Мейірғат Амангелдин: Мағжан Жұмабаевтың рөлінен кейін Алаш арыстарын зерттей бастадым
Мейірғат Амангелдин: Мағжан Жұмабаевтың рөлінен кейін Алаш арыстарын зерттей бастадым
Өткен жылы қазақ кинематографиясы Алаш қайраткерлері туралы тарихи туындылармен толықты. Соның бірі – «Мағжан. Мен жастарға сенемін». Төрт бөлімнен тұратын телехикаяда Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы, ұлт үшін жанын құрбан еткен қайраткерлігі, ақындығы және ұстаздық жолы суреттелген. Тарихи драмадан ақынның замандастары Міржақып Дулатов пен Сәбит Мұқановтың бейнелерін де көруге болады. Осы орайда басты кейіпкер Мағжан Жұмабаевтың рөлін сомдаған актер Мейірғат Амангелдинмен сұхбаттасып, телехикаяның түсірілу барысы жайлы сұраған едік.
– Өткен жылы Алаш арыстары туралы бірнеше тарихи туынды жарыққа шыққанын көрермен жақсы біледі. Соның бірінде басты рөлді сомдау сізге бұйырған екен. Қазақтың лирик ақыны Мағжан Жұмабаевтың рөліне қалай бекітілдіңіз?
– Ақын ғана емес, Алаштың азаттығы үшін күрескен тұлға Мағжан Жұмабаевтың рөлі маған үлкен тәжірибе болды. Осы рөлден кейін өзімді бір саты жоғарыладым деп есептеймін. Мұнымен қоса, бұрын ойнауғаекенін түсіндім. Бұл тақырыпқа қызығушылығым артты. Тіпті, «Неге Алаш арыстары туралы фильм түсірмеске?» деген ой келіп жүр. Тарихты білуіміз керек. Мектеп бағдарламасына Алаш қайраткерлері туралы оқытатын сабақ енгізілсе деймін.
Алаш қайраткерлерінің қайсысы болсын, рөлін сомдауға дайынмын. Бірақ алдымен Мағжан атамызды жетер жеріне жеткізіп ойнағым келеді. Тереңірек зерттеліп, толықметражды фильм түсірілсе, бәрін қойып, тек сонымен дайындалатындай мүмкіндік болса деймін. Мүмкіндік болса, болашақта өзім де осы тақырыпта туынды түсіргім келеді. Өйткені бұл – біздің тарихымыз. Олар жай адамдар емес. Әрқайсысының жүрген жолы бар. Бәрі бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етті.
– Алаш арысы өмірінің 1915-1921 жылдардағы кезеңі қамтылған телехикаяны көрермен көзіне жас алып отырып көрді. Ал түсірілім барысында сізге қай сахнаны ойнау қиын болды?
– Негізі, барлық сахнаны ойнау қиынға түсті. Өйткені уақыт аз болды. Оның үстіне, «Алаштанушы ғалымдар, мамандар не дейді екен?», «Көрерменге ұнамай қаламын ба?» деген ой көп мазалады. Тарихта болған тұлғаның рөлін сомдаудың жүгі ауырлау ғой. Бәрінен бұрын бастап кету қиын болды. Түсірілімге үш күн қалған кезде Мағжан атамызды тапқандай күй кештім. Сөйтіп, режиссермен, сценаристпен ақылдасып, не істейтінімізді талқыладық.
Ең қызығы, түсірілімнің бірінші күні «Түркістан» өлеңімен басталды. Көрерменнің алдына шығып өлең оқығаннан кейін сенім пайда болып, көңілім орнына түсті. Мағжан атамыздың ішкі жан дүниесімен үйлесім тапқандай болдым.
Жалпы, үлкен фильмдерге қарағанда сериал тез түсіріледі. Сондықтан ұзақ мәтіндерді тез жаттауың керек әрі ритмге үлгеруге тиіссің. Қолымыздан келгенше тырысып, сериал жиырма күнде түсірілді. Бір қуанғаным, Қызылжарға, Петропавлға, Мағжан атамыздың жұмыс істеген жеріне бардық. Алматы немесе басқа жерде де түсіруге болар еді. Алайда тұлғалар туған топыраққа, олар жүрген жерге барғанда кейіпкеріңді жан дүниеңмен сезінесің. Бұл актер ретінде маған рухани тұрғыда үлкен көмегін тигізді. Осы үшін Назгүл Қарабалина ханымға алғыс айтқым келеді. Мысалы, «Қазақ хандығын» түсіргенде Түркістанға барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жаттық қой. Сол кезде кәдімгідей тұлғалардың рухын сезініп, болмысын елестетесің. Олар осы жермен жүрді ғой, осы жерге табаны тиді ғой деп бәрін жүрегіңнен өткізесің.
Мағжан атамыз туралы туындыда елуден астам жаңа локация болды. Сәтті шықты деп ойлаймын. Әрине, қателіктер де бар. Үлкен туынды түсіргенде мұның бәрі дұрысталады деп ойлаймын. Ал өз басыма бұл тарихи туынды үлкен сабақ, тәжірибе болды.
Жаңа айтқанымдай, басында «Көрерменнен, ғалымдардан, журналистерден жағымсыз пікір естіп қаламын ба? Ақындығын, қайраткерлігін көрермен сезіне ала ма?» деп алаңдадым. Алайда лауазымды қызметте жүрген мамандар, алаштанушылар оң бағасын берді. Телехикаяның қаралымы аз болды. Бірақ жақсы пікір көп естідім. Көрермен ретінде тамашалағанда өзіңе сыни көзбен қарап, баға бересің ғой. Телехикаяны көріп отырып, «Мағжанды көріп тұрсың ба?» деп сұрақ қойдым. Сезіне алған сияқтымын. Қазір достарыммен жиналғанда міндетті түрде Алаш тақырыбын қозғайтын болдым. Жастардың тілімен түсіндірсең, олар қызығады. «Өткенде сен айтып едің ғой. Міне, кітабын оқыдым, сериалды көрдім» дейді. Алаш қайраткерлерінің біз білмейтін қыры әлі де көп. Насихат көбейе беруі керек. «Алаш арыстарының ерлігіне лайықты ұрпақпыз ба?», «Бізден кейінгі ұрпақ қандай болар екен?» деген сұрақ мазалайды.
– «Театр актерлері кинода жасанды ойнайды» деген сыни пікірді естіп қаламыз. Қос саланы қатар алып жүрген актер ретінде бұған не айтар едіңіз?
– Театр мен киноның айырмашылығы бар. Бірақ екеуінде де рөлді актерлер сомдайды. Екеуінің арасын ажырата білу керек. Тура өмірдегідей қылып көрсетемін деп қатты кетіп қалатын жағдайлар кездеседі. Бұл бәрібір өнер ғой, оның үстіне көркем фильм. Сондықтан кейбір жерін көркемдеу керек болады. Камераға жұмыс істеудің өзі бір өнер. Бәрін меңгеруің керек. Киноның жанрын түсінбей, «пафосқа» салынатындар болуы мүмкін. Алдымен туындының жанрын біліп алуымыз керек. Мысалы, Мағжан Жұмабаев туралы телехикаяның жанры, сөйлеу мәнері бөлек. Ал «Қазақ хандығы» туралы фильм мүлде басқа. Мұнда қатты сөйлеп, театр элементтерін қосуға болады. Комедия жанры жеңілдеу. Қазір өмірімізде болып жатқан көріністер. Образды түсіну үшін далаға шығып, жан-жағыңа қарайсың. Ал тарихи фильмдерде мәлімет аз.
Негізі, театр – үлкен мектеп, ол жерде көп жұмыс істедім. Қазір де еңбек етіп келеміз. Қарап тұрсам, бәрібір өзімді театрда еркін сезінеді екенмін. Ол жерде түрлі тәжірибе жасап көресің. Театрдан шықсаң, формадан шығып кетесің. Жаттығу жасамай жүрген спортшыдай болып қаласың. Театрда рөліңді қалай бастадың, аяғына дейін солай ойнап шығасың. Киноның қиын жері сол, «Стоп» деген жері бар. Сосын сөйлеу мәнері басқа. Театрда артқы қатарға жетуі үшін дауысыңды қаттырақ шығарасың. Ал кинода сыбырлап сөйлесең де естіліп тұрады.
– Қазір қандай рөлге дайындалып жүрсіз?
– Жақында «Каникулы off-line» фильмінің түсірілімі аяқталды. Комедия жанрындағы фильм Алматы қаласында түсірілді. Енді наурыз айында тамашалай аласыздар. Ақпан айының тоғызында «Родной» атты тағы бір комедиялық фильм шығады. Ол жерде басты рөлдегі өзіммен құрдас Айдос деген жігіттің рөлін ойнаймын. Бұл фильмде тосынсый көп. Көрерменге керек, өзекті тақырып қозғалады. Танымал актерлер өнер көрсетеді. Оның ішінде Еламан Есентаев, Ақерке Арыс бар. Басты рөлде төрт актер ойнайды. Содан кейін «Әке тағдыры» деген фильм бар. Ол туралы көп айтуға болмайды. Көктемде шығып қалатын шығар.
Енді ән өнерін де актерлікпен қатар алып жүруді жоспарлап жатырмын. Өзімді композиторлық қырымнан байқап көрейін деп жақында екі ән шығардым.
– Тарихи туындыларда салмақты көрінсеңіз, комедиядағы рөлдеріңіз бұған қарама-қайшы. Соған қарап табиғи болмысыңызды білу қиын екен.
– Менің мақсатым да сол ғой (күліп). Негізі, өмірде көңілді адаммын. Театрдағы әріптестерім жақсы біледі. Ол жерде аға-әпкелерім, іні-қарындастарым бар, бәріне еркелеп жүремін. Әзілдесіп, көтеріңкі көңіл күйде жүргенді жақсы көремін. Олар ойынымды көтереді. Енді, әрине мінезсіз адам бола ма? Ол жағы да бар ғой. Қазір Астана қаласындағы «Жастар театрында» жұмыс істеймін.
Кейбір көрермен Мағжан Жұмабаевтың рөлін сомдағаннан кейін комедиядан, жеңіл фильмдерден көргісі келмейтінін айтып жатыр. Ал енді бірі «Мейірғат, сенің образдарың бір-біріне ұқсамайды екен» дейді. Өзім ойнаған рөлдерім бір-біріне ұқсамағанын қалаймын. Мүмкін, болашақта ұқсап кететін шығар. Ал қазір оған жол бергім келмейді. Сценарийді оқығанда да бірінші осыған мән беремін. «Родной» фильміндегі образым да басқа рөлдеріме ұқсамайды деп ойлаймын. Өзіңді жан-жақты сынап көру керек. Мінез-құлқыма мүлде сай келмейтін рөлдерді ойнағым келеді. Енді антагонист дейді ғой, адамның аздап жүйкесіне тиетін рөлдерді күтіп жүрмін (күліп).
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ