Елімізде 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді

20 қаңтар, 2017 / Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
ашық дереккөзі
Елімізде 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратқан мәлімет бойынша, 2016 жылы Қазақстанда сәбилер өлім-жітімі 11,6 пайызға төмендеді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда едәуір төмен. Екі жыл бұрын дүние есігін ашқан 1000 баланың орта есеппен 9,6-сы шетінесе, Мешін жылы бұл көрсет­кіш 8,6-ға дейін азайды. Көп жағдайда сәби өліміне перинаталдық кезеңнің асқынуы себеп болады. Сонымен бірге, 1 жас­қа дейінгі балалар дамуының туабітті ақаулары, тыныс алу және қан айналым органдарының сыр­қаттануы себепті де шетінейді. Республикада күн сайын 1 мыңнан астам, жыл сайын 400 мыңнан аса нәресте дүниеге келеді. Туу көрсеткіші соңғы 5 жылда 3 пайызға өсті. Елі­мізде нәресте өлімін азайтуға ба­ғыт­талған шаралардың нәти­же­сінде, салмағы 500 грамм және одан асатын шала туған балалар өмір сүруге мүмкіндік алды. 5 жылда салмағы 1500 грамға дейінгі санат­тағы балалардың тіршілікке қабілеттілігі 30 пайызға өсіп, 60 пайызға жуық көрсеткішке жетті. Атап айтқанда, перинаталды көмек көрсетуде бірегей тәсілдерді қолдануды қамтамасыз ету мақсатында 300-ден астам емха­налық хаттамалар халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, бекітілді. Сонымен бірге, медици­налық қызметкерлер оқытылып, медициналық ЖОО-да оқу және жұмыс бағдарламалары өзгертілді. Дамудың туабітті кемістіктерін уақытылы анықтау үшін генети­калық және ультрадыбыстық скрининг жасалады. Перзентхана деңгейінде нәрестелердің есту қабілеті кемістіктерін анықтау бойынша скрининг енгізілген. 2016 жылы бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдем­ақы төлеуге республикалық бюд­жеттен 30,9 млрд-тан астам теңге бөлінді. Жәрдемақының мұндай түрін алушылардың жылдық орташа саны 143,3 мың адам болды. Жәр­дем­ақының мөлшері балалардың кезегіне қарай 12 217-18 877 теңге аралығында болды. 2017 жылы бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәр­демақы төлеуге республикалық бюджетте 35,9 млрд теңге қарас­тырылған. Яғни өткен жылмен салыстырғанда өсім едәуір. «Балалары бар отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдем­ақылар туралы» заңға сәйкес 2016 жылы 438,1 мың азаматқа бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақы беріліп, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 32,3 млрд теңге жұмсалды. Биыл осын­дай жәрдемақы төлеуге респуб­ликалық бюджеттен 32,4 млрд теңге қарастырылған. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда төленетін жәрдемақы мөлшері 66 621 теңге болса, төртін­ші және одан көп бала дүниеге келген жағдайда 111 035 теңге төленеді.