Қандастардың атамекенге оралуына Қазақстан дипломаттары өз үлесін қосты

Қандастардың атамекенге оралуына Қазақстан дипломаттары өз үлесін қосты

Қандастардың атамекенге оралуына Қазақстан дипломаттары өз үлесін қосты
ашық дереккөзі
Шетелдегі қандастарымыздың атамекенге оралуына Қазақстан дипломаттары өз үлесін қосты. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Сайлау Батыршаұлының 75 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының дипломатиясы: қалыптасуы, дамуы және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықов мәлім етті. Ол Сайлау Батыршаұлының еңбек жолына шолу жасай отырып, қазақ дипломаттарының Мемлекет Егемендігі туралы Декларацияны және Тәуелсіздік жариялау жөніндегі құжаттарды дайындауға қосқан үлестері туралы баяндады. «Республикамыздың сыртқы саясатын уақыт талабына лайық мол біліммен зор табандылықпен жүзеге асыру барысында С. Батыршаұлы аянбай еңбек етіп, дипломатикалық өнердің тамаша үлгісін көрсетті. Ол өзіне жүктелген дипломатикалық жұмыстарды абыроймен атқара жүріп, КСРО Сыртқы істер министрлігіне кеңесші деген деңгейге дейін көтерілді. Жауапкершілігі орасан зор дипломатиялық, мемлекеттік қызметтер атқарған азаматтың биіктерге шарықтаған да, қисынсыз қудаланған да сәттері болды. Тәуелсіздік самалы ескен жылдарда Қазақстанның сыртқы саяси мекемесіне кәсіби, кәдімгі дипломат қажеттілігі туып, Президент Н. Назарбаевтың Жарлығымен Сыртқы істер министрлігінің бұрын болмаған орынбасары штаты енгізілді. Сол орынға С.Батыршаұлы тағайындалып, халықаралық деңгейдегі белсенді дипломатиялық қызметтер атқаруына жол ашылды. Қазақ дипломаттары 1990 жылы Мемлекет Егемендігі туралы Декларацияны және Тәуелсіздік жариялау жөніндегі құжаттарды дайындауға өз үлестерін қосты. Сыртқы істер министрлігі бұл маңызды құжаттарға өз тарпынан «Қазақстанның шет елдермен саяси, сауда және мәдени байланыстар жасауына өзіндік құқығы бар әрі біздің ел дүние жүзіндегі қазақтардың атамекеніне оралуына жағдай жасайды» деген тармақты ұсынды. Моңғолияға үш рет ресми сапармен барып, 60 мыңнан астам қазақтың тарихи отанына оралуына мүмкіндік туғызған құжаттардың қабылдануына тікелей ат салысты», - деп атап өтті академик Е. Сыдықов.