Жаңалықтар

Өзгеріске толы жыл

ашық дереккөзі

Өзгеріске толы жыл

Тағы бір күнтізбені түгесіп, өткен күннің есебін түгендейтін уақыт та жылыстап жетті. Қаңтар оқиғасынан басталған бұл жылдың қиындығы мен сынағы қатар жүрді. Не десек те, 2022 жыл ел тарихында қалатын естен кетпес тарихи жыл болды. Газетіміздің жылжабар санында жылдың басты оқиғаларын түгендеп, шолу жасауды жөн көрдік. Қаңтар қасіреті Жылыстап бара жатқан жылдың жақсылығын жоққа шығар­ға­нымыз емес, десек те былтырғы қуаңшылықтың, қымбатшылық қыс­пағынан шыққан халық үшін бұл жыл жеңіл өтті деуге де кел­мейді. Елдің қабырғасын қайыстырған Қаңтар оқиғасы ел тари­хына ең ауыр, қасіретті оқиға болып жазылды. Қаншама аза­мат­тың өмірі қиылды, қаншама адам денсаулығынан айырылды, жақындарын жоғалтқандардың қайғысы еліміз үшін ауыр сынақ болды. Еділ ЖАҢБЫРШИН, Мәжіліс депутаты: Бір жыл ішіндегі саяси трансформа­циялар үлкен өзгерістерге бастайды – 2022 жылда елімізде бірнеше маңызды саяси оқиғалар болды. Ең бірінші қаңтардың ба­сындағы оқиғаны айтар едім. Өйткені осы оқиғадан кейін мемлекетімізде түбегейлі өзгерістер басталды. Үкімет ауысты, Прези­дент жаңа саяси реформаларды қолға алды. Маусым айында бүкілхалықтық ре­ферендум өткізіліп, Конституция­мыздың үштен бірі өзгертілді. Суперп­ре­зи­дент­тік басқару институтынан «Мықты Пре­­­­­зидент, ықпалды Парламент, есеп бере­тін Үкімет» институтын қалыптастыруға бет алдық. Парламент Мәжілісі мен облыстық мәс­лихаттар пропорционалдық және ма­жоритарлық жүйемен, ал қалалар мен аудан­дардың мәслихаттары тек бір мандаттық сайлау өткізу арқылы құрамдалатын болды. Бұл өз кезегінде саяси аренада қоғам белсен­ді­лерінің арасында бәсекелестікті арттырып жә­не халықтың мемлекет ісіне тығыз ара­ласуына мүмкіндік береді. Тағы бір мән беретін өзгеріс – ол об­лыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін жаңа форматта та­ғайындау. Бұл да демократиялық үрдістер­дің көрінісі деп айтуға болады. Жылдың екінші жартысында маңыз­ды екі саяси оқиға болды. Тағы да Ата Заңымызға өзгеріс еніп, Нұр-Сұлтан қа­ла­сына Астана атауы қайтарылды және Қа­­­­зақстан Республикасының Президенті «Бір Президент – бір мерзім» принципімен же­ті жылға бір рет сайланды. Бір жыл ішінде өткен саяси транс­фор­мациялар мемлекетіміздің басқару инс­титуттарында, әлеуметтік-экономи­ка­лық бағыттарында үлкен өзгерістерге әкеліп, Әді­летті Қазақстан құруға ықпал ететіні дау­сыз. Ентіккен экономика Биыл халық қымбатшылықтың қы­сы­мын қатты сезінді. Құбылған бағаны ар­зан­дату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап тұру­дың өзі мұңға айналды. Үкіметтің бағаны рет­теу саясаты сынға ілікті, азық-түлік ба­ғасы халық үшін басты мәселе болды. Жал­пы, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік бар десек, соның ішінде пияз, қырыққабат, қант, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы қатты қым­баттаған. Инфляция деңгейі шарықтап кетті. Бұл жыл коронадағдарыстан шатқаяқтаған ел экономикасына үлкен соққы болды. Әлем­дегі геосаяси ахуалдың біз үшін ұтымды тұстары да болды, салқыны да тиді. Биылғы экономикалық ахуалдың қо­рытындысын сарапшы маман пікірі­мен өрбітсек. Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы, ӘЭСИ сарапшысы: Еуропалық одақпен қарым-қаты­нас­тың жаңа кезеңі баста­лып жатыр – Жылдың басынан бастасақ, біздің сырт­қы саясаттағы ғана емес, жалпы әлем бойын­ша ең геосаяси оқиға ақпанда Ре­сей­дің Украинаға соғыс ашуы болды. Шынын ай­ту керек, бұл шиеленіс 2014 жылдан бері жал­ғасып келе жатқанымен, мұндай шарық­тау шегіне жетеді деп, яғни кең масштабтағы ашық әскери қимылдарды бастайды деп еш­кім күтпеген еді. Бұл – жалпы әлемдік гео­саясатқа, аймақтағы геосаяси жағдайға өте қатты әсер етті. Әрине, біз Ресейдің Ук­раи­надағы әскері операциясының салдарын ті­келей болмаса да жанама түрде сезініп жа­тырмыз. Экономика саласында болсын, Мәскеумен арадағы диалогтың мазмұны да, меніңше Украинадағы оқиғаларды ескере отырып түзілетін болады. Бұл ішкі саясатқа да әсер етеді, себебі біраз ел азаматтарының Ре­сей жайлы көзқарасы негатив бағытқа өз­герді, оны да ескерген жөн. Екінші оқиғаны әлем экономикасымен байланыстырып қарастырар едім. Ол жаңа айтып өткен Ресей-Украина арасын­да­ғы шиеленіске де тікелей қатысты. Жыл бойы біз әлемдік экономикадағы болжап-біл­м­еген түрлі оқиғалардың куәсі болдық. Ең алдымен, инфляция деңгейі өте жоғары бол­ды. Коронавирус дағдарысынан кейін да­мыған елдер өз экономикаларына өте үл­кен көлемде қосымша ақша құйған болатын, бұл өз кезегінде инфляцияға әкеп соқтырды. Инфляция кейін бүкіл әлемді жайлады. Одан кейін коронавирус дағдарысы да толық аяқталды деп айтуға келмейді. Халықаралық өндіріс тізбектері әлі қалпына келген жоқ. Мә­селен, Қытайдағы локдаун күні кешеге дейін жалғасты. Ол да өз кезегінде әлемдік эко­номиканың өз қалпына келуіне кедергі жа­сады. Осының бәрі инфляцияға әсер етті, Еуро­па, Америкадағы 20-30 жылғы рекорд жаңарды. Елімізде де инфляцияның рекорд­тық деңгейі тіркелді. Бұл азаматтар үшін өте қиын кезең болып тұр. Негативпен қоса, Қазақстан эконо­ми­касы үшін жағымды жаңалық та болд­ы. Мұнай бағасы өсті, яғни осы Ресей фак­торына қатысты, ОПЕК+-тің шешіміне бай­ланысты әлемдік нарықтағы мұнай кө­лемі, мұнай ұсынысына шектеулер енгізілді. Сол себепті жыл бойы мұнай қымбаттады, тек соңғы бірнеше айда қайтадан төмен­де­генін байқадық. Дегенмен бұл оқиға Қазақ­стан экономикасына оң әсер етті. Үшінші оқиғаны халықаралық санк­циялық текетіреспен байланыстырар едім. Ресейге қарсы көптеген санкция енгі­зіл­ді. Қазір Ресей өзіне салынған санкциялар бойынша Иранды, Солтүстік Кореяны артта қал­дырып, әлемде көш бастады. Қазір Ре­сейге салынған санкциялар саны 13 мыңнан асты. Бұл өз кезегінде Ресей экономикасын­да­ғы ауқымды рецессияға әкеліп соқтырды. Жал­пы, Ресейдің экономикасы дағдарысқа еніп келе жатыр. Бұл да өз кезегінде Қазақ­стан экономикасына тікелей әсер ететін фак­тор болады. Мұны да жіті қадағалау ке­рек. Одан бөлек, Ресей контрсанкциялар ен­­­гізді. Бұл да, меніңше, Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың жұмысына кедергі кел­тіретін фактордың бірі. Келесі оқиға ретінде Қазақстанның Еуропамен байланыстарын күшей­туге талпынысын айтуға болады. Қазан айын­да, қараша айында көптеген Еуропа ше­неуніктері елімізге сапар жасаған еді. Мәселен, қазанның соңына қарай Еуропалық кеңес­тің төрағасы Шарль Мишель елімізге кел­ген болатын. Германияның сыртқы істер ми­нистрі Анналена Бербок, одан бөлек Жо­зеп Боррель де жұмыс сапарымен келді. Жал­пы, байқауымызша, қазір Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында қарым-қаты­нас­тың жаңа кезеңі басталып жатыр. Бұл өте қы­зық, себебі Еуропа үшін Қытаймен арада­ғы сауда-саттық байланысы аса маңызды және ол логистикалық дәліздер арқылы жүзеге асы­рылады. Тек теңіз, су жолдары ғана емес, құр­лық жолдары да ерекше маңызға ие. Бұған дейін Қытай мен Еуропа арасындағы тауар айналымының біраз бөлігі Ресей тер­риториясы арқылы жүзеге асырылатын бол­са, қазіргі жағдайда Еуропа мен Қытайға альтернатив маршруттар керек болып жа­тыр. Бұл ретте Қазақстан Еуропа үшін бір­ден-бір маңызды ойыншыға айналып отыр. Осы бағытта меніңше белсенді жұмыстар жос­парлануда. Каспий арқылы транзиттік дәліздерді ретке келтіріп, тауар айналымын күшейтуге күш салып жатырмыз. Өз кезегінде Еуропа жасыл экономика бойынша, жалпы экономика бойынша инвестиция­ларын ұсынып отыр. Халық саны және көші-қон Былтыр тамызда еліміздегі халық саны 19 миллионға жетті деп сүйіншілеген бола­тын­быз. Соңғы үш жылда ел халқының саны 2,6 пайызға өскен. Ал пандемияға дейін кө­ші-қон сальдосы бірнеше жыл қатарынан теріс көрсеткіш көрсеткені біраз алаңдатқан еді. Ресей билігі ішінара мобилизация жа­риялағалы бері көрші ел азамат­тары­ның бір бөлігі шекара асты. Көштің бір ба­ғыты бізге де бұрылды, сәйкесінше әсерін де сезіп үлгердік. Содан бері бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікір, болжам ту­дырды. Келушілердің әсерінен ішкі нарықта абыр-сабыр байқалды. Дегенмен бұл уақыт­ша құбылыс болғанын уақыт көрсетті.