«Арқасы көгерген»: лагерьде қайтыс болған бала туралы тың мәлімет шықты

«Арқасы көгерген»: лагерьде қайтыс болған бала туралы тың мәлімет шықты

«Арқасы көгерген»: лагерьде қайтыс болған бала туралы тың мәлімет шықты
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысынан Бурабайдағы «Балдәурен» сауықтыру орталығына демалуға келген 14 жастағы Нұрдәулет Манап көз жұмды деп хабарлады turkystan.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. КТК арнасының хабарлауынша, баланың іші ауырған. Лагерь басшыларының айтуынша, ол түнде іші ауырғанын айтып кезекші тәрбиешіге шағымданған. Ауруы асқынған соң олар жедел жәрдем шақыртыпты. Бірақ бала дәрігерлер келгенше қайтыс болған. Ол аталмыш лагерьге бару үшін өнерде де, спортта да алда болған дарынды балалар қатарынан екен. Дені сау баласын Бурабайға аттандырып, енді қара жамылған отбасы жеткіншек «ауырып өлді» дегенге сенбейді. «Балдәурен» балалар сауықтыру орталығында бір ауысымда республикамыздың түкпір-түкпірінен 300-ге жуық бала демалады екен. Оқушылар қазір де келіп жатыр. Бүгін түнде қайтыс болған 14 жастағы бала Хромтаудан бір күн бұрын ғана келіпті. Орталықта дарынды, яғни, оқуда үздік, спортта алда жүрген балалар демалады. Жылына мұнда 15 мыңнан аса оқушы келеді. Нұрдәулет те сондай жеткіншектер қатарынан. Хромтаудағы нөмірі 3-мектепте оқитын ол осы лагерьге жолдама алу үшін көп дайындалған. Бірақ, түнде аяқасты ауырып, таңға жуық көз жұмған.
«Балдәурен» балалар оқу-сауықтыру орталығы бас директорының орынбасары Жанкелді Әмірғалиев: «Түнгі сағат 4-тен аса түнгі кезекшілерге бала денсаулығына қатысты шағымын білдіріп, орталықтың медицина кешеніне қаралды. Бірден ауданнан жедел жәрдем шақырылды. Өкінішке қарай, жедел жәрдем келгенге дейін бала қайтыс болды», – деді.
«Балдәуреннің» басшылары баланың іші ауырғанын айтады. Жедел жәрдем жеткенше, жеткіншек бақилық болыпты. Ол кереуетте емес, жерде жатқан. Лагерьге келгеніне де көп болмапты. Нұрдәулет 9 қаңтар күні Бурабайға жетісімен, анасына қоңырау шалып, Түркістан мен Астанадан келген балалардан қорқатынын айтыпты. Сондықтан марқұмның туыстары бала әлімжеттіктің құрбаны болуы мүмкін деген күдігі барын айтады. Марқұмның жездесі Есен Бұрханов: «Жаңа экспертизаға кірдік. Ол жерде байқағаным, баланың сол жақ иығында көгерген тұстары болды, сол жақ иығында. Одан кейін арқасын аударып көргенде толығымен арқасы көгерген. Одан кейінгі экспертизаның сөзі бойынша, ол кісілер айтады, ол онкологиялық тұрғыда бір ауру болды деп. Бірақ біз ол сөзге сенбейміз. Шешімін күтеміз», – дейді. Сараптамадағы дәрігердің бұл алдын ала айтқан болжамы. Нақты қорытындысы бір айдан соң белгілі болады. Негізі Нұрдәулет сауықтыру орталығына келмес бұрын медициналық тексерістен өткен. Сондықтан денсаулығында кінәрат болды дегенге ата-анасы сенбейді.