Жаңалықтар

Атырауда «AMANAT» партиясы жанынан «AMANAT SERVICE» кеңес беру орталығы ашылды

ашық дереккөзі

Атырауда «AMANAT» партиясы жанынан «AMANAT SERVICE» кеңес беру орталығы ашылды

Бүгін «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Атырау облысының жұртшылығымен кездесті. Онда өңірлік филиал жанындағы кеңес беру орталығының қызметімен танысып, «Құқықтық көмек» партиялық жобасының іске қосылғанын жеткізді. Ерлан Қошанов партияның Атырау облыстық филиалы жанынан ашылған «AMANAT SERVICE» кеңес беру орталығының қызметімен танысты. Мұнда бір терезе қағидаты бойынша мемлекеттік органдардың, «Отбасы банкінің», «E-gov»-тың өкілдері азаматтардың өтініштерін қабылдайды. Сондай-ақ, сәулет, еңбек, тұрғын үй қатынастары саласы және халықты толғандыратын өзге де мәселелер бойынша заңнаманы түсіндіреді. «Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығы әлі де төмен. Соның салдарынан, олар сотта немесе басқа да мемлекеттік органдарда өз мүдделерін қорғай алмай жатады. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының бәрі бірдей мұндай кәсіби көмекке қол жеткізе алмай отырғандықтан, жаңа партиялық жоба аясында заңгерлер ауыл-ауылды аралап, халыққа арнайы құқықтық көмек көрсетеді. Әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден басталады», – деді партия төрағасы. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде заңгерлер жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін облыстағы аудан орталықтарына барады. Яғни, сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес беріледі.