От жағушы болып, жылыжай шаруашылығын меңгерген кәсіпкер
От жағушы болып, жылыжай шаруашылығын меңгерген кәсіпкер
Ерсұлтан Әбдраман үйінің жанынан шағын жылыжай салып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Жиырма жасынан бастап өсімдік шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген ол бүгінде бірнеше стартап жобамен айналысады. Мектепте оқып жүрген кезінде анасы жаңажылдық дастарқанға қызанақ пен қияр қойған екен. Сол кезде оны «Қыстыгүні бұл көкөністер қалай өседі, қайдан әкелінеді?» деген сұрақ қызықтырады. Осының жауабын тереңінен білу үшін агроном мамандығын таңдаған екен.
От жағушы болып жұмыс істедім
Ол арманына жету үшін құры қиялдап қана қоймай, нақты әрекетке көшкен болатын. Мектепті бітіргеннен кейін Шымкент пен Сайрамдағы жылыжайларда от жағушы болып жұмыс істейді. Сөйтіп, бес-алты жылдың ішінде қысқы уақытта қызанақ пен қияр қалай өсірілетінін, оны қалай күтіп-баптау керегін біліп шығады. Осылайша, бала арманына жақындай түскен ол Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжін өсімдік шаруашылығы мамандығы бойынша, одан кейін агрономия саласы бойынша Шымкенттегі жоғары оқу орнын бітіріп, кәсіби маман атанады. Бүгінде Ерсұлтаннан кеңес сұрап келетіндер көп. Ал ол үйренемін деушілерге дәннен өнімге дейінгі процесті түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісіп жүр. Кейде шаруашылық жұмысын сеніп тапсырғандардың ісін өз мойнына алады. Бұл жерге күн түспейді, ештеңе өспейді» дейді. Бұл сөз де Ерсұлтанның еңбекке деген құлшынысын азайтып, бетін қайтара алмады. «Керек болса, тасқа да өсіремін» дейді ол. Осылайша, бас-аяғы екі ай уақыттың ішінде жылыжай жайқалып, өнім бере бастайды. Оның бұл ісіне директоры риза болады. Бағбан жылыжайдан бөлек логистикалық компания мен диқандар арасында делдал болып та қызмет етеді. Айтуынша, одан жақсы табыс тапқанмен, болашағы жоқ екенін түсінеді. «Шаруаларға үлкен жүк көлігін тауып бергенім үшін айтарлықтай жақсы қаражат тауып жүрдім. Алайда өзімнің айлық жалақыға үйреніп бара жатқанымды түсініп, жеке кәсіп ашу туралы шешім қабылдадым. Бірінші жылы зертхана ашып, Microgreen салаттарын өсірдім. Карантиннен кейін жұмысымыз қайта қарқын алып, Польша, Германия, Голландиядан он бес түрлі өсімдік тұқымын алып, өсірдік», – дейді Ерсұлтан. Диқан бұған қоса асқабақтың Қазақстанда өсірілмеген жеті түрін егіп, жақсы өнім алған. Өсімдік шаруашылығы – үнемі ізденісті қажет ететін сала. Сондықтан Ерсұлтан уақытының көп бөлігін осы саланы зерттеуге, жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгеруге жұмсап, алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатқан. Жылыжайдан алған өнімін тұтынушыға алыпсатарсыз, тікелей өзі жеткізуге тырысып жүрген кәсіпкер бұл саладағы күрмеуі қиын мәселелерді жіпке тізіп берді.Неге өз елімде өзім еккен өнімді сата алмаймын?
Диқаншылықпен айналысамыз деп өзімізді браконьер сезінетін болдық. Фермерлерге Нидерланд, Испаниядағыдай «фермер» деген құжат беріліп, өз өнімін еш кедергісіз сатуға мүмкіндік жасалса, жағдай оңалар еді. Осы ұсынысымды қанша айтқанмен, жауап болмай тұр. Негізі, ішкі нарықтың басым бөлігін қамтамасыз етіп отырған біз сияқты майда шаруашылықтар. Қазір импортқа тәуелділік артып жатыр. Отандық өндірісті дамытып, диқандарға қолдау көрсетілсе деймін. Бүкіл әлемді бағып отырған Нидерланд шағын мемлекет болса да, картоп өсіруден көш басында. Олардың технологиясына жетпей-ақ еңбек етіп жүрген диқандарға еркіндік беріліп, өз өнімін өзі сата алса, бұл сала мемлекеттің қолдауынсыз дамитын еді. Қазір қолдау түгілі диқандарға еркіндік берілмей жатыр», – дейді Ерсұлтан Әбдраман.Диқандар биыл не егерін білмей отыр
Кәсіпкердің айтуынша, қазір көкөніс егетін диқанның көбі алдағы күнге алаңдап, не егерін білмей отыр. Өйткені қияр мен қызанаққа бәсекелестік артқан. Ертең баға бір күнде түсіп кетуі мүмкін. Өнім елімізден емес, сырттан көп келіп жатыр. «Бұрын Түрікменстаннан келмейтін. Қазір көп келіп жатыр. Үлкен шаруашылықтардың өзі көкөністен шығамыз-ау деп отыр. Ираннан да көп келуі мүмкін. Сондықтан құлпынайға көшсек пе деп отырмын», – дейді бағбан. Расында, ерінбей еңбек етсең, көп белесті бағындыруға болады. Әлем елдерінде ауыл шаруашылығы саласында түрлі жаңа технология пайда болып, өндіріске енгізіліп жатыр. Кейіпкеріміз осы жайды да тілге тиек етті.