Төрт тіл білетін экобелсенді: жаңа министр туралы не белгілі

Төрт тіл білетін экобелсенді: жаңа министр туралы не белгілі

Төрт тіл білетін экобелсенді: жаңа министр туралы не белгілі
ашық дереккөзі

Жаңа жылдың жаңа жұмыс аптасы бірқатар министрдің ауыс-түйісінен басталды. Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне тағайындалған 32 жастағы Зүлфия Сүлейменова еліміздегі ең жас министрлердің бірі болды.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, Зүлфия Болатқызы Сүлейменова 1990 жылы 25 ақпанда Ақтөбеде дүниеге келген.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бакалавриаты мен магистратурасын Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Одан бөлек, Жапонияның ұлттық саяси зерттеулер институтының «Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер» бағдарламасын тәмәмдаған.

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастаған. 2020-2021 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2021 жылғы қаңтардан бастап осы уақытқа дейін VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. 2022 жылғы наурызда депутаттықтан кетіп, 14 наурыздан осы күнге дейін  экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарды.

Жаңа министр әлеуметтік желілерде белсенді, ресми парақшаларын үш тілде жүргізеді. Ал linkedin желісіндегі парақшасында көрсетілген ақпаратқа сүйенсек, 4 тілді меңгерген. Яғни қазақ, ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгергені және жапон тілін білетіні айтылған.

Дегенмен министр әлеуметтік желілерде тек қызметі, қоғамдық жұмыстары туралы ақпаратты бөліседі. Экобелсенді, қоршаған ортаны қорғау және дамыту мәселелерімен айналысады. Соның ішінде су мәселесін тереңірек зерттейді. Сырдария өзені бассейнінде трансшекаралық су ынтымақтастығы бойынша диссертация жазған. Жазбаларынан проблемалық аймақтар мен орындарға барып, жағдаймен танысып қайтатынын байқауға болады. Жастарға қатысты өзекті мәселелелерді де жиі көтереді.

Министрдің өмір сүру салты да қоршаған ортаны қорғауға қатысты көзқарасына сай. Бұл орайда ол өзімізден бастауымыз керек деген қағиданы ұстанатынын жеткізген. Бұған дейін «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында су, экология мәселелеріне қатты алаңдайтынын, аң терісінен тігілген киімдерді кимейтінін айтқан. Сонымен қатар ет жемейді, жүн өнімдерінен бас тартқан, жануарларға тексерілген косметиканы қолданбайды. Одан бөлек, хайуанаттар бағы мен дельфинарийге бармайды.

Instagram желісіндегі жазбаларының бірінде халықаралық  жиындар мен іс-шараларда мейілінше отандық дизайнерлердің тіккен киімдерін кигенді құп көретінін жазыпты. Сонымен қатар, спортпен, соның ішінде жүгірумен айналысады.