Өзгеріске толы жыл

Өзгеріске толы жыл

Өзгеріске толы жыл
ашық дереккөзі
Тағы бір күнтізбені түгесіп, өткен күннің есебін түгендейтін уақыт та жылыстап жетті. Қаңтар оқиғасынан басталған бұл жылдың қиындығы мен сынағы қатар жүрді. Не десек те, 2022 жыл ел тарихында қалатын естен кетпес тарихи жыл болды. Газетіміздің жылжабар санында жылдың басты оқиғаларын түгендеп, шолу жасауды жөн көрдік. Қаңтар қасіреті Жылыстап бара жатқан жылдың жақсылығын жоққа шығар­ға­нымыз емес, десек те былтырғы қуаңшылықтың, қымбатшылық қыс­пағынан шыққан халық үшін бұл жыл жеңіл өтті деуге де кел­мейді. Елдің қабырғасын қайыстырған Қаңтар оқиғасы ел тари­хына ең ауыр, қасіретті оқиға болып жазылды. Қаншама аза­мат­тың өмірі қиылды, қаншама адам денсаулығынан айырылды, жақындарын жоғалтқандардың қайғысы еліміз үшін ауыр сынақ болды.  width=Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Халық өзгеріс күтіп отыр
– Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан жұр­ты үшін, қазақ қоғамы үшін өте бір тағдыр­лы, тағдыршешті жыл болды. Жылдың ба­сындағы Қаңтар оқиғасы кезінде елдігімізге сын болған қиын-қыстау кезеңді бастан өткіздік. Бұл біздің қоғам үшін де, жұрт үшін де, ел үшін де, бізге қарап отырған әлем үшін де елдігімізді сынға салған оқиға болды. Көш-керуеніміздің ба­ғы­тын түзеп әкеткен оқиғаның осылай болғаны, әрине, өкінішті. Президент сайлауын өткіздік, халық бірлігін көрсетті, тірлігін көрсетті. Енді қазір халық үмітін үкілеп отыр. Талай елдер осындай жағдайда құрдымға кетіп қалған кездер болған. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу жолында үлкен-үлкен істерді, демократиялық құндылықтарды қолға алатын уақыт келді. Халық қазір өзгеріс күтіп отыр. Жалпы, қоғамда, экономикада, әлеуметтік салада, руха­ниятта, мәдениетте, барлық салада үлкен-үлкен өзгеріс керек. Өткен жыл қатты ойландырып кеткен жыл болды. Санасы бар адамды ойландырған, түрлі ойға бастаған жыл болды. Адам баласы ұрпағының амандығын тілейді, ұрпағыма болса дейді. Кез келген ұлт болсын, ұлыс болсын жер бетіндегі санасы, есі түзу адамның жалғыз ғана арманы бар: «бейбітшілік болсын, балаларым баянды бақытқа жетсе екен» деген. Біз, қазақ халқы да сол қатар­дамыз. Мәдениет саласында да, әдебиет сала­сында да бізде сәл ілгерілеулер бар. Түрлі қолдаулар бар. Кешегі күні шығар­ма­шы­лық адамдарына «Айбоз», «Ұмай» сый­лы­ғы, «Амаnат» партиясының сыйлықтары – біз­дің қоғамымыздың, санамыздың, сал­ты­мыз­дың өзгеруіне аз да болса ықпал етсе екен де­ген ізгі ойдан туған дүниелер. Сондықтан ауыз­ды қу шөппен сүртуге болмайды, бізде қай салада болмасын біраз жетістік бар деп пайым­даймын. Жақсылық мол болсын, баянды ба­қыт болсын, еліміздің тәуелсіздігі мәң­гілік болсын! Жастарымыз ақыл-ойдың ала­манында үлкен бір жетістікке жететіндей, елі­міздің керуен көшін бастайтындай сана­лы азаматтар болып өссін деген тілек айт­қым келеді.
Саяси трансформацияға ұмтылыс Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде жап­пай ауыс-түйіс басталды, талай басшы ор­ны­нан алынды, кейбірі қайта тағайындалды. Үлкен саяси реформа басталатыны айтылды. Істі болғандар, күдікке ілінгендерді де көр­дік. Олигархтардың заңсыз иемденген бай­лы­ғын түгендеп, қайтаруға әрекет жасай­ты­нымызды мәлімдедік. «Жаңа Қазақстан» де­ген жаңа ұғым пайда болды. Оны ескі әде­тімізше, сәл әсірелеп те жібердік. Одан соң «Әділетті Қазақстан» құруға бет алға­ны­мыз айтыла бастады. Халық үміт пен күдік­тің арасында қалды. Өзгерістерді заң жүзінде шегендеу үшін жалпыхалықтық референдум өткіздік. Сөйтіп, Ата Заңымыздың үштен бір бө­лігін өзгертетін болдық. Осының барлығы Пре­зидент сайлауына ұласты. Не десек те, жал­пы бұл жыл саяси оқиғаға толы болды. Мә­жіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жылды қо­рытындылап, осы оқиғалардың барлығы үлкен өзгерістерге әкелетінін айтады.  width=Еділ ЖАҢБЫРШИН, Мәжіліс депутаты: Бір жыл ішіндегі саяси трансформа­циялар үлкен өзгерістерге бастайды
– 2022 жылда елімізде бірнеше маңызды саяси оқиғалар болды. Ең бірінші қаңтардың ба­сындағы оқиғаны айтар едім. Өйткені осы оқиғадан кейін мемлекетімізде түбегейлі өзгерістер басталды. Үкімет ауысты, Прези­дент жаңа саяси реформаларды қолға алды. Маусым айында бүкілхалықтық ре­ферендум өткізіліп, Конституция­мыздың үштен бірі өзгертілді. Суперп­ре­зи­дент­тік басқару институтынан «Мықты Пре­­­­­зидент, ықпалды Парламент, есеп бере­тін Үкімет» институтын қалыптастыруға бет алдық. Парламент Мәжілісі мен облыстық мәс­лихаттар пропорционалдық және ма­жоритарлық жүйемен, ал қалалар мен аудан­дардың мәслихаттары тек бір мандаттық сайлау өткізу арқылы құрамдалатын болды. Бұл өз кезегінде саяси аренада қоғам белсен­ді­лерінің арасында бәсекелестікті арттырып жә­не халықтың мемлекет ісіне тығыз ара­ласуына мүмкіндік береді. Тағы бір мән беретін өзгеріс – ол об­лыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін жаңа форматта та­ғайындау. Бұл да демократиялық үрдістер­дің көрінісі деп айтуға болады. Жылдың екінші жартысында маңыз­ды екі саяси оқиға болды. Тағы да Ата Заңымызға өзгеріс еніп, Нұр-Сұлтан қа­ла­сына Астана атауы қайтарылды және Қа­­­­зақстан Республикасының Президенті «Бір Президент – бір мерзім» принципімен же­ті жылға бір рет сайланды. Бір жыл ішінде өткен саяси транс­фор­мациялар мемлекетіміздің басқару инс­титуттарында, әлеуметтік-экономи­ка­лық бағыттарында үлкен өзгерістерге әкеліп, Әді­летті Қазақстан құруға ықпал ететіні дау­сыз.
Ентіккен экономика Биыл халық қымбатшылықтың қы­сы­мын қатты сезінді. Құбылған бағаны ар­зан­дату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап тұру­дың өзі мұңға айналды. Үкіметтің бағаны рет­теу саясаты сынға ілікті, азық-түлік ба­ғасы халық үшін басты мәселе болды. Жал­пы, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік бар десек, соның ішінде пияз, қырыққабат, қант, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы қатты қым­баттаған. Инфляция деңгейі шарықтап кетті. Бұл жыл коронадағдарыстан шатқаяқтаған ел экономикасына үлкен соққы болды. Әлем­дегі геосаяси ахуалдың біз үшін ұтымды тұстары да болды, салқыны да тиді. Биылғы экономикалық ахуалдың қо­рытындысын сарапшы маман пікірі­мен өрбітсек.  width=Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист: Саяси өзгерістер экономика­лық өзгеріс­терге әкеле қойған жоқ
– 2022 жыл өте күрделі жыл болды. Се­бе­бі 2020-2021 жылдары пандемия дағ­да­ры­сы болды. 2020 жылы ЖІӨ өндіру 3,6 пайызға жет­кен еді, 2021 жылы біз сол көрсеткішті қай­тадан қалпына келтіреміз деген едік, де­ген­мен, тек 1,6 пайызға көтере алдық. Сөй­тіп, біз 2019 жылғы дәрежеге 2022 жылы же­те­міз деп, 4 пайыздық өсімді жоспарлаған едік. Дегенмен, өкініштісі, қасіретті Қаңтар оқи­ғасы біздің экономикамызға теріс әсер етіп, биыл өсіміміз бар болғаны 2 пайыз бо­лайын деп тұр. Сонда біз 2019 жылғы дәре­жемізге енді ғана жетейін деп тұрмыз. Бұл пандемиядан кейінгі жағдайда экономи­ка­ның өспегенін білдіреді. Сонымен қатар соңғы 3 жылда біздің хал­қымыздың саны 3-4 пайызға кө­бейді. Құдай қаласа, келесі жылдың соңында 20 миллионға жетейін деп тұрмыз. Сондық­тан біздің халқымыздың саны өсті, бірақ өнім өндіру көрсеткіші өскен жоқ. Бұл – бірін­ші мәселе. Екінші мәселе – осындай дағдарыс кезінде халықтың әлеуметтік жағ­дайын реттейміз деп бюджеттен қаржылан­ды­рылатындардың еңбекақысын өсірдік. 42 500 теңгеден тараттық, оқытушылардың, кітапханашы, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейттік. Инфляция деңгейінде 5-7 пайызға дейін биліктегілердің де айлық­тары көтеріліп тұрды. Сөйтіп, бізде ақша массасы көбейді, ақша массасы көбейгеннен кейін сұраныс көбейеді, ал өнім өспегеннен кейін, әлбетте баға өседі. Біздегі биылғы ең үлкен экономикалық теріс нәтиже осы бол­ды – баға соңғы 10-15 жылда болмаған дә­ре­­­­­­жеде өсті. Президент те айтып жатыр, ха­­лықтың өзі де көріп, басынан өткеріп отыр: инфляция 19 пайыз, ал азық-түлік ба­ғасы 25 пайызға дейін өсіп кетті. Ал кейбір түрлері 40-50 пайызға дейін өскенін бай­қа­дық. Бағаның өсуіне тағы бір әсер еткен нәр­се – 2021 жылдың басында билік­тің шешімімен зейнетақы қорынан 3,5 триллион теңге ақшаны тұрғын үй алуға рұқ­сат берілді. Экономистердің барлығы бұ­ған қарсы болған еді. Кейін билік өзінің мүд­десі үшін олигархтардың, бай-манап­тар­дың, бастықтардың, яғни көп жалақы ала­тындардың мүддесін көздеді. Олардың үлесі шамамен 3 пайыз екен. Өздеріне алып, пә­тер­лерін көбейтіп алды. Міне, біздің билік бай­лардың мүддесі үшін осындай шешім шы­ғарды. Бірақ осының кесірінен баға өс­кен­діктен, қалған 97 пайыз қарапайым ха­лық тағы да пәтерсіз қалып, ақшасын одан әрі тірнектеп жинауға мәжбүр болды. Баға­ның шарықтауы, пәтер құнының аспандап кетуі осы мәселе халықтың ең үлкен проб­ле­масына айналды. Өткен 2022 жылы осы мә­селелерді жөнге саламыз дедік, «Жаңа Қа­зақстан» дедік, алдыңғы билікке өкпемізді айтып, көп үміт арттық. Соны заңды түрде негіздеу үшін конституцияға өзгеріс енгіздік. Сай­лау өткіздік, ол да экономикаға айтар­лық­тай әсер етті. Дегенмен аталған саяси өзгерістер экономикалық өзгерістерге әкелге қойған жоқ, анау айтқандай нәтиже болған жоқ. Дегенмен алдағы 7 жылда нәтиже берер деген үміт мол. Үшінші – олигархтардың заңсыз (заңсыз еместігі сот шешімі бойынша анықталатын болады) шетке шығарған ақ­шалары, жекешелендіріп алған кәсіпорын­дары. Олардың мұртын әлі балта шапқан жоқ. Екібастұздағы халықтың жылусыз қал­ғаны, Риддердегі оқиғалар – осының сал­дары. Мұны тез арада реттемесек, әрі қа­рай ушыға береді. Одан бөлек, шетелдегі геосаяси жағ­дай өте күрделене түсті. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс біздің эконо­микамызға бір жағынан теріс, бір жағынан оң әсер етті. Себебі Ресейдің экономикасы бұ­рын­ғыдай емес, соғыс жағдайына қарай өз­герді. Ақпараттық технология өсті, сауда өсті, ма­мандар келе бастады. Олардың бізге кел­гені халықты қобалжытты, дегенмен одан бізге зиян жоқ, керісінше олар ақша әкелді, эко­номикамызға аз да болса үлес қосып, басқа елдерге кетті. Ауыл шаруашылығы саласында биыл былтырғыға қарағанда жақсы нәтижелер байқалды. Астықты көбірек өндірдік, баға шарықтады, бірақ дамыды. Фармацевтикада да ілгерілеу бар. Дегенмен машина жасау, металлургия салаларындағы көрсеткіштің төмен­деуі алдыңғылардың салмағын басып кетіп жат­ты. Алдағы жылда пандемияға дейінгі көр­сеткішке жетеміз деп отырмыз. Тағы бір қосатын нәрсе, біздегі қым­бат­шылықтың себептері – ақша мас­сасы­ның күрт өсуі, Ұлттық банкіміздің оли­гархтың мүддесі үшін қызмет етуі. Осы орай­да Ұлттық банкке біздің, экономистердің өк­песі қара қазандай. Монетарлық саясатта ха­лық үшін әрекет емес, байлар үшін жұмыс істейтіні көрініп қалды.
Сыртқы саясаттағы қадамдар 24 ақпанда Ресей Украинаға әскерін кір­гізді. Ресей президенті Владимир Путин мұ­ны арнайы операция деп атағанымен, жағ­дай мүлде шиеленісіп кетті. Содан кейін әлем­де ешкім болжап-білмеген түрлі оқиға, түр­лі өзгеріс болды, жағдай әлі шиеленісіп тұр. Ресей әлемнен оқшауланып қалды. Ресейге санкция салу мәселесі Ресей пре­зиденті Владимир Путин ДХР мен ЛХР тәуел­сіздігін мойындағаннан кейін айтыла бас­тады (22 ақпан, 2022). Ал ең негізгі себеп – Ресей Қарулы күштерінің Украина аума­ғы­на басып кіруі (2022 жылғы 24 ақпан). Мәскеу Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойын­дағаннан кейін Еуропалық одақ Ре­сейге қарсы шектеулер пакетін қабылдады, атап айтқанда, бірқатар тауар мен тех­но­ло­гияны экспорттауға тыйым салуды ұсынды. Тыйым экономиканың кей салаларына, ту­ризм, сауда және инвестицияларға қатысты бол­ды. Мұның барлығы біздің елдің жағ­дайы­на да әсер етпей қоймады. Одан бөлек, жаһандық инфляция бас­талды. Жалпы, Ресей – Украина ара­сын­да шиеленіс басталып, геосаяси ахуал ушық­қаннан кейін БҰҰ әлемде азық-түлік дағ­дарысы болуы мүмкін екенін бірнеше рет мә­лімдеген еді. Қымбатшылық әлем бойын­ша байқалды. Жаһандық азық-түлік дағдарысы күшейе түскені туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы жыл басында, Ресей – Ук­раи­на арақатынасы шиеленіспей тұрып-ақ мә­лім­деген болатын. Азық-түлік бағасының күрт қымбаттап кеткені де сол кезден бері ай­ты­ла бастады. Коронавирус пандемиясы­нан кейін шатқаяқтаған әлем экономи­ка­сының ахуалы күрделене түсіп, инфляция дең­гейі өсті. Одан бөлек, сыртқы саясат бойынша қан­дай елеулі оқиғалар болғанын сарапшы ма­маннан сұрап білдік.  width=Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы, ӘЭСИ сарапшысы: Еуропалық одақпен қарым-қаты­нас­тың жаңа кезеңі баста­лып жатыр
– Жылдың басынан бастасақ, біздің сырт­қы саясаттағы ғана емес, жалпы әлем бойын­ша ең геосаяси оқиға ақпанда Ре­сей­дің Украинаға соғыс ашуы болды. Шынын ай­ту керек, бұл шиеленіс 2014 жылдан бері жал­ғасып келе жатқанымен, мұндай шарық­тау шегіне жетеді деп, яғни кең масштабтағы ашық әскери қимылдарды бастайды деп еш­кім күтпеген еді. Бұл – жалпы әлемдік гео­саясатқа, аймақтағы геосаяси жағдайға өте қатты әсер етті. Әрине, біз Ресейдің Ук­раи­надағы әскері операциясының салдарын ті­келей болмаса да жанама түрде сезініп жа­тырмыз. Экономика саласында болсын, Мәскеумен арадағы диалогтың мазмұны да, меніңше Украинадағы оқиғаларды ескере отырып түзілетін болады. Бұл ішкі саясатқа да әсер етеді, себебі біраз ел азаматтарының Ре­сей жайлы көзқарасы негатив бағытқа өз­герді, оны да ескерген жөн. Екінші оқиғаны әлем экономикасымен байланыстырып қарастырар едім. Ол жаңа айтып өткен Ресей-Украина арасын­да­ғы шиеленіске де тікелей қатысты. Жыл бойы біз әлемдік экономикадағы болжап-біл­м­еген түрлі оқиғалардың куәсі болдық. Ең алдымен, инфляция деңгейі өте жоғары бол­ды. Коронавирус дағдарысынан кейін да­мыған елдер өз экономикаларына өте үл­кен көлемде қосымша ақша құйған болатын, бұл өз кезегінде инфляцияға әкеп соқтырды. Инфляция кейін бүкіл әлемді жайлады. Одан кейін коронавирус дағдарысы да толық аяқталды деп айтуға келмейді. Халықаралық өндіріс тізбектері әлі қалпына келген жоқ. Мә­селен, Қытайдағы локдаун күні кешеге дейін жалғасты. Ол да өз кезегінде әлемдік эко­номиканың өз қалпына келуіне кедергі жа­сады. Осының бәрі инфляцияға әсер етті, Еуро­па, Америкадағы 20-30 жылғы рекорд жаңарды. Елімізде де инфляцияның рекорд­тық деңгейі тіркелді. Бұл азаматтар үшін өте қиын кезең болып тұр. Негативпен қоса, Қазақстан эконо­ми­касы үшін жағымды жаңалық та болд­ы. Мұнай бағасы өсті, яғни осы Ресей фак­торына қатысты, ОПЕК+-тің шешіміне бай­ланысты әлемдік нарықтағы мұнай кө­лемі, мұнай ұсынысына шектеулер енгізілді. Сол себепті жыл бойы мұнай қымбаттады, тек соңғы бірнеше айда қайтадан төмен­де­генін байқадық. Дегенмен бұл оқиға Қазақ­стан экономикасына оң әсер етті. Үшінші оқиғаны халықаралық санк­циялық текетіреспен байланыстырар едім. Ресейге қарсы көптеген санкция енгі­зіл­ді. Қазір Ресей өзіне салынған санкциялар бойынша Иранды, Солтүстік Кореяны артта қал­дырып, әлемде көш бастады. Қазір Ре­сейге салынған санкциялар саны 13 мыңнан асты. Бұл өз кезегінде Ресей экономикасын­да­ғы ауқымды рецессияға әкеліп соқтырды. Жал­пы, Ресейдің экономикасы дағдарысқа еніп келе жатыр. Бұл да өз кезегінде Қазақ­стан экономикасына тікелей әсер ететін фак­тор болады. Мұны да жіті қадағалау ке­рек. Одан бөлек, Ресей контрсанкциялар ен­­­гізді. Бұл да, меніңше, Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың жұмысына кедергі кел­тіретін фактордың бірі. Келесі оқиға ретінде Қазақстанның Еуропамен байланыстарын күшей­туге талпынысын айтуға болады. Қазан айын­да, қараша айында көптеген Еуропа ше­неуніктері елімізге сапар жасаған еді. Мәселен, қазанның соңына қарай Еуропалық кеңес­тің төрағасы Шарль Мишель елімізге кел­ген болатын. Германияның сыртқы істер ми­нистрі Анналена Бербок, одан бөлек Жо­зеп Боррель де жұмыс сапарымен келді. Жал­пы, байқауымызша, қазір Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында қарым-қаты­нас­тың жаңа кезеңі басталып жатыр. Бұл өте қы­зық, себебі Еуропа үшін Қытаймен арада­ғы сауда-саттық байланысы аса маңызды және ол логистикалық дәліздер арқылы жүзеге асы­рылады. Тек теңіз, су жолдары ғана емес, құр­лық жолдары да ерекше маңызға ие. Бұған дейін Қытай мен Еуропа арасындағы тауар айналымының біраз бөлігі Ресей тер­риториясы арқылы жүзеге асырылатын бол­са, қазіргі жағдайда Еуропа мен Қытайға альтернатив маршруттар керек болып жа­тыр. Бұл ретте Қазақстан Еуропа үшін бір­ден-бір маңызды ойыншыға айналып отыр. Осы бағытта меніңше белсенді жұмыстар жос­парлануда. Каспий арқылы транзиттік дәліздерді ретке келтіріп, тауар айналымын күшейтуге күш салып жатырмыз. Өз кезегінде Еуропа жасыл экономика бойынша, жалпы экономика бойынша инвестиция­ларын ұсынып отыр.
Халық саны және көші-қон Былтыр тамызда еліміздегі халық саны 19 миллионға жетті деп сүйіншілеген бола­тын­быз. Соңғы үш жылда ел халқының саны 2,6 пайызға өскен. Ал пандемияға дейін кө­ші-қон сальдосы бірнеше жыл қатарынан теріс көрсеткіш көрсеткені біраз алаңдатқан еді. Ресей билігі ішінара мобилизация жа­риялағалы бері көрші ел азамат­тары­ның бір бөлігі шекара асты. Көштің бір ба­ғыты бізге де бұрылды, сәйкесінше әсерін де сезіп үлгердік. Содан бері бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікір, болжам ту­дырды. Келушілердің әсерінен ішкі нарықта абыр-сабыр байқалды. Дегенмен бұл уақыт­ша құбылыс болғанын уақыт көрсетті.  width=Шынар ПАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ, демограф: Келер жылы айтарлықтай демография­лық өзгерістер болады деп айту қиын
– Елімізде халық саны 2022 жылдың ба­­сынан 1 қарашаға дейінгі аралықта 19 503 159 адамнан 19 715 182 адамға өсті, яғни өсім 212 023 адам немесе 1,1 пайыз болды. Со­ның ішінде халықтың табиғи өсімі – осы жылғы қаңтар мен қазан аралығында 1 000 адамға, 13,5 пайызға жетті. Сыртқы көші-қон бойынша елімізде 2012 жылдан бері келушілердің са­нынан кетушілердің саны көбірек болып келе жатқаны белгілі. Яғни, теріс сальдо көр­сетіп келді. Осы жылы тек қазан айында сырт­қы көші-қонның оң айырмасы байқал­ды, яғни келушілердің саны кетушілердің са­нынан 397 адамға көбірек болды. Бұл – көр­ші Ресей елінен келушілер ағынымен бай­ланысты. Ішкі көші-қондағы жағдайға тоқталсақ, әдеттегідей тек үш мегаполисте оң айырма қалыптасты, өкінішке қарай, қалған өңірлерде кетушілердің саны келушілердің санынан басымырақ. Келер жылы айтарлықтай демог­ра­фиялық өзгерістер болады деп айту қиын. Егер көрші елдерде көші-қонға әсер ететіндей ешқандай төтенше саяси және бас­қа да жағдайлар болмаса, елімізде ха­лық саны тек табиғи өсімнің арқасында өсе­­тін болады.
Мұңайтып та, қуантып та бара жатқан жылды осылай қорытындыладық. Үмітімізді маздатып тұрып, күдікке қамаған жыл болды. Өткенге қарайлатып, алдағымызға алаңдатып, ойландырған жыл болды. Айтылмай қалған дүниелер де қаншама? Әдепкі әдет бойынша «ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын» дейміз.