TÚRKISTAN-ның Ресейдегі екі кейіпкері «Шапағат» медалімен марапатталды

TÚRKISTAN-ның Ресейдегі екі кейіпкері «Шапағат» медалімен марапатталды

TÚRKISTAN-ның Ресейдегі екі кейіпкері «Шапағат» медалімен марапатталды
ашық дереккөзі
TÚRKISTAN халықаралық газеті 2020 жылдың наурыз айынан бері шетелде қазақ мәдениетін насихаттап жүрген қандастармен тығыз байланыс орнатып келеді. Елден жырақ жүрсе де шеттегі қандастарымыздың өз тари­хы мен тілін, ділі мен дінін білуге құлшынысын арттыру үшін жанын салып жүрген кейіп­керлердің өмірі мен жұмысы кімге болса да қызық. Әсіресе, газет оқырмандары Ресейде тұ­рып жатқан қазақтарды бір шаңырақ астына топтастырып жүрген Торғын Әшенова мен Гүл­нара Төлешованың ерен еңбегін ерекше баға­лады. TÚRKISTAN газетінің 2022 жылғы №21 (1450) санында «Менің миссиям – Ом­бы­дағы 100 мың қазақтың рухын көтеріп, са­на­сын серпілту» деген атпен шыққан «Омбы қазақтары» ұйымының негізін қала­ған Торғын Әшенова мен басылымның сол жылғы №27 (1456) санында «Красноярскідегі қазақ жастарының көшбасшысы» деген та­қы­рыппен жарық көрген Красноярскідегі «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мәдени авто­но­мия­сының негізін қалаушылардың бірі Гүлнара Төле­шова туралы мақалалар ешкімді бейжай қал­дырмады. 2022 жылы 30 желтоқсан күні Қазақ­станның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшер­баев Мәс­кеудегі елшілік ғимаратында Мем­лекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2022 жылғы 14 қазандағы Жарлығы бойын­ша Торғын мен Гүлнараға «Шапағат» ме­далін та­быс етті. Қос ұйым басшысы кез­десу соңын­да мемлекеттік наградаға лайық тұл­ға деп танығаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сұх­бат­ты оқыған соң ыс­тық лебізін аямаған қа­зақ еліне алғысын біл­дірді. Сондай-ақ олар өткен жыл бойы ат­қарылған жұмысты қорытын­ды­лап, келер жыл­ға да нақты жоспарлар құрып, маңызды мін­деттерді айқындап қой­ға­нын айтты.  width=Торғын ӘШЕНОВА, «Омбы қазақтары» ұйымының негізін қалаушысы:

Қазақстан Президенті TÚRKISTAN газеті арқылы бізді таныды

– Ең алдымен TÚRKISTAN газетінің ұжы­мы­на алғыс айтқым келеді. Менің ойымша, TÚRKISTAN газетіне шыққан мен туралы сұх­бат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына іліккен соң ол «Ресейде де қазақтың осындай батыр қыздары тұрады екен ғой» деп ой түйген секілді. Әрі Қазақ­стан­да­ғы ұйымдардан кем түспей, Ресейде туып-өссек те қазақ тілі мен ділін ұмытырмау үшін ат­қарып жүрген қыруар шаруамыз ту­ралы ес­тіп-білсе керек. Қазақстан Президенті TÚRKISTAN газеті арқылы бізді таныды десем, артық айтпаймын. Расымен, TÚRKISTAN Пре­зиденттің бізді танып-білуіне үлкен септігін тигізді. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Был­тыр қыркүйек айында бізге Қазақстанның Омбыдағы Бас консулдығынан хабарласып, өзіміз туралы деректер мен өмірбаянымызды жіберуімізді сұрады. Президент Аппаратынан ұсыныс келіп түскенін ғана айтты, басқа нақ­ты ақпарат айтылмады. Сондықтан бұл наг­рада үлкен тосынсый болды. Жалпы, бұл мен үшін ғана емес, бәрі үшін күтпеген жағ­дай болған секілді. Өйткені Ресейде біз секіл­ді қазақ мәдениетін дәріптеп жүрген қо­ғамдық ұйым көп, бір ғана біздің аймақта бір­неше ұйым белсенді жұмыс істейді. Қоғам­дық қызметіңе байланысты мемлекеттік ма­рапатқа лайық деп танылу көңілімізді көк­ке көтеріп жіберді. Қазақ тілі мен мәде­ние­тін сақтап қалу, оны қазақы ортада наси­хаттау, бұл игі іске қазақ жастарын жұмыл­дыру үшін сарп еткен еңбегің мен алтындай уақытыңның осылай жоғары бағаланғаны екі есе қуаныш сыйлайды. Бүгінге дейін бірнеше награда иелендім. 2016 жылы Омбы облысы губернаторының сыйлығын алдым. Сосын аймақтық телеарна кө­рермендерінің таңдауы бойынша өз айма­ғымда «Жыл адамы» атандым. 2017 жылы С.Манякин атындағы Омбы облысының даму қоры «Сібір әйелі» деген атаққа лайық деп таныды. Әлбетте, бұл марапаттармен салыс­тыр­ғанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан табысталған «Ша­пағат» секілді бәсі биік, мемлекеттік наг­рада алу – мен үшін үлкен мәртебе. 20 желтоқсанда Ресейдегі Қазақстан ел­шілігінің өкілдері хабарласып, Мәскеуде сал­танатты түрде марапаттайтынын айтты. Мемлекеттік награданы алған кезде біздің ұйымның әлеуметтік желідегі парақшаларына Қазақстан, Ресейдегі таныстарым, ағайын-туыстар, әріптестерім, замандастарым ыстық лебіздерін қарша боратып, тілектес екенін білдірді. Гүлнара екеуіміз мұндай реакцияға қатты қуандық. Маған Омбыдағы достарым құрмалдық жасау туралы ұсыныстар айтуда. Олар «Президенттің қолы қойылған награ­даны алу – екінің біріне бұйырмаған бақ» дегенді алға тартады. Қазақстан – біздің тарихи Отанымыз. Әркез біз алаңдайтын алып ел. Қоғамдық жұмысты қолға алғалы бері Қазақстанмен тығыз байланыс орнаттық, әлі де талай келісім туралы уағдаласамыз. Осындай қыруар шаруаларымыз ұмыт қалмай, қазақ мәдениетімен байланысты жұмысымыздың еленіп, ескерілгеніне өте қуаныштымын!

 width=Гүлнара ТӨЛЕШОВА, Красноярскідегі «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мәдени автономиясының негізін қалаушылардың бірі:

Бұл марапат – менің емес, «Ақ Жайық» автономиясының наградасы

– Красноярск – ірі, іскерлік, өндірістік, ең бастысы Шығыс Сібірдегі ең үлкен мәдени ор­талық. Енисей жағалауында орналасқан бұл аймақта қазақ халқының ұрпағы тату­лық­та өмір сүреді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Красноярскідегі қазақтар мен онда Қазақстаннан оқуға келген жастардың рухани және мәдени бай­ланысын нығайту үшін жасаған еңбегімізді қол­дап, дәрежесі жоғары марапатқа лайық деп танығаны – мен үшін үлкен мәртебе. Крас­ноярск өлкесінде қазақ мәдениетін на­си­хаттап жүрген үлкен топтың арасында қа­зақтар ғана емес, Қазақстаннан осында қо­ныс аударған орыс ұлтының өкілдері де бар. Олар қазақтың дәстүрі мен әдеп-ғұрып­тарын ерекше бағалайды. Ең бастысы, қазақ көп шоғырланған алып қалалардан алыс ор­наласқан Шығыс Сібірдегі Красноярск қа­ласында біздің ұйымның еңбегі бағалан­ға­нына өте-мөте қуаныштымын. Осыдан кейін біз туралы Ресей, Қазақстан, тіпті шетелдегі қан­дастар білетін болады. Бұдан соң «Крас­ноярск секілді қалада қазақ мәдениетін дә­ріп­­теп жүрген бір ұйым бар екен-ау» деп ой түйетіні анық. Білесіз бе, аты-жөніміз жазылған «Шапа­ғат» мемлекеттік наградасын алған кезде менде бұл марапат тек маған арналған деген ой мүлде болмады. Бұл марапат – менің емес, «Ақ Жайық» автономиясының наградасы. «Ақ Жайық» – бұл біздің шағын отбасымыз. Онда бізге көмектесетін әр белсендінің болашағы зор. Алдағы уақытта да мұндай жемісті ын­тымақтастық жалғасады деп сенеміз. Бүгінде Красноясркіде қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосқысы келетіндер саны көбейіп келеді. Бізге келгісі келетін әр қонақ, әр белсенді, қасы­мыздан өтіп бара жатқан жолаушы Крас­ноярскіде қазақ мәдениеті қарқынды түрде насихатталып жүргенін біле алады. Бізбен бірге отырып, шай ішіп, өзін қызық­тырған деректерді сұрай алады. Ресей Федерациясының аумағында Қа­зақ­стан Республикасының атынан осындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшер­баев секілді өте сауатты, білікті мамандардың тиянақты жұмыс істеп жүргені көңіл қуан­тады. Жүйелі түрде жұмыс істейтіні көрініп тұр. Ең батысы, Ресейдің бірнеше өңірінде тұрып жатқан қазақтардың тұрмыс-тірші­лігіне бейжай қарамайтыны анық байқалады. Біз көтерген бастамаларға да әркез қолдау білдіретіні жүректі жылытады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл марапатқа бізді лайық таны­ғанына тағы да алғыс білдіремін. «Жер тари­хы – ел тарихы» деген мақал бар. Біздің жағ­дайымызда жер тарихы – бұл қазақ хал­қы­ның тарихы. Қайда жүрсек те, қазақ тари­хын ұмыттырмауға тырысамыз. Ел ішін­де «Егер тез жүргің келсе, жеке жүр. Ал егер алысқа барғың келсе, топпен бірге жүр» деген на­қыл сөз бар. Бұл нақыл маған әрі біздің авто­номияға қатысты айтылғандай. «Ақ­жайық» белсенділерінің ортақ жұмысы арқа­сында бізде осындай мемлекеттік награда бар. Біздің автономиядағы әр белсенді ғылым, спорт, мәдениет, ақпарат саласында еңбек етеді. Біз олардың әрқайсысына көмектесуге тыры­самыз. Олар ұсынатын жаңа идеялар мен жаңа коллаборацияны қолдауға әркез дайынбыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, алысқа барғымыз келсе, үнемі бірге жүре­тініміз де сондықтан. Әрі осы тұста Сібірдегі біздің көршілеріміз, біз секілді «Шапағат» мемлекеттік медалін алған «Омбы қазақтары» ұйымын бұл жетістігімен құттықтағымыз келеді. Сондай-ақ «Отандастар» қорына, TÚRKISTAN газетінің ұжымына, Красноярск қаласының әкімшілігі мен бізге бағыт-бағдар көрсеткен елші Ермек Көшербаевқа алғыс айтқым келеді. Көңілді жайландырған бір ерекше жайт, бізге бұл марапатты табыстаған кезде бұл іс-шараның ресми, іскерлік, қатаң түрде емес, жылы шыраймен, еркін стильде өткені ерекше сезілді. «Мен – шенеунікпін, сен басқасың» деген сыңай мүлде болған жоқ. Осы үшін Ермек Көшербаевқа ерекше алғыс айтқым келеді. Сосын дөңгелек үстел басында өткен жылдың бірер мәселесін сөз етіп, келер жылға бекітілген жоспарды талқылап, соңын­да бір-бірімізге құттықтау сөздер айт­тық. Ең кереметі, бұл кездесуде елшіліктегілер біз­дің мүддемізді бәрінен биік қойып, келер жылы бізге не қажеттінің бәрін сұрады. Біз айт­қан талап-тілектер алдағы уақытта ес­керіле­ді деп сенемін. Шынымды айтсам, қазіргідей жас кезімде «Шапағат» секілді мемлекеттік награданы алға­ныма әлі күнге дейін сене алар емеспін. Өз мәдениетін «иығына» салып, арқалап жүр­ген әрбір азамат менің сезінгенімді сезін­сін, мен секілді төбесі көкке көтерілсін деп тілеймін. Бәріңізге сәттілік тілеймін!