Мұз айдынында сырғанаған төрт бала ауыр жарақат алды

Мұз айдынында сырғанаған төрт бала ауыр жарақат алды

Мұз айдынында сырғанаған төрт бала ауыр жарақат алды
ашық дереккөзі
Жаңажылдық мереке күндері балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына ауыр жарақатпен 4 бала түсті деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Балалардың жас шамалары 6-16 жас аралығында.
Төбешіктен жоғары жылдамдықпен сырғанаған 6 жастағы бала басқа баламен соғылып қалған.
«Салдарынан науқас жабық бассүйек-ми жарақатын алды, бас ми соғылуы, сол жақ төбе сүйегі сынған. Жазық эпидуралды гематома диагнозы қойылды. Қазіргі кезде бала жансақтау бөлімінде жатыр», - дейді Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматология бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт Қожаханов.
Мұз айдынында ауыр жарақат алған 14 жастағы қыз қарқынды терапия бөліміне жатқызылды, жағдайы тұрақтанғаннан кейін мамандандырылған бөлімшеге ауыстырылды.
«Мұз айдынында бортпен соқтығысу салдарынан жасөспірімнің көкбауыры жарылып, ішке қан кеткен. Ота жасалды, қазір баланың жағдайы тұрақты, бөлімшеде бақылауда жатыр», - дейді хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Жүсіпбеков.
Мұз айдынында құлаған тағы бір 16 жастағы қызға дәрігерлер жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалу, төбе аймағы жұмсақ тіндерінің соғылуы диагнозын қойған. Бойжеткен жансақтау бөліміне жатқызылды, кейін нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылды.
Сондай-ақ 3 қаңтарда 14 жастағы жасөспірім орталыққа жеткізілген. Ол Шымбұлақ тау шаңғысы курортында сырғанап жүріп, құлаған. Салдарынан жасөспірім жабық бассүйек-ми жарақатын алып, миы шайқалған.
«Балаға шаңғымен сырғанауға рұқсат бермес бұрын, жабдықтың толық жиынтығына көңіл бөлу керек, баланың қорғаныс дулығасы болуы керек. Үлкен қарлы төбешіктер бізге уайым болды. Өйткені жарақатпен балалар жиі түседі. Денсаулығына айтарлықтай нұқсан келтіретін ауыр жарақаттармен келеді», - дейді нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мұхтар Ибрагимов.