Жаңалықтар

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы тағайындалды

ашық дереккөзі

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ренат Нұрмолдаұлы Бектұров «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы лауазымына тағайындалды деп хабарлады turkystan.kz. Айта кетейік, бұған дейін бұл қызметті басқарған Қайрат Келімбетов бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен лауазымынан босатылды. Астана халықаралық биржасының (AIX - Astana International Exchange) ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Ренат Бектұров Лестер университетін үздік бітіріп, банк ісі және қаржы саласында магистр дәрежесін иеленген. Сондай-ақ сертификатталған қаржы сарапшы дәрежесіне ие (CFA Charter Holder). Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. AIX-тің хабарлауынша, Бектұровтің қаржылық қызмет көрсету саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар. Жаңа қызметіне дейін ол Астана халықаралық биржасының басқарма төрағасы болған. Одан бөлек AIX-тің қаржы жөніндегі басқарушы директоры, АХҚО әкімшілігінің активтерді басқаруды дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Қазақстан Ұлттық банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясында Қазынашылықты басқарған. Ренат Бектұров сондай-ақ Қазақстанның даму банкінде жұмыс істеген және ТМД аймағындағы сукук алғашқы шығарылымы сияқты борыштық капитал нарығындағы бірқатар маңызды мәмілелерге қатысқан.