Бақыт ҚАЖЫБАЕВ, актер: Алаш арыстарының өмір жолы, жанкештілігі санамды сілкіді
Бақыт ҚАЖЫБАЕВ, актер: Алаш арыстарының өмір жолы, жанкештілігі санамды сілкіді
Жақында «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы көрерменге жол тартты. Алты бөлімнен тұратын тарихи туындыда Алаш қайраткері өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі, «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылу барысы таспаланған. Сонымен қатар Міржақып Дулатұлының революциядан кейінгі, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің «Бутырка» абақтысында өткізген жылдары және жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы баяндалған. Осы орайда көрермен қызу талқылап жатқан туындыда басты кейіпкер Міржақып Дулатұлының рөлін сомдаған актер Бақыт Қажыбаевпен сұхбаттасқан едік.
– «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы – «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының жалғасы. Он тоғыз жасында азаматтық, саяси танымымен Ахмет Байтұрсынұлын таңғалдырған Алаш арысы, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романның авторы Міржақып Дулатұлының рөліне қалай таңдалғаныңыз туралы айтып беріңізші.
– Туындыға түсетін актерлерді іріктеу жұмысы Алматы қаласында өтті. Соған қатысып, ұйымдастырушылар сұраған сахнаны ойнадым. Ол жайбарақат ойнайтын дүние емес, Жангелдинмен кездескен кезде екеуінің арасында болған қақтығыс еді. Сол сахнаны ойнап болғанда режиссер келіп қалды. Жаныма келіп, қайда істейтінімді, жасымды сұрады. Негізі, өзім он бес жылдан бері Астана қаласындағы «Жастар театрында» жұмыс істеймін. Іріктеуге қатысқаннан кейін Астанаға кеткен болатынмын. Бір аптадан асқан уақытта хабарласып, «Бақыт аға, сіз Міржақып атамыздың рөліне бекітілдіңіз» деді.
Телехикаяның режиссері Мұрат Есжан, продюсер Айсәуле Әбілдаева және сценарий авторлары Ұларбек Нұрғалымұлы мен Ұшқын Сәйдірахманмен сәті түсіп, Астанада жиналған болатынбыз. Сол кезде актриса Зарина Кармен де спектакльмен бас қалаға келіп қалды. Бәріміз театрда жолығып, шай ішуге барып, іріктеу барысында болған жайттарды айттық. Сөйлесе келе, басында бір-бірімізді қабылдай алмағанымызды сол кезде ғана білдік. Бізге режиссердің жүріс-тұрысы, сөйлегені, жалпы болмысы басқаша көрінетін. Мұрат бауырымыз қарапайым әрі жас бала сияқты көрінген соң ба, басында қабылдай алмадым. Алып отырған тақырыбы ауыр, іштей «Қалай болар екен?» деп ойладым. «Ұлт ұстазын кім ойнайды екен?» деген сұрақ та мазалады.
– Осындай ауыр рөлді сомдағаннан кейін актер өз-өзіне тез келу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ондай кезде адамдармен көбірек сөйлесіп, шеріңді тарқатқан жақсы. Шығармашылық тұрғыда қандай ләззат алғаныңды, не болғанын режиссермен отырып талқылаған жөн.
– Негізі, көрерменнің басым бөлігі телехикаяның сәтті шыққанын айтып жатыр. Ал өзіңізге келіп, рөліңіз туралы сын айтқан адам болды ма?
– Телехикая эфирге шыққан сәттен бері телефоным дамыл таппай жатыр. Сериалды көріп, әсерін жеткізіп жатқандар көп. Шынымды айтсам, әлі ешкім сын айтпады. Бірақ рөлді сомдап болғаннан кейін «Қап, әттеген-ай, мына жерін басқаша ойнауым керек еді» деген сәттер болды. Қарабай деген кісі Міржақыпты өлтіруге келетін еді ғой. Онымен төбелесіп, арпалысып, Алагөздің қасына байлап қойып, Қарабай есін жинаған кезде сөйлейтін сөзі бар еді Міржақып Дулатұлының. «Сен де қазақтың басын жауға сатып күн көрсем деген қазақсың ғой» дейді. Бірақ сол жерлер монтаж барысында қысқартылған екен. Сонда маңдайынан сипап тұрып, ешбір агрессиясыз, ашусыз, жеккөрушілікке жол бермей, бәріне жоғарыдан, биіктен әрі кешірім көзімен қарап ойнай білу керек еді деген ой болды.
Жасаған дүниең көрермен көңілінен шықса, одан артық бақыт жоқ қой. Бұл – қаншама маманның күн-түн демей, төккен терінің ақталғаны. Әр заманның өз қиындығы бар. Қазіргі дамыған заманда уақыт тапшы. Өзім көп нәрсеге үлгермей жатырмын. Бір жағы, интернеттің пайда болғаны уақытыңды үнемдейтін сияқты болады. Екінші жағынан, уақытыңның көп бөлігі соған кетіп жатыр ма деп ойлаймын кейде.
Алаш арысы Міржақып Дулатұлының рөлін сомдағаннан кейін жастарымыздан көп хат алып жатырмын. Мектеп, колледж, университетте оқитын жастар белсенді түрде пікір білдіріп жатыр. Мені осындай жастардың өсіп келе жатқаны қуантты. «Міржақып атамыздың өмірбаянымен тереңірек танысып жатырмыз. Алаш қайраткерлеріне деген құрметім артты, көзім ашылды» деп жазады. Күн сайын осындай хат аламын. «Міржақып атамыздың рөлін жақсы ойнадыңыз, тірілттіңіз» деп мақтап, әсерлі пікір білдіріп жатқандар бар. Біреулер жылап отырып хабарласып, эмоциясын білдіретін сәттер де болады.
Телехикаяның басты мақсаты оянып, өзімізді тереңірек танып-білу болса, бұл мақсаттың орындалғаны деуге болатын шығар. Сонымен қатар режиссер, сценарист, актерлердің үміті ақталғаны. Әрине, бұл аз. Алаш қайраткерлері туралы толықметражды фильм, сериал да түсірілуі керек. Әлде де насихат қажет.
– Театрда да талай рөлді сомдап жүрсіз. Негізі, театр мен кино әлемінің қандай айырмашылығы бар?
– Айырмашылығы жер мен көктей. Салыстыруға келмейді. Өйткені театрда бастаған рөліңді бір деммен тоқтамай ойнап шығасың. Сосын күнделікті дайындық жұмыстары жүреді. Тұрақты жұмысымыз болған соң таңертеңнен кешке дейін театрда жүреміз. Сол жерде жаттайсың, уақытың болады. Ал киноға келген кезде уақытымыз келіңкіремей қалып жатады. Киноға дайындалу көп уақытты талап етеді. Оның үстіне, басты рөл болса. Мысалы, жан-тәніңмен, жүрегіңмен, эмоцияңмен рөлге берілгенде дыбыс жазатын жігіттер «Стоп, стоп! Дыбысты жөндеуіміз керек» дейді. Бұл жайт сені бірден 180 градусқа рөлден шығарып жібереді, ашуыңды келтіреді. Бірақ ештеңе істей алмайсың. Әрекетсіз, амалсыз тұрып қаласың, болды. Ішкі сезіміңді қосып, рөлге ену оңай емес қой. Көптеген сахналарда осындай кедергілер болды. Қазір бір ғана нәрсені айтып тұрмын. Бұдан бөлек қаншама дүние бар. «Мынау кадрдан шығып кетті, стоп!», «Мынау былай болып қалды, стоп!» деп тоқтатады. Біресе оператордан, бірде актерден қате кетеді. Мәтінді дұрыс айта алмай қалады деген сияқты. Мұндай кезде ештеңе істей алмай, шарасыз күйде тұрасың. Ал театрда бір бастаған рөліңді аяғына дейін апарасың. Ешкім саған «Стоп!» деп айтпайды. Ішкі күйіңе байланысты әркезде әрқалай ойнайсың. Ал бұл жерде кинодағы мақсатыңды біліп тұрасың. «Мына сахнада былай болуы керек. Мына жерде ашуыңды қоспасаң, экраннан жасанды болып көрініп тұрады» дегендей. Дегенмен қай-қайсысы да оңай емес. Театрдың да өзіне тән қиындықтары бар.