Жаңалықтар

«Міржақып. Оян,қазақ!» тарихи туындысы. Продюсермен сұхбат

ашық дереккөзі

«Міржақып. Оян,қазақ!» тарихи туындысы. Продюсермен сұхбат

Биыл қазақ кинематографиясының қоржыны тағы бір жауһар туын­ды­мен толықты. Алты бө­лім­нен тұратын «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи дра­масы руханият пен мәдениеттегі жыл жаңа­лығы болды десек артық емес. Осы сөзімізге көрермендердің ыстық ықыласы мен оң бағасы негіз болып отыр.  Осы орайда, жыл жаңалығы болған та­ғы­­­лы­мы мен тәлімі мол туындының про­дюсері Айсәуле Әбілдамен өрбіткен сұхбатымызды на­зар­ларыңыз­ға ұсынуды жөн көрдік.

– Айсауле ханым, қайырлы таң! Бүгінгі таңғы кофеңізді «Мір­жақып. Оян, қазақ!» туралы әңгімемен бастауға келіскеніңіз үшін көп рақмет! Өткен жылы ел ықыласына бөленген «Ахмет. Ұлт ұстазы» туындысынан кейін «Міржақып. Оян, қазақ!» қалай түсірілді? – Көрермен көркем туындының екін­ші бөлігі шыққан сәтте шы­ғар­машылық топтың қалай тез транс­фор­мацияға ұшырағанын, биыл «ше­мішкідей шақтық» деген сенімге то­лы әңгімесін естігісі келетін шы­ғар. Алайда бізді былтырғыға қара­ған­да анау айтқандай өзгеріс күткен жоқ, сол жағдай, сол мүмкіндік, сол қиын­дық қайта алдымыздан шықты, се­бебі былтырдан бері ештеңе өз­ге­ріп кеткен жоқ қой. Биыл сцена­рий­де локация тым көп және оның бә­рін табу мүмкіндігі аз. Дала сахна­лары да жетерлік, дүниедегі ең қиын нәрселердің бірі даланы толтыру ғой, ат керек, керегесі мен уығы ағаш­тан жасалған ескі киіз үйлер ке­рек... Киіз үйді дұрыс құратын адам табудың өзі қинап қояды де­ген­­дей. Оған күн санап көтеріліп жат­қан инфляцияны қосыңыз. Со­лай «шықпа, жаным, шықпамен» жа­сап шықтық қой. – Бұл танымал туындының қою­шы режиссері әрі сценарий авторларының бірі Мұрат Есжан ту­ралы түсірілім алаңында жүр­ген актерлерден біраз ой естіген едік. Мұраттың басқа режиссер­лер­ден ерекшелігін сіз де айтып кет­сеңіз? – Мұрат Есжанмен үйде де, түзде де бірге болу бұйырған соң ол кісінің қандай адам екенін жақсы білемін. Мұрат – идеяға қатты сеніп, соған қат­ты берілген жан. Ол бір істі бас­таса, түбіне жеткізбей қоймайды. Ол тек жұмысқа, идеяға қатысты дүние, ал басқа дүние тіршілігінен ол тез шар­шап, беті қайтып кетуі әбден мүм­кін. Бірақ сол ортақ идея, ұлтқа қа­тысты дүние болса, Мұраттың кү­ші екі еселенеді. Осы жобада ба­сынан соңына дейін жүретін жалғыз адам болғандықтан, өткен жылы «Ұлт ұстазы» аяқталған сәттен бас­тап осы тақырыппен ұйықтап, осы тақырыппен оянды десем де болады. Түсірілім алаңындағы жандардың барлығы да сол күшті байқаған бо­лар. Америкада «Болашақ» бағдар­ла­масымен оқуда болған кезде де Мұ­рат берілген сценарийлерді жа­зып шығу үшін бес-алты сағат ма­шинада тапжылмай отыратын еді. Неге машинада дерсіз, себебі үйде бала-шаға ойнап, шулап алаңдатады ғой. Кей демалыс күндері ел көру үшін қыдыратын болсақ, ол қолты­ғына ноутбугын қысып, ала жүретін. Иә, тарихи туындының сценарийін жазу, оның құрылымын шығару, жұртты соңына иіріп отыратындай оқиға желісін табу оңай емес. Бұл рет­те оған Америкада дәл осы ки­носценарий мамандығын оқығаны септесті деп ойлаймын. Мұнда сце­на­рийдің ауыр жүгін бірге көтеріс­кен Ұларбек Нұрғалымұлы мен Ұш­қын Сәйдірахманның зор еңбегін айта кету керек. Ұларбек ағамыз – соң­ғы кездегі бестселлер кітап «Дайа­ғашшының» авторы, жазушы, қа­зақ сөзінің майын ішкен жан, ал Ұш­қын замандасымыз – Алаш зия­лыларының тікелей мағынасында жоқ­таушысы, ізденімпаз ғалым, алаш­танушы. Осы үштік тандем был­­тыр да, биыл да жемісті жұмыс іс­те­ді деп айта аламын. – Тарихи киноның сценарийі жа­зылған кезде бірінші кезекте нақ­ты фактілер мен куәгер­лер­дің естеліктері назарға алынады, ал содан кейін ғана көркемде­ле­ді. «Міржақып. Оян, қазақ!» те­ле­хикаясына сценарий жазылу ба­рысы туралы айтып берсеңіз. – Телехикаяны жазу барысында ав­торлар отыздан астам тарихи әде­биет пайдаланды және барлығының атауы фильмнің соңында толықтай берілді. Отыз бір әдебиеттің барлы­ғы да толықтай оқылып, зерттел­ге­ніне куәмін. Сондай оқулықтардың бірі – Марат Әбсеметовтің әлі бас­паға берілмеген қолжазба кітабы, та­тар жазушысы Виль Галиевтің «Ұлт­ты оятқан кітап» (Міржақып Ду­ла­тұлы және оның «Оян, қазақ!» кі­­табының ізімен), Гүлнәр Мір­жа­қып­қызының, Мәмбет Қойгелдінің жә­не басқа да авторлардың кітап­тары толықтай оқылды. Бұл жоба ав­торы Мұрат Есжанның ғалымдар мен көрермен алдындағы адалдығы деп білемін, себебі басқа ешқандай ки­нода мұндайды кездестірмейсіз. «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян, қазақ!» картиналарында көрер­менге берілген барлық ақпарат та­рихи деректерге сай келеді. Көркем­дік шешімдер бар, бірақ ол шешімдер осы тұлғалардың абыройына еш нұқ­сан келтірмейтін, керісінше кө­рерменге сезімдерін жеткізе түсетін сәт­тер. – Сценарий жазылды, лока­ция­лар таңдалды. Ендігі жауап­ты сәт – актерлік құрамды бекіту. – Дұрыс айтасыз. Міржақып пен Ғайнижамалдың рөлін сомдаған актерлер «Ахмет. Ұлт ұстазында» екін­ші планда ойнаған еді. Екінші пландағы актерлер болса да, сол кездің өзінде Мұрат осы жобаның спин-оффын жасасам деген оймен екінші планға де тәжірибелі, белді актерлерді таңдап алған болатын. Сөйтіп, Міржақып пен Ғайнижамал­дың кинодағы тағдыры былтыр «Ах­мет. Ұлт ұстазында» белгілі бол­ды. Ал Гүлнәр Міржақыпқызы­ның рө­ліне актриса таңдау қиынға соқ­ты. Біраз іздедік. Ақыры, Қазақ­стан­ның халық әртісі Гүлжан Әспетова апай­ға тоқтадық. Апайдың жасы қа­зір екі жасы кем сексенде. Жақын­да ғана күрделі ота жасатыпты. Кө­зі­нің нашарлығына байланысты сце­нарийді қағаздан емес, аудиодан жаттады. – Ол қалай сонда? – Гүлжан апай өзі айтатын мә­тін­дерді ұлына оқытып, сол оқылған аудионы диктофоннан тыңдап, жаттап жүрді. Ол кісінің жағдайында он екі сағат түсірілім алаңында жүру оңай емес. Соған қарамастан, рөлін керемет алып шықты. Біз де про­цеске қолайсыз болса да, апайдың тү­сірілімдерін күн ара қойып, жыл­дамырақ жұмыс істеуге тырысып, қо­лы­мыздан келген көмегімізді көр­сеттік. Ал кішкентай Гүлнәр Мір­жақыпқызын сомдаған Кәусар есім­ді жас актрисаға келсек, бала болған соң тез шаршайды, еркелегісі келеді, бірақ өнерге деген ерекше құлшы­ны­сы мен көркем тәрбиесі соның бәрін жеңіп кетіп отырды. Осы ретте оның қасында демеу болып жүрген ана­сына ерекше ықыласымды біл­діргім келеді. Кинодағы қиындық­тар­дың бірі – егде актерлермен, ба­ла­лармен жұмыс істеу ғой. Ауырып қалмай, аман-есен соңына жеткізсек деп иненің ұшында жүресің. Биыл бізде бала актерлер көп болды. Әр ба­ла­ның өз еркелігі бар. Осы жолы өз балаларымызды да түсірілімге тарт­тық. Ондағы ойымыз балалары­мыз­ды танымал ету емес, қайта «пай­­­далану» болды (күлді). Себебі өз балаңа сәл де болса батылырақ ко­манда бере аласың, өз балаңа «сәл шы­дай тұр, аз қалды» деп айта ала­сың, сахнасы бүгінге сыймай қалса, ер­тең де бір сахна үшін сүйретіп ба­ра аласың дегендей ғой... Осы тұс­та Махамбетпен түсірілген сәтті айт­қым келіп отыр. Ашаршылық жыл­дарындағы қазақтың аш қалған баласын сомдады. Есіңізде болар, жа­зық далада, шақырайған күннің ас­тында жалғыз келе жатқан аш ба­ла. Міне, сол кішкентай ғана бө­лік­ті түсіру үшін уақыт жетпей қала бер­ді, күнде ертеңге қалдырып жүр­дік. Махамбет баламыз күнде таңғы 4-те тұрып, бізбен бірге түсірілім алаңына келіп, таңнан кешке дейін жүріп, кешке түскен кездері болған.