Майлыбаевтың адвокаты мәлімдеме жасады

Майлыбаевтың адвокаты мәлімдеме жасады

Майлыбаевтың адвокаты мәлімдеме жасады
ашық дереккөзі
Астанадағы адвокаттар алқасының адвокаты Жомарт Сарманов Tengrinews.kz тілшісіне ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың қамауға алынғанына қатысты кейбір мәліметтерді хабарлады. Сөйтсек, адвокат Майлыбаевты қорғауға келісім жасапты. Жомарт Сарманов ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының экс-орынбасарына қатысты қылмыстық істің құпия түрде өтетінін мәлімдеді. "ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің БАҚ-қа таратқан ресми хабарламасының аясындағы кейбір мәліметтерді ғана айта аламын. Иә, шын мәнінде ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бұрынғы орынбасары Б.А.Майлыбаев ҚР ҰҚК Тергеу департаментінің ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабының 3-бөлігі ("Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету") бойынша тергеп жатқан қылмыстық істе күдікті", - деді Бағлан Майлыбаевтың адвокаты Жомарт Сарманов. Ол өз қорғауындағы азаматқа қатысты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасының таңдалғанын еске салды. "Кейбір журналистерге және өзге де тұлғаларға, оның ішінде Майлыбаевтың ұсталғаны және қамалғаны туралы пікір білдіріп, жасамаған әрекетін жасады деп, басқа істермен, нақтырақ айтсақ, экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісімен белгілі бір байланыс тауып отырған белгілі саясаттанушыларға ескерткім келеді. Бишімбаевқа қатысты істі басқа ведомство тергеп жатыр - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы. Ол қылмыстың басқа түрі бойынша күдікке ілінген - алдын ала келісім бойынша топ болып бірнеше мәрте аса ірі көлемде пара алды деген күдік", - деп мәлімдеді Сарманов. Осыған байланысты Майлыбаевтың адвокаты бұл екі істің өзара байланысы жоқ екенін нақтылап отыр. "Екі түрлі адам және екі түрлі қылмыс құрамы. Екі түрлі қылмыстық іс, бір-бірімен байланыспайды. Жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты қоғамды дүрліктірген басқа қылмыстық істермен байланысы жоқ. Майлыбаевтың ісінде республикалық бюджеттен 1,3 миллиард теңге жымқырылғаны жайлы бір БАҚ-та жылт етіп шыққан жаңалық туралы мәлімет жоқ", - деді адвокат. "Бағлан Майлыбаев мемлекеттік құпияларға байланысты қылмыстық құқықбұзушылық жасады деп күдікке ілінген, бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі нақты әрі ресми түрде хабарлады. Түрлі болжам мен қауесеттер, журналистер мен саясаттанушылардың түрлі болжамдары дұрыс емес және күдікті Бағлан Майлыбаевқа қатысты сотқа дейінгі әділ тергеуге кедергі келтіруі мүмкін, сөйтіп, қоғамда қате пікір қалыптастыруы мүмкін", - деді Жомарт Сарманов. Еске салайық, осыған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Бағлан Майлыбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінен босатылып, екі айға қамауға алынған болатын. Оның орнына бір апта өткенде Марат Тәжин Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған. Сол кезде осы тағайындауға қатысты пікір білдірген саясаттанушы Досым Сәтбаев Тәжиннің тағайындалуы Президенттің жас кадрлардан көңілі қалғанын дәлелдейді деген еді.