«Жастар Рухы» Жастар қанаты жаңа жобаны іске қосты

«Жастар Рухы» Жастар қанаты жаңа жобаны іске қосты

«Жастар Рухы» Жастар қанаты жаңа жобаны іске қосты
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасын іске қосты. Жоба аясында «Сөйле» деп аталатын арнайы тілдесу үйірмесі бастау алып, 12 аймақты қамтитын болады. «Сөйле» - қазақ тілінде сөйлегім келеді, үйренемін деуші барша азаматтарға арналған ақысыз түрдегі жоба дейді ұйымдастырушылар. Жоба аясында шаралар кешені және ауызекі сөйлесу, оқу, жазу сынды бағдарламалар Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында өтеді. Елімізде қазақ тілі кең қолданыста, төл тілімізді жастар арасында насихаттауды көздейміз деп атап өтті «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев:
«Соңғы жылдары елімізде қазақ тіліне деген құрмет артып, ерекше статусқа ие болуда. Осыған дейін кейбір жастар, азаматтар қазақша тек керек жерде ғана сөйлеген болса, қазір күнделікті қолданысқа енгізуде. Бұл бұрыннан қазақша сөйленбей келді деген сөз емес, керісінше, қолданыс аясы кеңейе түсуде. Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұратынын ескерген дұрыс. Достас ұлттардың біздің тілімізге қызығушылық танытып, меңгереміз деушілер қатары көбеюде. Темірді қызған кезінде соқ демекші, осы тұста Жастар қанаты «Сөйле» деп аталатын жобаны іске қосып жатыр. Қазақ тілін оңай әрі тез үйренгісі келетін азаматтарға тегін таптырмас бағдарлама деп айта аламын. Сонымен қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілге ерекше назар аударып, мәртебесін жоғарылатуды тапсырған болатын. Біз де тіліміздің дәрежесін көтеруге үлесімізді осылайша қосуды ұйғардық»,- дейді ол.
Үйірме барысында қатысушылар аймақтардағы коворкинг орталықтары және ЖОО қабырғаларында өтетін домбыра үйірмелеріне, әдеби-рухани кештерге, түрлі челлендждерге белсенді қатысатын болады дейді Жастар қанатының өкілдері. «Сөйле» үйірмесі өтетін мекен-жайларының сілтемесі.