"Баламан" бағдарламасы қанат қақты

"Баламан" бағдарламасы қанат қақты

"Баламан" бағдарламасы қанат қақты
ашық дереккөзі

Таяуда Алматы Менеджмент Университетінде Vitalem бірлестігінің ұйымдастыруымен елімізде мектеп оқушыларын сауықтыру бойынша қызмет атқаратын «Баламан» бағдарламасы  таныстырылды.

«Мектеп оқушыларын сауықтыру бойынша «Баламан» бағдарламасы мектеп оқушыларын, ата-аналар мен мектеп қызметкерлерін салауатты өмір салтын ұстану дағдыларына үйрететін болады», - дейді Vitalem Бірлестігінің басшысы Алмаз Шарман. Сондай-ақ, брифинг барасында Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова «Біз бұл бағдарламаны қуана-қуана қолдаймыз, атсалысуға дайынбыз», - деп өз қолдауын білдірді.

Қазақстандағы 7,5 мыңнан астам мектеп ішінен алғашқы болып  ұйымдастырушылар назарына іліккен Астана қаласының №49, №65 мектептері мен Алматы қаласының №152,  №169 мектептері. Аталған мектептерді таңдаудың өзіндік себебі бар, №49 мектеп оқушылары түрлі спорттық жарыстарға әрдайым қатысып, белсендік танытып отырады. Осы мектеп оқушылары Vitalem бірлестігінен  мектепке жылыжай салуды ұйымдастыруға көмек сұраған көрінеді. Мектеп қаладан 1 сағаттық жолда орналасқандықтан өз мектептерін пайдалы жеміс-жидектермен қамтамасыз ете алатындай жылыжай салмақ. №65 мектепте ерекше қажеттілікке мұқтаж балалар оқиды. Бұл балалардың дене шынықтыру сабағында сыныпта отырмай, өздерінің қажеттіліктері ескеріледі деген сөз. Оларға қолайлы жағдайда спортпен айналысуға мүмкіндік жасау «Баламан» бағдарламасымен жүзеге асырылады. №152 және №169 мектептер Алматы қаласының жаңа аудандарының бірі – Алатау ауданында орналасқан. Бағдарламаны ұйымдастырушылардың пайымдауынша, «бұл ауданда  мегаполиске күн көріс қамымен көшіп келген отбасылар қоныстанған. Ауданда спорттық қосымша орындардың болмауына байланысты бұл ағарту мекемелеріндегі балалардың  көпшілігінде спортпен айналысу мүмкіндігі жоқ». Міне, осы мүмкіндіктің пайда болуын «Баламан» бағдарламасы қамтамасыз етуге тырысады.

Атауы  «өмірлік рух» және «әлем» мағынасын білдіретін Vitalem Бірлестігі өз бағдарламасын мектеп жасындағы оқушылар және олардың ата-аналары, ұстаздар және мектеп қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеу арқылы жүзеге асырмақ. Бағдарлама жоспарында оқушылар денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты тренингтер мен семинарлар өткізу, мектеп бағдарламасын және инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарастырылған. Бала денсаулығына ерекше назар беріліп, әрдайым қадағаланып отырады. Бұл мектеп медпункттарымен бірлесіп әрекет ету барысында алынған денсаулық мониторингі арқылы жүзеге асады. «Баламан» бағдарламасының алғашқы мақсаты ақпараттандыру, яғни мектеп оқушыларының денсаулығына байланысты қажетті, пайдалы ақпарат тарату. Түрлі тренингтерден бөлек, қажетті ақпаратты алдағы уақытта balaman.kz сайтынан алуға болады.

Айжан Шакенова