Аграрлық білімнің бәсі неге төмен?

Аграрлық білімнің бәсі неге төмен?

Аграрлық білімнің бәсі неге төмен?
ашық дереккөзі
Ауыл шаруашылығының арқасында экономикасын берік ұстап отырған мемлекеттерді әлі үлгі етіп келеміз. Қазақстанда бұл саланың тым баяу дамуына кім кінәлі? Расында, ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандар бар ма, болса, жеткілікті ме? Аграрлық университеттер ауыл шаруашылығы саласын аяғынан тік тұрғызып, қажетті маман дайындап, оларды дұрыс бағыттау арқылы еліміздің экономикасына айтарлықтай үлес қосуға қауқарлы емес пе? Бірақ аталмыш оқу орындары бұл міндетті қаншалықты атқарып отыр? 

Білім беру базасы ескірген

Екі жыл бұрын республикадағы үш аграрлық университеттің бірі болып, Қазақ ұлттық аграрлық университеті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамына кірген болатын. Демек, ауыл шаруашылығының дамуы мен инновацияларына тікелей атсалысуы тиіс. Өткен жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаттары ауыл шаруашылығы саласының ғалымдарымен кездесіп, ауыл шаруашылығы ғылымдарын дамыту және аграрлық сала үшін мамандар даярлау мәселелерін талқылаған болатын. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников кездесуде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін инновациялық даму жолына көшіру мақсатын алға қойғанын еске салды. С. Плотников саланың болашағы технологиялық жаңғырту және инновацияда екенін, оны енгізу үшін жоғары деңгейде дамыған ғылыми зерттеулеріміз болуы керек екенін де атап өтті. Бұл да университет мойнына жүктелген міндеттердің бірі. Сенатор ұсынған талдау нәтижесіне сенсек, аграрлық білім беру мен ғылым деңгейі жақсартуды қажет етеді. «Ауыл шаруашылығындағы зерттеулер бойынша біз алдыңғы қатардағы әлемдік державалардан елеулі түрде кейін қалдық, көптеген мамандарды және тұтас ғылыми бағыттарды жоғалттық. Қазіргі білім беру базасы қатты ескірді, мамандар жетіспеушілігі сезіледі», – деп атап өтті ол. Білдей бір университет осы іспен айналысып отырғанда, маман жетіспеушілігі туралы сөз қозғаудың орны қисынсыз сияқты. Немесе университет түлектері өз мамандықтары бойынша жұмысқа барудан бас тартады дегенді білдіреді. Қазір егін салып, мал шаруашылығымен айналысып жүргендердің көбі – ауыл шаруашылық мамандары емес, қарапайым ауыл тұрғындары. Олай болса, университетте арнайы білім алған мамандар қайда барады? Жыл сайын 7812 грант не үшін бөлінеді? Білім сапасын қамтамасыз ету тәуелсіз агенттігінің рейтингі бойынша, Алматы қаласындағы техникалық ЖОО арасындағы ең қымбат университеттердің бірі – Аграрлық университет. Жылдық оқу ақысы – 646 мың теңгеден жоғары. Осынша ақымен оқытылатын ауыл шаруашылығы мамандарының сапасы бағасына сай ма?

«Ғылым деңгейі төмен»

Жыл сайын ауыл шаруашылығының 6 факультеті бойынша университетті шамамен мыңға жуық маман тәмамдайды. Бірнеше айлық тәжірибеден өткен, озық технология мен шетелдік тәжірибеден хабары бар мамандардың ауыл шаруашылығынан басын ала қашуына не себеп? Себеп –біреу. Іргесі дұрыс қаланбаған білім, жастарды қызықтыра алмаған ғылым. Осы орайда Астана қаласындағы Аграрлық техникалық университеттің ректоры Ақылбек Күрішбаев баспасөз беттеріне берген сұхбаттарында университеттерде білім мен ғылымның әлсіз екенін мойындайды. «Айқын» газетіне берген сұхбатында : «Біздің де басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы саласының іргетасы саналатын аграрлық ғылымды дамыту. Өкінішке қарай, қазір аграрлық ғылым деңгейі өте төмен» деген еді. Демек, ғылым деңгейі сапасыз. Оның айтуынша, шетелдіктер аграрлық саланы оқытуда қандай қателіктер жіберіп отырғанымызды айтып берсе керек. «Сендер реформаны көп өткізесіңдер және тек қана басқару жүйесін өзгертуге тырысасыңдар. Бұл дұрыс емес. Одан да ғалымдарға тиісті нәтиже шығару үшін жағдай жасау керек, яғни ғылыми зерттеу университетін құруларыңыз керек» депті. Бұл пікірмен тәуелсіз сарапшылар да келіседі. Солтүстік Қазақстан облысында селекционер ғалымдар будандастыруды әлі күнге дейін 1936 жылы ашылған ескі тәсілмен жүргізеді екен. Әрі сұрыптары көз мөлшермен жасалады. Ал шетелде мамандар сортты генетикалық деңгейде, дәл өлшенген тиісті мөлшерде шығарады. Ауылды түлету үшін білікті мамандар дайындау керектігін айта келе, «Аустралияның астықты аймақтарында жауын-шашынның мөлшері бізге қарағанда аз, бірақ бидай өнімі – екі есе жоғары. Өйткені оларда қуаңшылыққа бейімделген сорттар шығаруда. Тағы бір мысал. Канадада бір сиыр жылына орта есеппен 10 мың литр сүт берсе, бізде әрі кеткенде 2900 литрден аспайды. Бұл да ғылымның дамуына байланысты. Осыған орай біз жаңа технологияны енгізіп, қуаңшылыққа, ауа райының құбылмалы жағдайына төзімді жаңа сорттар шығаруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, өндіріске аграрлық ғылымның жетістіктерін енгізгенде ғана, ауыл шаруашылығының тиімділігі артады деп ойлаймын» деген еді Күрішбаев мырза. Өте орынды айтылғанымен, еліміздегі аграрлық университеттер осы мақсатты жүзеге асыруға неге асықпайды? Маман дайындайтын оқытушылардың өз дайындығы қалай? Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ашылғанына 85 жылдан астам уақыт өтті, жылына 6 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп, жыл сайын 1 мыңға жуық маман дайындайды. Алайда соңғы кездері ауыл шаруашылығына енгізілген жаңа технология мен инновация туралы ләм-мим демейді. Бұл сірә, жұмсалған  қаражаттың текке кеткенін білдірсе керек. Бұдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елімізде жасыл экономика тұжырымдамасы қабылданған болатын. Сол кезде Елбасы: «Қазақстанда жасыл энергетика мәселесімен айналысатын арнайы институт құрылуы керек. Уақыт ағымына ілесіп, аяғымыздан нық тұрғымыз келсе, «Самұрық-Қазына», арнайы министрлік «ҚазМұнайГаз», «Атамекен» ҰКП бірігіп, арнайы институт жасақтап, онда мамандарды бір-бірлеп болса да жинай бергені дұрыс. Қазіргі уақытта елімізде осы жаңа энергетика туралы айтарлықтай ойлай алатын 5 пайыздай адам бар. Түсінесіздер ме, мен жасыл экономика туралы айтып отырмын, мұнымен мықтап айналысу керек. Қазақстанда жасыл энергетика туралы ойлай алатын адамдарды бір жерге әлгіндей институтқа жинайық. Қажет болса шетелдерден де шақыртайық, оларға жұмыс жасауға мүмкіндік берейік», – деген еді. Алайда осы бағытта да Аграрлық университеттің арнайы факультеті тұрмақ, кафедрасы да жоқтың қасы екені өкінішті. Университеттің жасыл энергетиканы дамытуға үлес қосатын қауқары бар, атап айтсақ орман және су ресурстары, экология, жер ресурстары, жылу және электр энергетикасы, ауыл шаруашылығын энергетикамен қамтасыз ету бойынша кафедралары мен факультеттері  жыл сайын мемлекеттік грант есебінен маман дайындап отыр. Олай болса, еліміздің өзіне қатысты мәселемен айналыса алмайтын оқу ордалары не бітіріп отыр деген заңды сұрақ туындайды. Қандай маман керек екені айтылды, алайда әлі күнге дейін осы салада мамандарды, оқытушылар мен магис­транттарды жинайтын бір орталықтың ашылмауы қалай?  Биыл жасыл экономика тақырыбына арналған «ЭКСПО-2017» көрмесі өтеді, сонда Қазақстан тарапы жасыл экономикадан не көрсетеді?

Жатақхана жыры

Былтыр студенттер пен оқытушылардың оқуға оралатын уағында, яғни тамыз айында аталмыш университетте жатақхана дауы шыққан еді. Аграрлық университеттің 120 отбасы жатақханадағы бөлмелерінен айырыла жаздады. Оқу жылы басталарда оқытушылар тұратын жатақхана бөлмесінің жалдау ақысы бірден төрт есеге көбейген. Жаңа тариф бойынша төлем жасаудан бас тартқандарды есіктен қайтарса керек. Университет ректораты бір бөлмеге төленетін 20 мың теңге ЖОО үшін шығын екенін айтқан. Университетте 1967 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Түлікбай Әсемқұлов жаңа оқу жылынан бастап әрбір шаршы метр үшін 2733 теңге төлеуі тиіс. Сонда 32 шаршы метр үшін 80 мың теңге төлеуі керек. «Жатақханада тұрғаныма 25 жыл болды. Жатақхана тұрғындарының 80 пайызы осы жердің қызметкерлері. Олай болса, бұл ақшаға жақсы пәтер жалдамаймыз ба? Ондай қаржыны қайдан аламыз? Айлығымыз осыған ғана жетпей ме?», – дейді. Аграрлық университеттің проректоры Әбдікәрім Серікбаев өз жауабын дәлелдерімен бекіте түскен еді. «Білім министрлігінің 2009 жылғы бұйрығы бар. Онда студенттер, ғылым докторлары, профессорлар мен басқа да қызметкерлер жатақханаға стипендиясы мен жалақысының 15 пайызын төлеуі тиіс делінген. Бұл шамамен 2050 теңге. Сонымен қатар 21 ақпаннан бастап университет коммерциялық емес акционерлік қоғам болды. Шығындарды жабу керек», – деп шегеледі. Тауы шағылған университет қызметкерлері бір бөлмелі жатақханаға 80 мың төлегенше, осы ақшаға екі бөлмелі пәтер жалдау тиімді дейді. Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың мәлімдеуінше, бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық университетіне – 1000 орын ауадай қажет. Университет меншігінде 7 жатақхана бар, оның 3-еуі оқытушыларға, 4-еуі студенттерге арналған.

Заңсыз жалға берген

2014 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті мемлекет мүлкі болып саналатын өз аумағын заңсыз жалға беріп келгенін Алматы қалалық прокуратурасы мәлімдеген еді.  «Университеттің аумағында жалпы ауданы 1646,6 шаршы метр болатын қоғамдық тамақтану орны анықталды, ол республикалық бюджетке қаржы аудармастан орынды заңсыз жалға алған. Бұл нысанның қызмет етуінен 2011 жылдың 11 қаңтарынан 2012 жылдың 21 желтоқсанына дейінгі аралықта республика қазынасына 21 млн 556 мың 329 теңге аударылмаған», – делінген прокуратураның хабарламасында. Прокурорлар Алматы қалалық мемлекеттік мүлік және жекеше­лендіру департаментіне ұсыныс жасап, соның нәтижесінде аталған сома мемлекеттің пайдасына өндірілді. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мүліктік кешенінен аумақты заңсыз иеленіп отырған басқа да нысандар анықталды. Қадағалау органы өкілдерінің мәліметінше, университет өз аумағын зертханаларға, компьютер сыныптары мен спорт үйірмелеріне, асханалар мен жатақханаларға және кітапханаларға заңсыз жалға беріп келген. Жалпы, өзгеге үлгі болуы тиіс ұлттық университеттердің өзіне жүктелген міндетті естен шығарып алатыны өкінішті. Маман дайындап, ғылымға жаңалық енгізіп, ең құрығанда бір ғасыр бұрынғы әдісті қолданатын диқандарға ғылымның жетістіктерін үйрете алатын мамандарды қашан дайындаймыз? Экономиканың даму кілті – ауыл шаруашылығы ескі әдіске сүйеніп, әрең жүрсе, даму туралы не айтамыз? Ауыл шаруашылығындағы инновация мен даму кілті ғылым мен білікті маманға тәуелді екені ақиқат. Олай болса, 85 жылдан бері қазақтың қара домалақ балалары көптеп білім алып келген оқу ордасында  бұдан былай да ауыл шаруашылығының білікті мамандары қаулап өсіп шығарына шәк келтірмейміз.  Лайым солай болғай!