Жаңалықтар

Қазақы тымақпен шетелдіктерді таңғалдырған кәсіпкер

ашық дереккөзі

Қазақы тымақпен шетелдіктерді таңғалдырған кәсіпкер

Жұлдызай Сайдағали – бала кезінен мата қиып, тігін тігуді жанына серік еткен жан. Бүгінде ол халқымыздың ұлттық киім үлгілерінің ішінде көзтартар әсемдігімен, сәнді ою-өрнегімен ерекшеленіп, бағаланатын әрі мал терісінен, қымбат матадан тігілетін қысқы баскиім тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Жиырма үш жастағы кәсіпкердің қолынан шыққан тымақтарды елімізбен қоса, Оңтүстік Корея, Германия, Франция, Канада, Ресей, Англия, Түркия, Украина, Швейцариядан тапсырыс беріп алдыратындар бар. «Өзім бармаған жерге тымақтарым барып жатыр», – дейді ол. «Материалына келетін болсақ, көбіне түл­кінің терісін қолданамын. Терілерді еліміздегі цех­тардан және Ресейден алдыртамын. Негізі, ма­ған алдын ала айтады, цехта арнайы хи­микаттармен өңделген дайын теріні аламын. Баскиімді тұтынушыға бергеннен кейін жыр­тылып, исі шығып кетпесі үшін жақсы сапа­дағы терілерді, баскиімге келетін таза был­ғары­ны таңдаймын», – дейді жас кәсіпкер. Жұлдызай осыдан бес жыл бұрын «Жа­саған бұйымдарымды неге жұртқа көрсет­пес­ке?» деп, әлеуметтік желіден жұмыс парақ­шасын ашқан. Айтуынша, бұл да бизнесінің жүруіне септігін тигізіпті. Жасаған дүниелерін көргеннен кейін сұраныс артқан. Тіпті, он шақ­ты мемлекеттен де тапсырыс түсіпті. Бүгін­де қолөнерші елімізде өтетін шеберлер фестиваліне қатысып, бағын сынап жүр. Тұтынушылармен пікір алмасқан кезде түр­лі қызықтар болады. Әр қаладан, әр мемлекеттен тапсырыс берген адамдар түрлі диа­лектімен сөйлеп, өзіне қандай қысқы бас­киім ұнайтынын айтады. Олардың тапсы­ры­сын орындау барысында біраз ізденемін. Пікір алмасу барысында түрлі ырымдарды да естіп жатамыз. Әрине, әр істің қиындығы болады. Жұ­мысқа берілген кезде, күн-түн демей, ойың­дағы дүниені жасауға тырысасың. Ал тұ­тынушы жұмысыма көңілі толып, ризашы­лығын білдірген кезде еңбегімнің ақталғанына қуанып, ары қарай жұмыс істеуге шабыт ала­мын. Қандай жағдай болмасын, ұлттық бол­мы­с­ы­мызды, киімдерімізді дәріптеп, осы салада ең­бек ете беру – мақсатым. Енді үлкен цех ашып, кәсібімді кеңейтуді ойлап жүрмін», – дейді кейіпкеріміз.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ