Тұрғын-үй бағасы арзандамай тұр

Тұрғын-үй бағасы арзандамай тұр

Тұрғын-үй бағасы арзандамай тұр
ашық дереккөзі
Елімізде 17 тұрғын үй комбинаты жұмыс істегенімен, баспана бағасы арзандамай тұр. Нұрлы жол бағдарламасы бойынша салынған үйлердің де сапасын сын көтермейді. Бүгін Мәжілісте Ұлттық қор мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау жөніндегі Нұр Отан фракциясының комиссия отырысында осындай мәселе көтерілді деп хабарлайды 24.kz телеарнасы. Депутат Майра Айсинаның айтуынша, баспана салған кезде үй комбинаттарының өнімі толық пайдаланылмай жатыр. Себебі бір үлгідегі үйлер салу жұмыстары енді ғана қолға алынды. Айта кетейік, елімізде 1 млн адам баспана, тағы 1 млн 300 мың тұрғын жер кезегінде тұр. Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - 2012 жылы сол үй құрылысы комбинаттарын салған кезде осы бір үлгідегі үйлерді сол кезде жасау керек еді ғой, қазір емес. Міне 17 комбинат жұмыс істеп жатыр, олардың шығарып жатқан өнімдерін біз қазір пайдаланбай жатырмыз. Себебі бір үлгілі үйлер жоқ. Бұл жоспарламағандықтан. Сондықтан үкіметтің де тиісті органдардың да кемшілігі осы жерде. Қыруар ақша бөлініп жатыр бірақ, соны бақылау жағы төрт аяққа да ақсап жатыр. Мархабат Жайымбетов, ҚР ҰЭМ комитет төрағасы: - Тұрғын үй комбинаттарының өнімділігі жылына 1 млн 400 мың шаршы метрді құрайды. Олардың жартысына жуығының жүктемелігі 20-30 пайыз. Қазір Нұрлы жер бағдарламасы аясында типтік жобалар дайындап, олардың жүктемелігін арттырғымыз келеді. Бізде қазір барлық құрылыс материалдарының 80-90 пайызы өзімізде шығарылады.