Жаңалықтар

Жақсыбек Құлекеев: Әуелде кино түсірсем деген ой болды

ашық дереккөзі

Жақсыбек Құлекеев: Әуелде кино түсірсем деген ой болды

Қаңтар оқиғасы болғалы бір жыл ішінде түр­лі мақала, түрлі зерттеу жазылды. Әлі де жазылатын нәрсе көп. Дегенмен осы жақын ара­да оқиға туралы екі кітап жарық көріп үл­герді. Оның бірін қоғам қайраткері, қол­дан­балы экономиканы зерттеу орталығының ғы­лыми жетекшісі Жақсыбек Кұлекеев жаз­ған еді. «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» атты кітапта маңызды сұрақтар қойылып, оқиға жан-жақты талданады. Кітапты жазуға не әсер еткенін, қанша уақыт кеткенін, кітап­ты жазудағы мақсат қандай болғанын білу үшін автормен сұхбаттасуды жөн көрдік. – Қаңтар оқиғасы қазақ қоға­мы үшін үлкен дүмпу, ауыр сынақ бол­ды. Оқиға басталысымен-ақ оқи­ғаның неден басталып, неге апа­рып соғатынына қатысты түр­лі материал жазылды. Дегенмен сіздің бұл еңбегіңіз осы тақырып­та жазылған алғашқы кітап болды. Кітап қалай жазылды? – Жалпы, мен қоғамда ерекше оқи­ға болған кезде сол оқиғаға бай­ла­ныс­ты шыққан материалдарды жинап оты­рамын. Қаңтар оқиғасына қатыс­ты да солай. Менде кітап шығарамын деген ниет менде болған жоқ. Ең алдымен, әрине елде не бол­ға­­нын, қалай болғанының бә­рін түсініп-біл­гіміз келді. Сөйтіп, Қаң­тар оқиғасына байланысты мате­риал­дардың бәрін жинап отырдым. Жан-жақта бәріміздің таныстарымыз бар ғой, барлығы хабарласады, «сен­дер­де не болып жатыр?» деп бәріміз бір-бірімізден сұраймыз. Оқиға аяқ­тал­ғаннан кейін өтіп жатқан кезде де ай­мақтардағы ахуалды телефонмен ха­барласып, біліп отырдым. Кітапта аймақтардағы оқиға­лар­ға арналған тақырыпша бар. Оның бәрін жазуға Таразда бол­ған оқиға себеп болған еді. Ол жерде ме­нің жақыным, ағайыным тұрады. ол Тараз қаласының ішкі істер саласында 10 шақты жыл басшылық қызмет ат­қарды. Қазір зейнетте. Сол кісі оқи­ға­лар­дың ортасында жүрді. Кішкене жағ­дай тынышталып, барлығы ор­ны­на келе бастаған кезде мен сол кісіге бол­ған оқиғалардың барлығы қалай бол­ғанын айтып берші, қалай бастал­ды деп өтініш жасадым. Бір баламды отырғызып қойып, ол күні бойы сол адамға сұрақ қойып, сұхбат алды. Сөйтіп, мен оларды өңдеп, Тараздағы оқи­ға туралы деректі жинақтап шық­тым. Республиканың барлық облы­сын­да болған оқиғалар туралы деректі де тура осылай жинап, дайындадым. Ол кезде де кітап жазам деген ой бол­ма­ды. Шамамен 2 ай, атап айтқанда, ақ­пан-наурыз айларында барлық жа­рияланымды, аймақтарда болған жағ­дайларды сұрап, өңдеп, папкаға са­лып отырдым. – Материалдарды әу баста же­ке өзіңіз үшін жинаған екенсіз, оны кітап қылып, көпшілікке ұсы­ну­ға не түрткі болды? – Жасырмай айтайын, менде осы Қаң­тар оқиғасы туралы кино түсірсем деген ой болды. «30-дан асып барамын» де­ген туындыны түсірген «Ирина Қай­ратовна» деген топ бар ғой, солармен ақыл­дасып, фильм түсірмек ойым бар еке­нін айттым. Жігіттермен бірнеше рет кездестім де. Олар басында қол­даған сияқты көрінді, дегенмен арты сиырқұйымшақтанып кетті. Мате­риал­дарды фильмнің сценарийіне ке­рек болар деп жинақтаған едім.