Жаңалықтар

Қызылорда облысында жаңа ЖЭО салынады – Үкімет басшысы

ашық дереккөзі

Қызылорда облысында жаңа ЖЭО салынады – Үкімет басшысы

Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Әлихан Смайылов 67 МВт электр қуаты мен 341 Гкал/сағ жылу энергиясын өндіретін ЖЭО-да болды деп хабарлады turkystan.kz. Сондай-ақ ол оңтүстік өңірлерді үздіксіз қуат көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жалпы қуаттылығы 240 МВт және 277 Гкал/сағ болатын жаңа жылу электр орталығының құрылыс жобасымен танысты. Шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобаны 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Премьер-министр жұмыс істеп тұрған ЖЭО өткен ғасырдың 60-жылдары салынғандықтан, тозығы жеткенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2025 жылға дейін оңтүстік өңірлерде бу-газ қондырғыларын салу бойынша бірқатар жоба іске асырылады. «Ел экономикасы дамуымен қатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар да көптеп іске қосылуда, сондықтан қосымша энергия көздерін жедел іске қосу қажет. Осы міндеттер аясында Қызылорда облысында жаңа ЖЭО салынады. Бұл жобаны да уақтылы аяқтау керек», — деп атап өтті Әлихан Смайылов. Сондай-ақ Үкімет басшысы Сырдария өзенінің арнасында орналасқан Қызылорда су торабының жұмысымен танысты. Оның негізгі қызметі өзендегі су ағынын реттеу және Қызылорда қаласы, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының аумағында орналасқан 110 мың га суармалы жерді, 250 мың га шабындық жер мен жайылымдарды сумен жабдықтау болып табылады. 2020 жылы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес гидроторапты кешенді қайта құру басталды, оны келесі жылы аяқтау жоспарлануда.