SAUAP тобы балаларға жаңажылдық таңғы ас ұйымдастырды
SAUAP тобы балаларға жаңажылдық таңғы ас ұйымдастырды
Қайырымдылық шараларымен айналысатын SAUAP кәсіпкерлер тобы «Zhas urpaq» дамыту орталығында тәлім алып жатқан даму ерекшелігі бар бүлдіршіндер үшін жаңажылдық мерекелік сый жасады. Қаладағы танымал мейрамханалардың бірінде таңғы ас ұйымдастырып, дастархан жайып, Жаңа жылдарымен құттықтады деп хабарлады turkystan.kz.
Орталық өкілдерінің сөзінше, былайғы уақытта мұндай шараны өткізетін жерді де, сыйлықты да өздері тауып отыратын. Бұл «дәстүрді» биыл алғаш рет SAUAP тобы өзгертіп отыр.
Балалардың қуанышы бір бөлек, кейбірі мұндай мейрамханаға бірінші рет келіп тұр. Екі сағаттан асса да балалар жалыққан жоқ. Сол үшін ұйымдастырушыларға көп рахмет! – дейді «Zhas urpaq» жобасының Астана қаласындағы жетекшісі Жұлдыз Сатимова.
Балаларының осындай шаттыққа кенеліп жатқанына ата-аналары да дән риза. Өйткені, аутизм диагнозына шалдыққан балалар үшін осындай ортаға араласып, көпшіліктің арасында болу олардың әлеуметтік ортаға тезірек бейімделуіне ықпал етеді. Аталған орталыққа бір жарым жылдан бері ұлын әкеліп жүрген Мадина Серікбаева осындай шаралардың арқасында баласының өзге балалармен қарым-қатынасы жақсара бастағанын айтады.