Ноғайты жұрты неге алаң?

Ноғайты жұрты неге алаң?

Ноғайты жұрты неге алаң?
ашық дереккөзі
Жақында Сенат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 18 тамыздағы Жарлығын орындау үшін Жер заңнамасына ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына жарияланған мораторий мерзімі 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылғаны белгілі. Қазіргі таңда Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалы жағдайы, олардың пайдаланылуы, меншік иелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтер базасын құруға бағытталған ревизия және топырақтық, геоботаникалық зерттеу, оның кадастрлық құнын анықтауды қамтитын жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, заң жобасы мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беруге байланысты мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеуді қолға алды. Айта кетейік, мораторий нормалары ауыл шаруашылығы мақсатына  берілген жерлердің барлығына да қатысты. Яғни, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер заңда көрсетілгендей полигондарға берілмеуі тиістігі де қаралған. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді жауапкершілікпен шешуге мүмкіндік туып отыр. Заңда жергілікті халық тиісті әкімшілік-бөліністің аумағында табыс көзі болып табылатын жердің меншік иесі болып табылатыны, демек тұрғындар өз ауылында, кентінде жоспарланып жатқан кез келген іске араласуы тиіс. Заңда халық экологиялық, демографиялық және өзге де зардаптарға апаруы әбден мүмкін, аумақ халқының мүддесіне қайшы келетін кез келген кешен құрылысын жүргізу, оның табиғи ресурстарын, табиғатын бүлдіру тек қана халықтың келісімімен ғана шешілетіндігі көрсетілген. Сөйте тұра, қазіргі кезде «Эко Ойл Трейд» ЖШС-і Ноғайты ауылынан 19 шақырым жердегі «жер асты су қоймасының» территориясынан мұнай қалдықтарын өңдеп және залалсыздандыратын полигон құрылысын жоспарлауда. Полигонның жалпы ауданы – 5 гектар, жобаланып жатқан жер телімі­н­ің жалпы ауданы – 3 гектар, бұрғылау қалдықтары фракцияларының сұйық ертінділерін қабылдауға арналған карта аумағы – 1600 шаршы метр. Сұйық мұнай қалдықтарын қабылдауға арналған карта ауданы – 400 шаршы метр. Әрқайсысының сыйымдылығы – 4400 текше метр. Олар халықтың қарсылығына қарамастан осындай полигон құрылысын іске асырмақшы. Ал бұл территория астында алып тұщы су қоймасы орналасқан. Су қоймасы «Ноғайты – Жамансор ауыз су тасымалдау өндірістік мекемесіне» қарайды. Ноғайты – Жамансор ауыз су тасымалдау өндірістік мекемесі 1973 жылы іске қосылып, осы кезеңге дейін жұмыс жасап келеді. Мекеме Батыс Қазақстан темір жолының ВОДЧ-4 бөлімшесі ретінде Ноғайты территориясының «Қырдасын» маңындағы ұңғымадан жер асты тұщы суын пайдаланып келеді. 1994 жылғы мәлімет бойынша су желісінің ұзындығы 168 км. Бүгінгі таңда мекеме тәулігіне 6 скважина 2000-3000 текше метр суды Ноғайтыдан көрші Атырау облысының Сағыз, Мұқыр, Жантерек, Жамансор елді-мекендеріне және сол өңірде орналасқан басқа да жеке шаруашылықтарға, сондай-ақ, НОД-4; 265; 279; 333; 377 бекеттеріндегі халыққа жеткізіп отыр. Қазіргі кезде бұл су тасымалдау кешені ауылдың инфрақұрылымдарының бірі ретінде оның әлеуметтік өміріне пайдасын тигізіп, 10 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған өндірістік мекемеге айналып отыр. 1970 жылдардан бері Ноғайты ауылында тұратын зейнеткер Зәлжан Сүйеуов те экологтардың сөзіне сенбейді. – Мұнайдың қалдықтарын өңдейтін полигон салынбақ. Оған мен үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені жобалаушылардың айтуынша, жердің бетіне полиэтилен төселеді. Біраз уақыт жерде жатқан мұнай қалдықтары кейін аспанға өздігімен ұшып кетеді екен. Полиэтиленнің орнына темір неге төселмейді? – дейді ол. 40 жыл бойы су бөгетінде жұмыс істеген Зәлжан Сүйеуовтің айтуынша, Ноғайтының астында тұщы судың ірі қоры бар. – Ойыл ойпаты 80-90 шақырым аумақты алады. Яғни, осы жердің барлығы ірі су қоймасы деген сөз. Ал қазір Ноғайты ауылынан 19 шақырым жерге полигон салынса, ұңғыма су қоймасынан 7-8 шақырым қашықтықта жатса да, ол тоғанға кері ықпал етеді. Судың құрамын бұзады. Бұл бүкіл халыққа жасалып отырған қастандық деп ойлаймын, – дейді ақсақал. Су бөгетінің бригадирі Қалжан Бекболат та полигон салуға наразы. Оның айтуынша, қазір су таза. Алайда полигон салынса, тұщы судың ластануы әбден мүмкін. – Бұл нысан 1975 жылдан бері су айдап тұр. 10 мың халқы бар Атырау облысының Сағыз ауылын сумен қамтамасыз етеді. Тұщы суды Мұқыр ауылының тұрғындары да ішіп отыр. Бөгеттен Ноғайты ауылының тұрғындары да су алады. Судың тазалығын жұрттың бәрі мақтайды. Полигон салуға үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені жердің астынан су алып отырмыз. Лас қалдықтарды жерге төккесін, ол суға барып сіңеді, – дейді маман. Ноғайты ауылының тұрғыны әрі кәсіпкері Айқан Борашев та полигонның құрылысына қарсы. – Ауыл тұрғындарының атынан бұған қарсылық білдіреміз. Себебі бұл жерде мал жайылады. Жер астынан шығып жатқан су Атырау облысына дейін таралады. Қазір малдан басқа қолымызда ештеңе жоқ. Мал бағумен күн көріп отырмыз. Полигонға қатысты жиынға мені ешкім шақырған жоқ. Полигон салып, айналамызды улай бере ме? Ақша жинайтын жиналыс болса, біздерді шақырады. Ал осындай маңызды жиналыс туралы хабарламайды, – дейді жергілікті билік өкілдеріне наразы кәсіпкер. Полигон құрылысына қарсылық білдіріп Ноғайты, Ебейті, Айрық, Қопа ауылдары халқы қол жинады. Бұл жерлер өңір халқының мал жайылымы, тұтынып отырған «ауыз су» көзі. Өз жерінде жүріп, біреудің отына жылынғандай күй кешіп, құзырлы органдарға ықпал етердей сөзінде де, ісінде де пәрменінің жоқтығы ауыл халқын ашындыруда. «Полигон жобаланған жер асты көзінен суын ішіп отырмыз, бұл жерге біздің малымыз жайылады. Ал мал ауырып қалса немесе уланып өлсе, оған кім жауап береді? Жерді бүлдіріп кеткендер халықты ойламайды, қалтасын ойлайды. Жерімізді ластамақшы «Эко Ойл Трейд» ЖШС-і неге жауапкершілікке тартылмайды?», – дейді жергілікті тұрғындар.  Біздіңше, басым халық қолдамаса бұл жоба тоқтауы тиіс, себебі заң солай дейді. Көпшілік полигон құрылысының жүргізілмейтініне сеніп, құзырлы органдарға үміт артады.  

Н.Қошаманұлы,

дәрігер,«Невада-Семей»

қозғалысының мүшесі

Ақтөбе облысы