Қоян жылы қандай жыл?

Қоян жылы қандай жыл?

Қоян жылы қандай жыл?
ашық дереккөзі
Шығыс жылнамасына сәйкес, биылғы жылдың иесі – қоян. Қоян жылына қатысты халық арасында әртүрлі сенім бар. Олардың бірінде қоян жылы жайлы, жақсы жыл болады делінсе, енді бірінде қиындығы мол, ауыр жыл болады деген болжам айтылады. Әр жылдың өзіне тән ерекшелігі болатынын ескеру керек, әйтсе де, қоян жылы қандай жыл деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Қоян – жыл санаудағы төртінші жыл. Шы­ғыс жылнамасына қатысты деректерге сүйен­сек, қоян жылының өзі ақ қоян, ор қоян, қара қоян, көк қоян, көкше қоян, сары қоя­н, қызылкөз қоян, қоңыр қоян, сұр қоян, сұрша қоян, бурыл қоян, бөрте қоян болып 12-ге бөлінеді екен. Келетін қоян жылының нақты қандай қоян жылы екенін жылна­ма­шылар алдын ала болжап бiлiп отырған. Ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйен­сек, 2023 жыл көк немесе қара су қояны жы­лы екен. Жалпы, қара қоян өте сирек кез­деседi, жүнi көкшiл қара болып келедi. Қа­ра қоян жылы жақындағанда өзен бойы, сулы жерлерде қара қоян көбейiп, ал тауда, кері­сінше қоян азаяды екен. Сонымен қатар қысы қарсыз, қара суықты болып, тұмау кө­бiрек болады екен. Жазда малдың сүті азая­ды, қара түстi малдың етiнiң дәрiлiк қуа­ты күшейедi деген де пайымдар бар. Қара қоян жылы туған ер баланың мi­не­зi қатты, қыз бала берекелi, пейiлi кең ке­ледi екен. Жалпы, қоян жылының барлығына ор­тақ сипаты – малға жайлы, адамға жайсыз­дау бо­лады деген де сенім кездеседі. Деген­мен жұт көп болатын жыл деген де наным­дар бар.

Қоян жылы тарихта қандай елеулі оқиғалар болған?

Қазақ тарихындағы нәубеттің бірі 1723 жыл­ғы «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұ­ла­ма» осы қоян жылына тура келеді. Ал 1867 жыл­ғы қоян жылын қазақтар «жалпақ қоян жұ­ты» деп атаған. Одан кейінгі қоян жыл­дарын­да да жұт қайталанып отырған екен. Мәселен, 1879 жылы Оралда – 80 пайыз, Ыр­ғыз бен Торғайда – 59 пайыз, Сыр­да­рия­да 56 пайыз мал қырылған «үлкен қоян жұ­ты» болған, 1891 жылғы жұт «кіші қоян жұ­ты» аталса, 1915 жыл «тақыр қоян жұты» бол­ған. 1963 жылғы қоян жылы да шаруашылық үшін ауыр өткен. 1903 жылы Патша өкіметі Пет­ропавл, Павлодар және Семей уездерінде беделді, көзі ашық қазақтардың үйіне тінту жүр­гізеді. 1915 жылы бірінші дүниежүзілік со­ғыстың екінші жылы болған. Соғыс зар­дабы қазақ ауылдарына көп ауыртпалық әкел­­ген, салықтың көлемі 15 есеге дейін өс­­кен. Тіпті, арнайы «соғыс салығы» да енгі­зіл­­ген. 1927 жылы күштеп ұжымдастыру, аш­тық болған, ауыл шаруашылығын ұжымдас­тыру туралы шешім қабылданды. Бұл нау­қан байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударудың, 1932 жылғы адам айтқысыз ашық­тың алғышарттарын жасады. 1939 жылы аштықтан кейінгі алғашқы са­нақ өтті. Осы санақтың нәтижесінде Қа­зақ­станда қазақтардың саны 2 миллион 313 мың адам деп есептеліп, ол барлық халық­тың 38 пайызы болды. 1926 жылы жүргізіл­ген санақта қазақтардың саны 3 миллион 627 мыңға жетіп, ол жалпы халықтың 58 пайы­зы болған. 1951 жылы 18 қазанда Семей поли­го­нын­да уран бомбасы сынақтан өткізілді. Ал 1963 жылдан бастап халықаралық келісім бойынша жарылыстар тек жер астында жүр­гізіле бастады. 1987 жылы 1986 жылғы желтоқсан оқи­ға­сына қатысушыларды жаппай жазалау ша­ралары басталды. Алаңда болған жүзге жуық азамат бас бостандығынан айыру, ал Қай­рат Рысқұлбеков ату жазасына кесілді. 2011 жылы да қоян жылы болған еді. Бұл жылы Маңғыстауда Жаңаөзен оқиғасы, Ақ­төбе, Атырау, Таразда, Алматы облысында лаңкестік оқиғалар болып, Оралда үш ауыл­ды су басты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­­саңында Алматы метросы пайдалануға берілді. Астана қаласы ТМД және ЕурАзЭҚ ел­дерiнiң «Үздiк қаласы» атанды. Сонымен қа­тар осы жыл Астананың «түркi әлемiнiң мә­дени астанасы» атанған жылы болып та­рих­қа ендi.Сонымен қатар елімізде қыс­қы Азия ойындары өтті. Қазақстан осы жы­лы Ислам конференциясы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесіне төра­ғалық етті.

Қоян жылы туған танымал тұлғалар

Қазақ тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылай хан қоян жылында (1711 жы­лы) дүниеге келген. Ол дәл қоян жылында (1771 жылы) Қазақ хандығының ханы бо­лып сайланды. Сонымен қатар қоян жылы туғандардың қа­тарында Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Ақан сері, Ықылас Дүкенұлы, саяси қайраткер Мұ­хаметжан Тынышпайұлы, Ілияс Есен­бер­лин, Асқар Тоқпанов, Ермұхан Бекмаханов, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Тәшенов, Аман­гелді Айталы, Жақып Омаров, Әбіш Кекіл­баев, Жақсылық Үшкемпіров, Тұрсын Жұрт­бай, Әлібек Дінішев, Асқар Алтай, Бауыржан Жақып, Дәулет Тұрлыханов, Ермек Аман­шаев, Айгүл Мүкей және тағы басқалар бар. Құралай БАҚЫТҚЫЗЫ, нумеролог:

Білімге жол ашатын жыл

– 2023 жылы біршама өзгеріс болады. Өт­кен 2022 жылы өрт көп болды және тұр­мыстық зорлық-зомбылық деңгейі өсті. Ал 2023-те бұл жағымсыз құбылыстар басы­ла­ды деп ой­лаймын. Дегенмен авиация сала­сын­дағы төтенше жағдайлардан сақтану ке­рек. Күзде және жазда жер сілкінісі болуы мүмкін. Экономикаға келер болсақ, жалпы тұр­ғын үй және азық-түлік бағасы одан әрі қым­баттауы мүмкін. Үкіметтің тара­пы­нан ха­лыққа тиімді бағдарламалар ұсынылуы да ықтимал. Полиция, яғни ішкі істер, логистика са­л­асында қызмет ете­тін адамдарды бірқа­тар өзгеріс күтіп тұр. Одан бөлек, қоғамда үлкен қоғамдық пси­хологиялық өзгеріс болуы мүмкін. Се­бебі көп­теген қиыншылық адамдарды уайым­ға салындырғанымен, үлкен прог­рес­ке жетелеуі мүм­кін. Коронавирус, одан кейін­гі мына қымбатшылық барлығы ха­лыққа жеңіл тиіп жат­қан жоқ. Қазір жүріп жат­қан вирустардың өзі психологиясына қатты әсер беріп жа­тыр. Қорқыныш, үрей, уайым көп. Сондықтан 2023 жылға беретін негізгі кеңе­сім – үнемі позитивте жүру керек, адам өз көңілін өзі көтере білуі керек. Өйткені көңіл күй энергияға тікелей әсер етеді. Спорт­пен шұғылдану керек, көп жаяу жүру керек. Қозғалыс энергия береді. Әсіресе, бір орында отырып жұмыс істейтін адамдар стреске төзімсіз, энергиясы аз келеді. 2023 су стихиясымен кірді. Жылдың саны – 7. Санды сөйлетер болсақ, хаостың өзі прог­реске әкеледі. Жылдың жартысы тұрақсыз болады, дегенмен қалған айларда жағдай жақсарады. Ақпан айы ауырлау өтеді, сын айы, бірақ әділетті ай. Сәуір елімізде саясатта жаңалық­тар, заңнамада түбегейлі өзгерістер болуы мүм­кін. Үкіметте жаңару болып, көп жауап­кер­шілік артылуы ықтимал. Ал маусым қазақстандықтар үшін жаңа бастама, жаңа қадам болмақ. Шілдеде көп өз­геріс болады, ол өзгерістер бізде де, өзге ел­дерде де байқалады. Тосынсыйлар, прог­рес­с айы болады. Қазан-қараша наразылық көбейетін ай. Жолдар салынуы, ЛРТ аяқталуы мүмкін. Тасымалдау жағы жақсарады. Инновация, жа­санды интеллект дамиды. Той көп бола­ды. Ғалымдар мен ойшылдар өздерін көр­сетеді. Жалпы 2023, 23 саны білімге жол аша­ды. Көпшілік өзін табады. Біліктілік арт­а­тын жыл. Яғни, тұрақсыздықтың бәрі уақытша. Көшіп-қону көп болады, адамдардың көбі баспаналы болады деп ойлаймын.