Жүрегі тоқтап қалған әйелдің туыстары жедел жәрдемді айыптады
Жүрегі тоқтап қалған әйелдің туыстары жедел жәрдемді айыптады
Таразда жүрек талмасына шалдыққан әйел жедел жәрдемді жарты сағаттан аса күтіп, кейін жан тапсырған. Туыстары оның өліміне жедел жәрдем қызметін айыптайды. Себебі медицина мамандары хәлі нашарлап көмекке шақырған адамға «ішімдік ішкенсің» деп күдіктеніп, уақтылы келмей қойыпты деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, Людмила Остапенко үйінде жалғыз тұрған. Екі жыл бұрын оның жүрегіне ота жасалған. Марқұмның жақындары ол өзін жақсы сезінетін дейді. Ал қайғылы жағдай күні 46 жастағы әйел инфаркт алып, жедел жәрдем шақырған. Олар орта есеппен жарты сағатқа кешігіп жеткен. Анасы жедел жәрдем уақытында келгенде қызымнан айырылмас едім дейді.
«Бір емес, үш мәрте телефон соққан. Сөйлеуге мұршасы болмай, жүрегі ауыратынын әзер түсіндіріпті. Ал олар: «Сіз массыз ба?» деп, қайта-қайта сұрай берген. Менің қызым өзінің ішімдік ішпегенін түсіндіре алмаған. Содан жедел жәрдем кешігіп жетіп отыр», - дейді Л.Остапенконың анасы Наталья Остапенко.
Марқұмның туыстары бұл шақырту бірінші санатпен есепке алынып, медицина мамандары 15 минутта жетуге тиіс еді дейді. Бірақ олар науқасты «сен массың ба?» деп сұрақтың астына алып уақыт өткізіп алған. Бір емес, үш бірдей диспетчер де осы сұрақты қайталай беріпті.
Әпкесі жедел жәрдем көліктері кейін бірінен соң бірі келе бастағанын айтады. Бірақ ешбірі көмек көрсете алмапты. Сөйтіп, шұғыл түрде кардиологиялық клиникаға алып кеткен. 46 жастағы әйелдің сол жерде жүрегі тоқтаған.
«Хабар түскен уақытта, әр нәрсені сұрай бермей, дереу жетсе, сіңлімді аман алып қалуға болар еді. Біз кінәлілерді қатаң жазаға тартуды талап етеміз. Жауапсыз диспетчерлермен қатар олардың басшылары да жазасыз қалмауға тиіс. Бұл бәріне сабақ болуы керек», - дейді Л.Остапенконың әпкесі Ирина Шаевская.
Ал жедел жәрдем станциясының басшылығы бұл жағдайға қатысты жауап бермей, тек бірінші қоңырауды қабылдаған диспетчердің қызметінен шеттетілгенін мәлімдеген.
«Науқастың өзі телефон соғып тұрғаннан кейін қоңырау екінші санатпен қабылданған. Дегенмен, қазір осы іске қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Диспетчердің кінәсі бар-жоғы соның қорытындысы шыққанда белгілі болады», - дейді Жамбыл облысы жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Гүлзахира Қызқараева.
Марқұмның жақындары бұл істі жай қалдырмаймыз деп отыр. Олар сот арқылы кінәлілерді жазалаумен қатар, қомақты материалдық шығын өндіріп алмақ. Ал өндірілген қаражатты өзге жүрегі ауыратын жандарға беруді ұйғарыпты.