Жаңалықтар

«Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

ашық дереккөзі

«Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы көшпелі отырысы Түркістан қаласында өтті. Жиынға өңірлік кеңестің мүшелері, зиялы қауым, мәдениет, ғылым саласының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ҮЕҰ мүшелері қатысты. Сонымен қатар, Өзбекстаннан шақырылған қонақтар болды. Өз кезегінде, Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев өңірде атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Оның айтуынша, кейінгі екі жылда партияның сайлауалды уәделерін орындау жөніндегі Жол картасы аясында аймақта 8 мәдени нысан салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, тозығы жеткен 14 мәдениет нысанға жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұл жұмыс ауылдық жерлерде де жалғасын табады. Ал өңірлік «Miras» қоғамдық кеңесінің төрайымы, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаты Қалыйма Жантөреева өткен жылы атқарылған жұмыстың нәтижесімен бөлісті. «Былтыр қоғамдық кеңес тарапынан мемлекеттік мекемелер мен өзге де ұйымдарға 41 ұсыныс беріліп, оның 90%-ы орындалды. Соның ішінде, Шардара ауданында «Qazaq radiosy» мен «Шалқар» радиосының, Жетісай мен Мақтаарал аудандарында «Qazaq radiosy» жиілігін тарататын радиоқондырғы орнатылды», – деді Қ.Жантөреева. Жиын барысында өңірлік кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлері де тыңдалды. Мәселен, сазгер Бекжігіт Сердәлі композиторлардың авторлық құқығын қорғау, шығармашыл тұлғаларға мемлекеттік стипендия немесе грант қарастыру туралы ойын білдірді. Ал журналист Тельман Бейсен өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды, жәдігерлерді, ескерткіштер мен киелі орындарды мемлекет қорғауына алу тізіміне қосуға ықпал етін комиссия құрылса деген тілегін жеткізді. Публицист Абай Балажан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет екенін алға тартты. Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан еліміздегі театрлардың жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отырған кедергілерге назар аударды.