Жаңалықтар

2023 жыл қазақстандықтардың өміріне қандай жаңалық әкеледі?

ашық дереккөзі

2023 жыл қазақстандықтардың өміріне қандай жаңалық әкеледі?

2023 жылы атқарылатын жұмыстардың жоспары жарияланды деп хабарлады turkystan.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Зейнетақы мен жәрдемақының және ең төменгі жалақының артуы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын жүзеге асыру, жаңа даму бағдарламаларын, 5G байланыс желілерін іске қосу, сондай-ақ шағын қалалар мен ауылдарда интернет сапасын арттыру – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан осы және басқа да өзгерістер мен бастамалар биыл қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға игі әсерін тигізетін болады. Primeminister.kz редакциясы назарларыңызға 2023 жылғы маңызды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер топтамасын ұсынады. Ақшалай кірістерді арттыру 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушілер ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде жалақымен қамтамасыз етуге міндетті екенін ескерсек, барлық салаларда әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы қызметкердің ақшалай кірісі өседі. Жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын ұйымдар да разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, басқа санаттағы қызметкерлердің жалақыларын ұлғайту жағына қарай қайта қарайтын болады. Үкімет дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруды жалғастырады.