Кореяға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық 1,5 жылдан бері табылмай жатыр

Кореяға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық 1,5 жылдан бері табылмай жатыр

Кореяға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық 1,5 жылдан бері табылмай жатыр
ашық дереккөзі
Кореяға жұмыс істеуге кеткен отандасымыз бір жарым жылдан бері табылмай жатыр. Шығыс Қазақстан облысының тумасы алғашқы кезде анасымен тұрақты хабарласып тұрған. Тапқан табысын жіберіп отырған. Енді қызынан хабар ала алмай жүргенін айтады деп хабарлады turkystan.kz astana.tv арнасына сілтеме жасап. Шығыс Қазақстан облысының тумасы Альбина Кабдулдина есепші мамандығын меңгеріп, сауда үйінде сатушы болып жұмыс істеген. Жолдасы қайтыс болып, 13 жастағы жалғыз қызымен қалады. Анасына баспана алып бермек ниетпен табысы көп жұмыс іздейді. Осы мақсатта 2019 жылы Кореяға кетеді.
«Ылғи байланыста болды. Жұмыс орнын, қайда істеп жатқанын көрсететін. Пандемия уақытында визасымен проблема болды. Сол кезде шыға алмай қалдым деді. Бірақ бастықтары керек затты әкеп береді деді. Жұмыс табу үшін Пусан, Сеул деген қалаларды ауыстырып отырды. Үйге қайт дегенімде: «Мам, үйге барғанда не істеймін? Табыс жоқ» деген, - дейді анасы Айгүл Болсаева.
35 жастағы Альбинамен байланыс 2021 жылдың 13 маусымында үзілді. Өзін қоярға жер таппаған ана қызын тауып беремін деген айлакерлерге тап болып, 10 млн-ға жуық ақша берген.
«Міне, 1 жарым жыл болды. Баламның қайда екенін білмеймін. Барлық мүмкіндікті жасадық. Дүниенің ақшасын жібердік. Бір әйел болысамын деп алдап кетті. Енді кімге сенуге болады? Білмеймін. Қалай іздеуге болатынын да білмеймін», - дейді қыздың анасы.
Анасының баспаған табалдырығы, ашпаған есігі қалмады. Заңсыз мигранттардың құқығын қорғайтын «Корея көмек» қайырымдылық қорының мүшесі Самат Ахметов те отандасымызды іздеуге атсалысып келеді.
«Альбина деген қарындасымызды да ҚР Оңтүстік Кореядағы елшілігі өте жақсы көмектесіп, барлық жерге ақпараттарды таратып, тергеу және құқық қорғау органдарымен 3-4 рет кездесу өткізді. «Корея көмек» Альбинаның анасымен тікелей байланыс орнатып, Кореяның 72 мәйітханасына барып көрді. Бәлкім, өлгендердің арасында бар шығар деген ой болды. Алайда, олардың қатарында да, миграциялық бөлімге, түрмеге түскендердің қатарында да қарындасымыз әлі анықталған жоқ», - дейді «Корея көмек» қайырымдылық қорының әкімшісі Самат Ахметов.
Айта кетейік, қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда 37 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың 11 мыңы заңсыз мигрант. Жылына сол елде із-түзсіз жоғалатын жергілікті және шетел азаматтардың саны 11 мыңнан асады.