Жаңалықтар

«Дала қырандары» орталығы елдегі спорт мәселесін шеше ала ма?

ашық дереккөзі

«Дала қырандары» орталығы елдегі спорт мәселесін шеше ала ма?

Астанада «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің алғашқы жиыны өтті. Іс-шараға 300-ден астам үздік спортшы қатысып, саладағы түйткілді мәселелер талқыланды деп хабарлады turkystan.kz. «Дала қырандары», бұл – жастардың қарым-қатынасы мен олардың қоғамдағы әлеуметтік бейімделуіне арналған жаңа алаң. Ал Ербол Мырзабосынов спорттағы өзекті проблемаларды атап, оны жастармен бірге шешу үшін арнайы «Жол картасы» дайындалатынын атап өтті. «Салада шешімін таппаған проблемалар көп. Түйткілді мәселелерді анықтап, оның шешу жолдарын осында жүрген азаматтармен, қарапайым халықпен бірлесіп, дайын жобаларды министрлікке ұсынуды жоспарлап отырмыз. Талантты жастарымызбен бірге «Жол картасын» әзірлеп, спорттың жақсаруына үлес қоспақпыз. Жүйелі проблемалар қатарында қаржылық мәселе, маман тапшылығы, заманауи дайындық әдістемелерінің жоқтығы, жемқорлық бар. Одан бөлек, жыл сайын спортшылардың нәтижелері төмендеп барады. Бізде Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың саны азаюда. Қазақстанда спортқа деген көзқарасты өзгерту керек. Жазғы Олимпиада ойындарына 2012 жылы 115 спортшы қатысса, 2020 жылы 93 спортшы қатысқан. Ал қысқы Олимпиада ойындарына 2014 жылы 52 спортшымыз қатысса, 2022 жылы олардың саны 34-ке түскен», - деді ол. Сондай-ақ ол алдағы уақытта өңірлерде жастар жан-жақты дамуы үшін «Дала қырандарының» орталықтарын ашуды жоспарлап отыр. Соның бастамасы ретінде Астанада салынған алғашқы орталықтың құрылысы таныстырылды. Орталықта қала жастары үшін дәрісханалар мен кітапханалар, спорт залдары бар және спортпен тегін шұғылдануға мүмкіндік жасалған.