Даласы бір қазақтың моласы бөлек болса...

Даласы бір қазақтың моласы бөлек болса...

Даласы бір қазақтың моласы бөлек болса...
ашық дереккөзі
Баяғыда үлкендер ел арасында ілуде бір кездесіп қалатын жөнсіз әрекет не теріс пиғыл туралы әңгімені құлағы шалса, «за­ман өзгерді ғой...» деп күрсінетін. Ал шы­нында заманды өзгертетін адамдар емес пе? Абай айтпақшы, «Әркімді заман сүйремек, за­манды қай жан билемек? Заманға жаман күй­лемек, замана оны илемек». Демек, барлық пәле заманға күйлегендерден – өздерінің па­сық әрекеттерін «заман талабымен» ақтап, әр нәрсені өз ыңғайына қарай бұра тартқыш­тардан шығады екен ғой. Заман талабы демекші, бүгінде заман талабына жатпайтын нәрсе қалды ма? Бір кезде тайпашылдықты онша ұнат­пайтын қазақ қазір ру, жүз десе бір иығын бе­ріп тұрады. Тектік тұрғыға қатты мән бере­тін халықтың өз бабалары, ағайын-туған­дары жайлы білгені артық емес шығар, бірақ руға қарай бөліну дегеннің де шегі бар емес пе? Бар қазақтың әдет-ғұрпы, тілі мен діні ортақ болса, онда бір рухани әлемнің ор­тақ перзенті ретінде бірін-бірі шеттетіп, кем­сітуге, жатсынуға қандай хақы бар? Сөз­ге келгенде осылай дейміз-ау, бірақ іске кел­генде... Өркениет дамыған, бүкіл адамзат ба­ла­сының тыныс-тіршілігін ала­қан­дай смартфонға сыйдырып жіберген дәуірде өзгесі өзге, бір ұлттың өкілі бола тұ­ра бір-бірімізді жерге, атаға бөліп сынап-мі­неп отыратын әдетті қоя алмай келе жат­­қанымыз өкінішті. Ең жаманы, тір­лі­гін­де алты бақан алауыздыққа бой алдырып ал­ған ағайынның өлгенде де бөлінуге дайын тұратыны жаныңды түршіктіреді кей­де. Оның нақты мысалының бірі – бұ­рын кірмені де шеттете бермейтін қазе­кем­нің кейінгі ширек ғасырда ру-тайпасына қа­рай зираттарын да бөлектей бастауы. Оған дәлел – бүгінде әр қазақ ауылы маңын­дағы рулық зираттардың пайда болуы. Яғни, белгілі бір рудың зиратына тегі бас­қа адамды жерлеуге тыйым салынуы. Мұн­дай естір құлаққа ұят әрекеттің ен жая бастағына да біраз болған сияқты-ау. Мә­се­лен, ілгеріде белгілі жазушы, марқұм Дидах­мет Әшімханұлы «Түркістан» газетіне жа­рия­ланған «Дала... Сыңсыған мола... Ауыл сайын бiр батыр...» атты мақаласында бұл жайын­да былай деп жазғаны бар еді: – «Кейбiр рулық, аталық сананың көрi­нiс­терi – адамды жирендiру былай тұрсын, жа­ныңды түршiктiредi, – дейдi оңтүстiктің бiр азаматы. – Бұдан бес-алты жыл бұрын Қа­ратау қойнауларын аралап келе жатып мы­надай сұмдықты көзiмiз көрдi. Тауды бөк­терлей жатқан үлкендi-кiшiлi қалың бейiт­тiң бiрнеше гектарлық аумағы бетон дуал­мен коршалған екен. Тек биiктен түсiп ке­ле жатқан осы дуалдың бiр жерi кiлт iшке кiрiп, жүдеулеу бiр жалғыз бейiттi сыртқа қалдырып, сосын қайта түзелiп кеткен. – Ау, бұл қалай? –десек, ауыл адамы ай­та­ды: – Бұл мүрдеде жатқан жiгiттiң жүзi де, руы да мына қорымдағылардан бөлек. Соны ескерген президентiмiз бейiттi тұтастай қор­шар кезде бұны сыртта қалдыруды жөн көрген. – «Айналайын-ау, президент дегенiң кiм ол? Не ол?» десек, әлгi әпендемiз: «Сiз не, бiл­мейсiз бе? Әр рудың мұнда өз президентi болмай ма?» деп аузын ашееп тұр». Бұл – 2007 жылы жарияланған мақала. Демек, сол кез­дің өзінде зират бөлектеу деген пәле қалыпты жағдайға айналғаны ғой... Жалпы, зират ешкімнің жекемен­ші­гі­не жатпайды, тіпті белгілі бір ру­­­­дың да. Дегенмен бұрында сирек жағдайда мәңгілік дамыл табатын жерін сатып алған тұлғалар болған екен. Мәселен, ұлы қазақ перзенті, қолбасшы, заманында Самарқанды билеген Жалаңтөс баһадүрдің сүйегі Са­марқан шаһарынан 12 шақырым жердегі Дахбет деген жердегі Махдуми Аъзам (то­лық аты-жөні Саид Джалал ад-дин Ах­мад ал-Касани ад-Дахбеди, 1461–1542) есімді қазіреттің зиратына қойылған. Махдуми Аъзам – Орталық Азиядан шыққан ислам теологі, сопылық ағымның өкілі, «Дахбедия» мектебінің негізін салушы, Накшбанди ілі­мінің ірі теоретигі және шейхы. Оның кесе­не­сін кезінде Жалаңтөс баһадүрдің өзі қай­та қалпына келтірген екен. Кейін жыл­дар өткенде біреулер Жалаңтөсті діни қай­рат­кер болмағандықтан, «бұл жерде жатуы тиіс емес» деген әңгіме шығарып, оны басқа жаққа жерлемекші болып, қабірін ашқан кезде Жалаңтөстің өзі жатқан жерін сатып алғаны туралы қазының мөрі басылып бекітілген, шыныға салынған қағаз шыққан соң дау тоқтаған дейді. Қазіргі кезде де кейбір елдерде атақты адамдардың сүйегі қойылған зираттардан адамдардың өздеріне қайтыс болған соң қойылатын жерін сатып алатын жағдайлар кездесіп тұрады. Бірақ қазақта ондай әдет жоқ секілді. Бізде адамдар дүние салған соң өзі өмір сүрген елді мекенге жақын жердегі зи­­раттарға қойыла береді. Алайда кейінгі кез­де тұтас зиратты руына байланысты ием­­деніп алатындар да кездесіп жатыр. Мы­­салы, 2008 жылы сондай сұмдық оқи­ға­ның бірі Алматы іргесіндегі Жамбыл ауда­нын­да жүз берді. Дүние салған оралман әйел­ді зиратқа қойған соң сол араның жер­гілікті тұрғындары келіп, қайтыс болған адам­ның туыстарына қоқан-лоқы көр­сет­кен. Олар «мәйітіңді қазып алып, басқа жер­ге көміңдер, әйтпесе трактормен қазып шы­ғарып тастаймыз» деп қорқытқан соң қай­тыс болған әйелдің туыстары амалсыз­дан туысының мәйітін қабірден шығарып алып басқа зиратқа жерлеуге мәжбүр бол­ған. Ауыл имамы «жерленген адамды қайта қа­зып алу – күнә» десе де, «зират иелеріне» қар­­сы тұра алмаған... Сол кезде бұл оқиғаға тү­­сінік берген ҚМДБ баспасөз өкілі де бұ­ның адамгершілікке де, шариғат заңына да сыйыс­пайтын әрекет екенін сынаған бола­тын. Осындай жағдайдың біріне куә бол­ған белгілі саясатшы Расул Жұмалы өт­кен жылы бір басылымға берген пікірінде: «Биыл­ғы 7 шілдеде Алматыдан 20 шақырым жерде жатқан Төңкеріс ауылында болдым. Қай­тыс болған туысымның жаназасына қа­тыс­тым. Жерлеу барысында өзін таныс­тыр­маған дөкейлер жетіп келіп: «бұл біздің са­тып алған жер, молаларыңды, онда жат­қан мүрделерді алып кетіңдер!» деп дүрсе қоя берді. Ақылға шақырған сөзге құлақ ас­­пайды. Не деген сұмдық! Алматы облы­сы­ның әкімі айдың-күннің аманында барша елді ашындырған зорлықты доғарса жөн. Зи­раттың жерін жекеменшікке берген шен­діні жауапқа тартсын», – деген болатын. Бұл қатардағы көптің бірі емес, елдің алдында жүр­ген беделді азаматтың сөзі. Демек, қо­ғам­ға танымал адамдардың өзі бұндай проб­лемаға тап келіп жатса, қарапайым ха­лыққа не жорық?! Жалпы, кеңестік кезеңде тұрған же­рі құрылысқа, тағы басқа қажет­тілік­терге орай ескі зираттардың жойылу дерек­тері кездесіп тұратын. Ондай жағдай ауыл­да да, қалада да болды. Басқасын былай қойғанда, Қарқаралыда дүние есігін ашып, Семейде жерленген әйгілі Кемпірбай ақын­ның зираты коммунистер билеп тұрған за­манда тегістеліп, үстіне ет комбинаты са­­лынып кеткен... Бірақ қазір зират бұзып ор­нын пайдаланатындай жер қуырылып қалған жоқ қой. Ал жеке адамдардың тұтас зиратқа иелік етуі заңға да, адамгершілікке де жат әрекет. Әрине, эксгумация деген бар, ол заң бойын­ша адамның қайтыс болуы­ның себебін анықтау немесе мәйіттің ұқсас­ты­ғына көз жеткізу мақсатымен жерленген мәйітті көмілген орнынан аршып алуға рұқ­сат береді. Эксгумация қайтыс болушы­ның жеке басын анықтау, қосымша немесе қайта сараптама өткізу үшін тергеушінің қаулысы немесе соттың ұйғарымы бойынша жүзеге асырылады. Демек, жеке адамдардың мәйітті қазып алуға күштеуі заңға қайшы. Ал бұған діни тұрғыдан келсек, «Егемен Қа­зақстан» газетінің 2009 жылы 26 мамыр күн­гі санында жарияланған Қазақстан мұ­сылмандарының діни басқармасы «Жа­наза пәтуасында» былай жазылған: «37. Мәйітті қайтқан жерінен басқа жер­ге апару үкімі. Мәйітті қайтыс болған жерге жерлеу – мұстахаб. Мәйіт денесі бұзылмай­тын болса басқа жерге апарып жерлеуге бо­­лады. Жерленген мәйітті қайта қазып, екін­ші бір жерге көшіру – харам. Бірақ жер­лен­ген жер біреудің меншігі болып және ол әкетуді талап етсе немесе көпшілікке өте қа­жет құрылыс, не жол салынатын болса, яки қабірдің су астында қалу қаупі төнсе, мәйітті басқа жерге көшіруге болады». Осы­ның «жерленген жер біреудің меншігі болып және ол әкетуді талап етсе... мәйітті басқа жер­ге көшіруге болады» деген жері солқыл­дақтау көрінеді. Себебі есі дұрыс адам елмен бірге өмір сүре тұра, жақындарының мәйі­тін зираты жоқ айдалаға қалай болса солай көме салмайды ғой. Қазақ тек бақсыларды бөлек жерлеген... Бұрында зират «мұсылмандар зира­ты», «христиандар зираты» деп бө­лін­се (тіпті кей жағдайларда орыс, кәріс, қа­зақ т.б. ұлттар бір зиратқа да қойыла бе­ре­тін), қазір ана рудың зираты, мына ру­дың зираты, оралмандардың зираты, жер­гілікті халықтың зираты деп айыру, онсыз да тірлігінде іштей бөлінуге бейім қазақтың өл­генде де іргесін аулақ салуы ұлттың бір­лігіне сына қағатын зиянды құбылысқа айналып барады. Бұндайға ел заңды түрде тыйым салмаса болмайды. Оқымаған биікте тұр бабамыз, Оқыдық қой, неге саяз санамыз? Асқынды ғой, асқынды ғой жарамыз. Ей, бауырлар, қайда кетіп барамыз? – деп кезінде Шынболат Ділдебаев жырлағандай, бабалары елдікті насихаттаған, сырттан жау келсе тастүйін болып біріккен елдің ұрпа­ғы емес пе едік, ендеше пәниде тірлік ке­шер даламыз бір болғанда бақида жатар мо­ламыз да бір болмас па?!