде Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып қызмет атқаратын ол әулеттің алтын ұясынан түлеп ұшқан үш баланың тілекшісі, сегіз немеренің әжесі.
Бүгінде Жәкең Шалқар өңіріндегі жалпақ жұрттың Жеткергеніне айналды. Ел сөзін сөйлеп, халық қамына алаңдап отыратын ел азаматының алдында әлі талай айшықты белестер күтіп тұрғаны күмәнсіз.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ, Журналистер одағының мүшесі, Ақтөбе облысы