Бурабайдағы лагерьге барған 14 жастағы бала қайтыс болды

Бурабайдағы лагерьге барған 14 жастағы бала қайтыс болды

Бурабайдағы лагерьге барған 14 жастағы бала қайтыс болды
ашық дереккөзі
Ақмола полицейлері Бурабай ауданындағы оқу-сауықтыру орталығында жасөспірімнің өлімін тергеп жатыр деп хабарлады turkystan.kz.
«Биыл 11 қаңтар күні таңғы сағат 06.36 шамасында Бурабай ауданының полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшерінен 2008 жылы туған кәмелетке толмаған баланың оқу-сауықтыру орталықтарының бірінің аумағында қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті», - деп хабарлады Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қайтыс болған бала Ақтөбе облысынан Бурабай ауданына 9 қаңтарда балалар тобының құрамында болған.
«10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні кәмелетке толмаған бала ішінің ауырғанына шағымданған, ал таңертеңгі сағат 05.00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, жедел жәрдем шақырылған. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған. Алғашқы тексеру кезінде жасөспірімнің зорлық-зомбылықтан қайтыс болуының сыртқы белгілері табылған жоқ», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Қазір оқушының өліміне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Полицияның ақпаратына сүйенсек, 11 қаңтар күні жасөспірімнің неден өлгені белгілі болды: бала ағзасының қаны аз, кіші жамбасында қатерлі ісік болған. Сондай-ақ аталмыш жағдайға қатысты Оқу-ағарту министрлігі түсінік берді.
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан лагерьге барды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, Білім басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сараптама баланың қатерлі ісікпен ауырғанын көрсетті, оның салдары ішкі қан кетуді тудырған. Құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр», - делінген министрлік ұсынған мәліметте.
Оқу-ағарту министрлігі отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін, «Балдәурен» сауықтыру орталығының және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұжымы баланың туғандары мен жақындарына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді.