Жаңалықтар

Мұнай өндіруші компаниялар Мемлекет басшысынан көмек сұрады

ашық дереккөзі

Мұнай өндіруші компаниялар Мемлекет басшысынан көмек сұрады

«AMANAT» партиясы жанындағы Мұнай-газ саласы комитетінің жиынында дизель отынымен және газбен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды. Жиын барысында мұнай өндіруші компаниялардың өкілдері Энергетика министрлігінің жаңа ұсыныстарына қатысты күмәнін жеткізді. «Энергетика министрлігінің барлық компанияны өндірілген мұнайды ішкі нарыққа «ҚазМұнайГаз және «PETROSUN» арқылы жеткізуді міндеттеу бастамасы бізді алаңдатуда. Барлық мұнай өндіруші компаниялар бұған қатысты қарсылығын білдірді.  Біз Президенттің атына хат дайындадық. Осы түзетулер қабылданып кетуі мүмкін, біздің пікірімізге құлақ асса екен дейміз», – деді коммерциялық компанияның өкілі Әділқожа Оспанов. Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов бұл бастама «ҚазМұнайГаз» және «PETROSUN» компанияларының әлеуметтік отын жеткізу бойынша қосымша жүктеме алғандығымен байланысты екенін айтты. «Бүгінде ҚМГ мен «PETROSUN» өндірістің 80%-ы тиесілі, оларда бір тонна мұнай бағасы басқа компаниялармен салыстарғанда 40-50 мың теңгеге төмен. Себебі олар әлеуметтік мазут және аграрларға жеңілдікпен жанар-жағармай жеткізеді. Олардың бағасы тоннасына 230 мың теңге, ал бұл нарықтық бағасы тоннасына 450 мың теңге болатын шағын фирмаларға тиімсіз. Жақын арада біз барлық мүдделі тараппен талқылау ұйымдастырамыз», - деді вице-министр. «Көктем мен күзде дизель тапшылығы пайда болады. Алқаптағы жұмыстар, орақ науқаны басталған тұста дизель отыны табылмай қалады. Шаруалар үшін жеңілдетілген баға қарастырылғаны белгілі. Осындай механизмді өзге саланың еңбеккерлері үшін де қарастыру қажет. Мәселен, металлургия саласына назар аударған жөн. Ең бастысы, тапшылықты болдырмау керек», – деді Ғалым Әміреев.