Жаңалықтар

Давос форумы: Көшбасшылықтың белгісі қандай?

ашық дереккөзі

Давос форумы: Көшбасшылықтың белгісі қандай?

Швейцарияның Давос қаласында жыл сайын өтетін Дүниежүзілік экономикалық форум 17-20 қаңтар аралығында өз жұмысын бастады. Биыл форум 47-ші рет ұйымдастырылып отыр. Ал алқалы басқосуға әлемнің 90 елінен 3 мыңдай делегат жиналған. Бір айта кетерлігі, осымен екінші жыл қатарынан форум Германия канцлері Ангела Меркельдің қатысуынсыз өтеді. Оның келе алмауының негізгі себебі – жұмыс кестесінің тығыз болуы. Сондықтан да канцлер өз орнына қаржы және қорғаныс министрлерін жіберіпті. Ал бұл жолы Франция басшысы Франсуа Олландтың атынан министрлік деңгейіндегі өкілдер келді. Әлемдік ақпарат кеңістігінің «жұлдызына» айналған АҚШ президенті Дональд Трамп та маңызды басқосудан құр қалады. Себебі 20 қаңтар күні АҚШ жаңа президентін ұлықтайды. Алайда форумда өзі болмаса да, соңғы кезде мәлімдемелерімен ел аузынан түспей жүрген Трамп туралы әңгіме жиі қозғалатын түрі бар. Ал экономикалық жиынға бір-ақ рет, яғни 2009 жылы ғана қатысқан Ресей президенті В.Путин де бұл жолы төбе көрсетпейді. Сол себептен ресейлік делагацияны бірінші вице-премьер Игорь Шувалов бастап келді. Есесіне, Ұлыбритания президенті Тереза Мэй, Украина президенті Петр Порошенко мен Әзірбайжан президенті Илхам Алиевтің дайындықпен келгені байқалады. Биылғы әлемдік нарықта шикізат бағасын көтеруде айтарлықтай еңбегі сіңген Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалих та көпшілік назарында. Бұлардан бөлек Халықаралық валюта қоры басшысы Кристин Лагард, БҰҰ-ның жаңа бас хатшысы Антониу Гутерриш, Microsoft концернінің негізін қалаушы Билл Гейтс, сондай-ақ Deutsche Bank, Credit Suisse, UBS, Barclays, HSBC, Bank of America қаржы ұйымдары мен Facebook, Alibaba Group, eBay, Wal-Науt, Total секілді ірі кәсіпорындардың жетекшілері қатысуда. Дүниежүзілік экономикалық форумға Қазақстанның да қосары бар. Біздің елдің делегациясын Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мырза бастап барды.  Форум аясында шамамен 300 пленарлық отырыстар мен семинарлар, дөңгелек үстел мен кішігірім жеке кездесулер өтеді. Айтпақшы, былтыр саны жағынан ең көп өкіл АҚШ-тан келсе, биыл қытай делегатының қарасы көп. Білуімізше, форумға қатысатын кәсіпкерлер, компания директорларының әрқайсысы 50 мың АҚШ долларын төлейді. Ал президент дәрежесіндегі танымал тұлғаларға тегін. Қытай басшысы бірнеше күннен бері осында жүр. Аспанасты елінің басшысын Давос сонау 1979 жылдан бері күтіпті. Араға 37 салып Си Цзиньпин форумның беделді қонақтарының ішінен табылды. Ол дүниежүзілік экономикалық форумының табалдырығын аттаған алғашқы Қытай басшысы. Халықаралық ұйым жетекшілері мен белді қоғам қайраткерлерінің басын қосатын форумның шымылдығын ашқан Қытай халық республикасының басшысы Си Цзиньпин күтпеген жерден мәлімдеме жасады. Ол әсіресе, жақында ғана АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамптың «еркін сауданың қолданыстағы ережелерін құрдымға кетіру керек» деген пікіріне өз ойын білдіргендей болды. Мәселен, «жаһандық сауда еркіндігі әлем үшін жаңашылдық алып келді. Ал оған шектеу қою әлемдік экономиканың өсуін тежейді. Сондықтан да сауда соғысында жеңімпаздар болмайды», – деп кесіп айтқан ҚХР басшысы халықаралық қаржы дағдарысына жаһандану себепші еместігін жеткізді. Си Цзиньпиннің Давосқа келуі Қытай мемлекеті үшін маңызды саяси серпін болды. Сондай-ақ Дүниежүзілік банкпен бәсекелесе алатын Азия инвестиция банкінің ашылуы және Қытайдан Еуропаға Таяу Шығыс арқылы кіретін көлік дәлізі – Ұлы Жібек жолының қайта қалпына келтірілуі бүгінгі қытай билігінің экономикалық экспансия жолын таңдағанын көрсетеді. Дәстүрлі Давос форумының басты тақырыбы – «Көшбасшылық: тенденцияларға сәйкес жауапкершілікпен әрекет ету». Бұдан өзге экономикалық даму, тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту, экологиялық, әлеуметтік-экономикалық қауіп-қатерлер де талқылануда. Қиындықтарды жеңу мемлекеттердің ынтымақтастығына байланысты. Тек ымыра мен сенім халықаралық түйткілдердің шешімін табуға түрткі болмақ. Давосқа келген сарапшылардың пайымы осы. Бұл орайда Қытайға жүктелген жаһандық міндеттің жүгі жеңіл емес. Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Шваб: «Болашақта Қытай маңызды мемлекетке айналады. Себебі адамзат бірполярлық әлемнен көпполярлылыққа беттеп келеді. Қытай төрағасы форумға елдің геосаясат пен геоэкономиканы іске асыру мүмкіндіктерін айқындауға келді», – деді. Әрине, Қытайда түйткілдер де бар. Ең негізгісі – әрі қарай экономикалық дамуды қамтамасыз ету. Себебі Пекин әлемдік экономиканы тұрақтандырушы рөлін атқарып жүр.