Жаңалықтар

Ақтөбе облысында әйелдердің ел дамуындағы рөлі талқыланды

ашық дереккөзі

Ақтөбе облысында әйелдердің ел дамуындағы рөлі талқыланды

 «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстанның барлық өңірінде «Ел дамуындағы әйелдердің рөлі» форумы өтті. Онда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, әйелдерді елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, гендерлік теңдікке және ауыл әйелдерінің өз қабілет-қарымын танытуына жағдай жасау сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Ақтөбе облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханова бүгінде еліміздегі кәсіпорындардың 42,3%-ын әйелдер басқаратынын атап өтті.

«Әйелдер қауымы ел экономикасының, кәсіпкерліктің дамуына зор үлес қосуда. Жуырда осы өңірде «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Мұндағы мақсат – ауыл кәсіпкерлерін бір кооперацияға біріктіру. Олар өз бизнесін дамыту үшін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие ала алады. Қазірдің өзінде ірімшік, киізден жасалған бұйымдар өндірісі жолға қойылып жатыр», – деді ол.

Қызылордада өткен форумда Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» фракциясының мүшесі Мақпал Тәжмағамбетова әйелдер барлық салада табысты жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол отбасын нығайту, әл-ауқатын арттыру бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтып өтті.

Өскеменде ұйымдастырылған форумда Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» фракциясының мүшесі Динара Зәкиева әйелдер қауымына әлеуметтік мәселелер ерекше жақын екенін атап өтті.

«Осы күні елімізде 9,8 млн әйел бар. Қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты олардың әрқайсысының өзіндік ой-пікірі бары анық. Баланың жағдайын қалай жақсартуға болатынын анадан артық ешкім білмейді. Отбасы мәселесіне де әйелдер көзқарасы ерекше», – деді халық қалаулысы.